Шаруаларымыз ширап, өндірісіміз өркендеп келеді
Шаруаларымыз ширап, өндірісіміз өркендеп келеді
Шу – облыс орталығынан шалғай орналасқанымен, өңіріміздегі зор әлеуетке ие аудандардың бірі екені сөзсіз. Сондықтан болса керек, мұндағы қым-қуыт тірлік ешқашан толастаған емес. Облысымыздың 80 жылдығы қарсаңында аудандағы тіршілік тіпті қыза түскен. Мұндағы құнарлы жер ауыл шаруашылығы саласының өніміне қолайлы болғандықтан, ауданға қарасты елді мекендердің дені егін егумен айналысады. Ауыл-ауылдағы диқандар қауымының егін егуге деген ықыластарының арқасында аймақтағы ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіші де жыл санап артып келеді. Мәселен, дәл осы сала бойынша осы жылдың 9 айында жалпы құны 40 миллиард 2 миллион теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығының өнімі 26 миллиард 304 миллион, мал шаруашылығы өнімі 13 миллиард 558 миллион теңгені құрап отыр. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, жалпы жоспар 116,8 пайызға орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 5 миллиард 765 миллион теңге артық түскен. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда 15 кооператив құрылуы тиіс болатын. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде Ақсу, Төле би және Өндіріс ауылдық округтерінде сүт бағытында – 3, Ескі Шу, Көкқайнар, Бірлікүстем, Тасөткел және Қорағаты ауылдық округтерінде ет бағытында – 5, Бірлік ауылдық округінде егін шаруашылығы бойынша 1 кооператив құрылды. Инвесторлар табылмаса, ол ауданның дамуы да бәсеңдей беретіні белгілі. Бұл ретте облысымыздағы ең үлкен ауданның бірі – Шу ауданының экономикалық жағдайына қызығушылық танытып отырған инвесторлардың аз емес екендігін айта кету керек. Нақтырақ айтсақ, ауданға инвестиция тарту бағытында еліміздің индустриалды-инновациялық дамуының 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес биыл бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асырдық. Олардың қатарында «M-KAT-GREEN» мен «Qyzylsha» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды бірқатар жобалар бар. Қазіргі кезде аталған екі жоба да сәтті жұмыс істеп келеді. Тұтастай алғанда, үстіміздегі жылдың 9 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард 598 миллион теңгені құрады. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 20 миллиард теңгеге де жетпеген болатын. Нақты ақпаратқа сүйенер болсам, былтырғы жылмен салыстырғанда инвестиция көлемі 16 миллиард 679 миллион теңгеге артық орындалып отыр. Осылайша жыл өткен сайын дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқан ауданымызда орындалуы тиіс жұмыстар жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Қоғамға қажетті барлық сала жанданып, соны серпінге ие болуда. Жалпы, қай саланың болмасын, дамудың тетігіне айналған қандай да бір өзегі болады. Ал біздің аудандағы дамудың даңғыл жолы деп кәсіпкерлікті айтуға толық негіз бар. Кейінгі жылдары дәл осы шағын және орта кәсіпкерлік салаларының арқасында экономиканың серпінді дамып келе жатқаны белгілі. Тиісінше, шағын кәсіпкерліктің саны да артып келеді. Өсім соншалықты жоғары болған сайын, оған деген сұраныс та жоғары болатыны сөзсіз. Оның жалпы ішкі өнімде де өзіндік үлесі бар. Әлеуметтің әлеуеттік белсенділігін, тұрғындардың іскерлігін арттыру арқылы ғана экономиканың дамыған өркениетіне ілесуге болады. Мәселен, бүгінгі таңда аудан бойынша 7775 кәсіпкерлік нысан тіркелген болса, онда қазір 10 мыңнан аса тұрғын тұрақты жұмыс істеуде. Ал биылғы 9 айдың ішінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандар бойынша өндірілген өнім көлемі 20 миллиард теңгеден асып отыр. Осының өзі аудан бойынша жалпы шығарылған өнім көлемінің 26 пайызын құрайтынын айта кету керек. Сонымен қатар кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері бойынша осы 9 айда 5821 адамға 4 миллиард теңгеге жуық несие