Маман тапшылығы 2017 жылдан бастап шешімін табады деп күтілуде
Маман тапшылығы 2017 жылдан бастап шешімін табады деп күтілуде
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірімізде маман тапшылығы әлі де өткір күйінде қалып отыр. Жыл сайын басқарма тарапынан медициналық оқу орындарын тәмамдаған жамбылдық жастарды жұмысқа тарту жұмыстары жүргізілсе де, дәрігерге деген сұраныс толық қанағаттандырылмауда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұловтың айтуынша, салада 2669 дәрігер, 9529 орта буынды медицина қызметкерлері еңбек етуде.
«Облыс әкімдігінің қолдауымен ұзақмерзімді бағдарлама қабылданып, жоғары медициналық оқу орындарымен келісім-шарт жасалынған. Соның аясында жыл сайын отыз мектеп бітіруші С. Асфендияров атындағы ұлттық медицина университетінде грант негізінде оқуға жіберіледі. Түлектер оқу бітірген соң өңірге оралып, еңбек етуі тиіс. 2017 жылдан бастап өңірімізге жас мамандар легі келе бастайды. Сөйтіп, бірте-бірте бұл мәселе аймақта тұрақты шешімін табады деген сенімдеміз. Бірақ, бір айта кететіні, қазіргі кезде маман тапшылығы тек ауылдық жерлерде ғана туындап отырған жоқ. Тараз қаласының өзінде сұраныс жоғары. Бүгінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында елді мекендердегі емдеу мекемелеріне жас дәрігерлерді тартуға болады. Өйткені, оларға бағдарлама аясында әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Үй алу үшін жеңілдікпен несие беріледі. Ал қалада ондай жеңілдіктер қарастырылмаған. Осындай жағдайларды ескере келе министрлікке ұсыныс беріліп, тиісті жұмыстар атқарылуда», – деді Марат Сейітбекұлы облыстық баспасөз орталығында өткен жиында. Баспасөз мәслихатында облыстың денсаулық сақтау саласындағы Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың іс жүзінде қалай көрініс тауып жатқаны сөз болды. Мәліметке сүйенсек, өткен жылмен салыстырғанда есепті мерзімде бірқатар сырқаттардың аурушаңдық көрсеткіші едәуір төмендеген. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 28 дәрігер Ресейдің Қазан қаласына біліктілікті арттыру курстарына оқуға жіберіліпті. Олардың арасында аудан мамандары да бар. Бұл ауылдық жерлерде жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шеккендерге дер кезінде бастапқы медициналық көмектің дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету үшін қолға алынған шара екен.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».