Экономика

Электр жабдықтарын жаңарту – заман талабы

Электр жабдықтарын жаңарту – заман талабы

Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып табылады» деп ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек» деген міндет қойды. Еліміздің экономикасы қарыштап дамып, әлеуметтік және өндірістік нысандардың көптеп салынуына байланысты электр қуатына сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. Тұтынушыларды қажетті энергиямен қамтамасыз ету мақсатында «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі елеулі шараларды қолға алып, жүзеге асыруда. Серіктестік облыс аумағында тұтынушыларға электр қуатын жеткізеді әрі таратады. Электр жабдықтарын жаңартумен шұғылданады. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС үстіміздегі жылдың он айында 1169,4 миллион киловатт/сағат электр энергиясын қабылдап, тұтынушыларға 982,6 миллион киловатт/сағат қуат жеткізіп берді. Тарату кезіндегі шығын 15,77 пайызды құрады. Бұл – өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 0,87 пайызға төмен.Облыс аумағында электр желілерін тарту өткен ғасырдың 60-шы жылдардың басында басталғаны белгілі. Қазір олардың дені ескіріп, тозып, пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Соңғы кезде оларды қайта жарақтандыру және жаңарту жоспарға сәйкес жүйелі жүргізілуде. Мамандарымыз электр желілері мен жабдықтарын күзгі, қысқы кезеңге сапалы дайындық сатына қоюға күш салуда. Биыл серіктестік республикада облыстар арасында дайындық паспортын екінші болып алды. Осы мерзімде кернеуі барлық деңгейдегі 1610 шақырым электр тарату желілері және 345 қосалқы стансалардың трансформаторы күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ 7423 километр электр тарату желілері мен 1312 қосалқы стансалардың трансформаторының жабдықтары ағымды жөндеумен қамтылды. Оларды жөндеу жұмыстарына 493 миллион теңге жұмсалды. «Шу-110» қосалқы стансасын қайта жарақтандыру толық аяқталды. Осындай жұмыстар Сарысу ауданындағы «Шахан», Шудағы «Тасөткел» және «Новотройское», Мойынқұмдағы «Ақсүйек», Жуалыдағы «Шақпақ ата» қосалқы стансаларында атқарылды. Қазір қайта жарақтандыру жұмыстары Қордай ауданындағы «Георгиевка» және Благовещенка» қосалқы стансаларында жүргізілуде. Кәсіпорын мамандары бұған қоса облыс орталығында да көптеген әуе электр желілері мен қосалқы стансалардың трансформаторларының жабдықтарын жаңартуда. Биыл 6-10 кВ және 35-10 кВ кернеулі 177 трансформатор күрделі жөндеумен қамтылды. Мамандарымыз электр қуатын үзіліссіз беру және апатты жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүйелі жүргізеді. Ескірген, тозығы жеткен бағаналар мен әуе желілері белгіленген кестеге сәйкес жаңартылады. Биыл Тараз қалалық электр жүйесі және аудандық электр тарату жүйелерінде жөндеу науқаны кезінде 587 әуе желісінің тіреуі, 777 темір-бетон тіреу және 81,7 километр сым ауыстырылды. Осындай жүйелі жаңартудың нәтижесінде облыс аумағында электр қуатын жеткізетін жалаңаш сымдар мен ағаш бағаналар азайып келеді. Олардың орнына қауіпсіз, сырты қапталған сымтемірлер мен бетон тіреулер орнатылуда. Биыл осындай жұмыстар Қаратау қаласында, Жуалы ауданындағы Алатау, Қайрат, Көлбастау және аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылдарында жүзеге асырылды. Облыс аумағында жылдың біраз мезгілдерінде кейде алапат дауылдар мен қатты боран болып тұрады. Мұндай кезде электр желілеріне зақым келіп, істен шығады. Тұтынушыларымызды электр қуатымен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін ірі мекемелерде ондай орындарға шұғыл аттанатын және қалпына келтіретін бригадалар жасақталған. Олар барлық құрылымдық мекемелерде тәулік бойы жұмыс істейді. Автокөлікпен, радио байланыспен қамтамасыз етілген. Үзілген, істен шыққан желілерді ауыстыратын жеткілікті құрал-жабдықтары бар. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС жөндеу жұмыстарымен бірге инвестициялық бағдарламалар бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл мақсатқа биыл 813,2 миллион теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы инвестициялық қаржы негізінен қосалқы стансалар мен трансформаторларға жаңа жабдықтар сатып алуға бағытталды. Сонымен қатар элегаздық трансформаторлар, элегаздық және ваккумдық қосып, айырғыштар сатып алынды. Ескірген жабдықтарды жаңасымен алмастыру электр қуатының шығынын азайтып, тұтынушыларды онымен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Машина паркімізді де жаңалауға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 25 тонна жүк көтере алатын 1 автокран, 2 «Нива» автомашинасын, 5 «УАЗ-3909» және «Лада-Веста» автокөліктерін сатып алдық. Жанар жағармайға жұмсалатын шығынды азайту мақсатында барлық автомобильдерге газ баллондары орнатылды. Диспетчерлік орталықтар жаңа радио байланыс құралдарымен жаңартылды. Кәсіпорын қызметіндегі маңызды бағыттың бірі – мамандарымыздың қауіпсіз жұмыс істеуіне жағдай жасау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Құрылымдарымызда осы мақсатқа биыл да біраз қаржы қаралды. Айтулы мерекелерде жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген білікті мамандарымыз ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталады. Олар кәсіподақ ұйымы арқылы шипажайларда демалып, денсаулықтарын түзетеді. Облысымызда мекемеде ұзақ жылдар жемісті жұмыс істеп, зейнетке шыққан азаматтар да аз емес. Олар облыс орталығында және аудандарда бұл саланың өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Солардың қатарында Орынбасар Еспенбетов, Әбдәзім Қасымбеков, Геннадий Сухов, Есбөкен Көлбаев, Сайлаубек Нұрмағанбетов, Рысбек Жүнісбеков, Зада Әбдікерімова, Марина Вавилина, Марат Әлімбетов, сондай-ақ Нұрбек Маханов, Юрий Ким, Серік Дәниев, Олжабай Болжанов, Леонид Богданов, Құрал Омаров және Виктор Захаров сияқты ардагерлеріміздің есімдері ерекше құрметке лайық. Олар Қазақстан Республикасының көптеген мемлекеттік наградаларымен марапатталған. Олардың бірқатарының есімдері желілік қосалқы стансаларға берілген. Қазір бірнеше қосалқы стансалар «Орынбасар», «Әбдезім», «Зада», «Рысбек», «Марат», «Марина» және «Сайлаубек» деп аталады. Бізді келесі жылы да ауқымды да күрделі жұмыстар күтіп тұр. Белгіленген жоспарға сәйкес облыс аумағында электр жабдықтарын жаңарту және қайта жарақтандыру жемісті жалғасын табады. Өнертапқыштық жаңалықтар көптеп енгізіледі. Электр қуатын жеткізу және тарату кезінде өндірістік шығындарды барынша азайтуға күш салынады. Мамандарымыздың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мұның өзі біздің келешектегі белгіленген тапсырмаларымызды мүлтіксіз орындауға игі әсерін тигізеді. Облысымыздың 80 жылдық тойымен тұспа-тұс келген кәсіби мерекемізбен әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймын. Олардың отбастарына амандық, зор денсаулық, мол табыс пен игілік тілеймін.

Әлихан ЖАРБОЛОВ, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС бас директоры.