берілген. Оның ішінде «Микрокредиттік ұйым-Шу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 71 адамға 129 миллион теңге бөлінсе, дәл осы серіктестіктің Тараз қаласындағы филиалының Шудағы бөлімшесі арқылы 5700 адамға 3 миллиард 82 миллион және «Шу несие серіктестігі» тарапынан аудандағы 50 шаруа қожалыққа 396 миллион теңге несие берілді. Соңғы жылдары шалғайдағы ауылдарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің артқанын да айтпаса болмас. Осыған байланысты «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы биыл да өз жалғасын тапты. Шынын айту керек, аталмыш бағдарламаға енген ауылдық округтерде үлкен бетбұрыс жасалып, кескін-келбеті сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастады. Оны Шу ауданының орталығы Төле би ауылында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардан да аңғаруға болады. Мәселен, жиырма мыңнан аса тұрғыны бар Төле би ауылына «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2 миллиард 2 миллион теңге қаржы бөлінсе, оның 1 миллиардтан аса қаржысы ағымдағы жылы игерілмек. Айта кету керек, биыл игерілетін қаржының 1 миллиард 263 миллион 979 мың теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп, қалған 154 миллион 710 мың теңгесі облыс қазынасынан қарастырылып отыр. Жасыратыны жоқ, ауылды жердегі түйткілдердің бірі – көшелердің жарықпен қамтамасыз етілмеуі. Енді төлебиліктер бұдан былай бұл мәселеге бас қатырмайды. Жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде көшені жарықтандыру мәселесі түбегейлі шешілмек. Бөлінген қаржы осындағы халық игілігі үшін жұмсалуда. Дәлірек айтсам, бұл ақшаға 20,6 шақырымды құрайтын 11 көшені жарықтандыру, ұзындығы 22,4 шақырым болатын 24 көшенің жолдарын орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ауылдағы келесі басым бағыттардың бірі – білім саласы екені сөзсіз. Өйткені шалғайдағы өскелең ұрпақтың саналы болуы – білім саласының өркендеуімен астасып жатыр. Сондықтан да ауыл жастарының қамсыз білім алуы үшін білім беру ошақтарының кем-кетігі түзетілуі керек. Аталған жоба аясында бұл бағыттағы жұмыстар да жолға қойылып, нақты шаралар қолға алынған. Мысалы, дәл осы ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектебі мен Техникалық шығармашылық орталығының ғимаратын және «Әсем» балабақшасының шатырын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, биыл Шу қаласында орналасқан «Тоғай» ықшам ауданында 300 орындық мектеп соғылып, оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілді. Әрине, рухани қазығымыз саналатын аудандағы мәдениет саласы да біздің назарымыздан ешқашан тыс қалған емес. Ауылдықтардың рухани ордасы саналатын аудандық орталықтандырылған кітапхана мен Мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Биылдан бастап аудан орталығында үш бірдей алып нысан бой көтермек. Оның алғашқысы – жобалық құны 550 миллион теңгені құрайтын «Салтанат сарайы» болса, екіншісі – жалпы сметалық құны 295 миллион 304 мың теңге болатын әмбебап залы бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Сондай-ақ ауылдағы орталық аудандық аурухана маңынан емхана бой көтеруде. Ол үшін 304 миллион 388 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр. Ел игіліне бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы барлық саланы қамтиды. Сондықтан жоғарыда аталған нысандардың барлығы осы жоба аясында бой көтеретін болады. Негізінен, аудандағы өзге де салаларда алға ілгерілеушілік байқалады. Күрежолдың жанында, темір жолдың бойында, Шу өзенінің жағасында қоныстанған киелі Шу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың легі аз емес. Сайып келгенде, аудандағы жемісті тірліктердің бәрі де өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінің артуына үлес қосатыны белгілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан толастамайды. Жарылқасын АЙТАҚОВ, Шу ауданының әкімі.