- Advertisement -

Жүрегі жұртым деп соққан жан еді

283

- Advertisement -

Облыстың 80 жылдық мерейлі мерекесі аясында «Aq jol» газетінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына айрықша үлес қосқан атпал азаматтар жайлы көптеген мақалалардың жариялануы құптарлық жайт. Өйткені мұның барлығы облысымыздың өткен тарихы, ең бастысы, бүгінгі күннің жарасымды жалғасы.Қазақ әдебиетінің алыбы Әбіш Кекілбаев «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген еді. Барды бағалай білу – біздің міндетіміз. Осы орайда айтулы азаматтардың есімін естен шығармаған жөн деп білемін. 

Мен біраз жыл Сарысу ауданының әкімі қызметінде жүріп, сол өңір тұрғындарының риясыз пейіліне тәнті болған едім. Киелі өңірден шыққан Айтбай Назарбеков, Ұзақбай Сыздықбаев, Жатай Жұмаділов, Хамит Шоқалақов, Асанәлі Әшімов, Амангелді Сембин, Кәрібай Ахметбеков, Болат Сембин, Әбдеш Қалмұрзаев сияқты өз орны бар азаматтармен қатар Сейфулла Сәкенұлы Қожахановты елдің қадірлеуі заңдылық еді.
Аталған азаматтардың бірқатарымен қызметтес болдым, осы аяулы ағаларымыздың әрқайсысы таудай тұлға болатын. Олардың бойынан тектіліктің табы байқалатын. Ал сол елдің тумасы Сейфулла Сәкенұлы ауыл мектебінен білім алды. Сәкең өзі армандаған Алматыдағы қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының инженер механиктерді даярлайтын факультетін 1956 жылы бітіріп, еңбек жолын туған жері Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында қатардағы инженер ретінде бастады. 1963-1964 жылдары Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері қызметінде болды.
Жүйрікті тай кезінен танитын қазақ халқының бітімі бөлек азаматы Сейфулла Сәкенұлы елі мен жұртына адал еңбек етудің үлгісі мен іскерлік қасиеттің өнегесін көрсеткен жан еді. Бар ықыласы мен көңілі елге жақсылық жасауға, қамқор, қорған болуға, қолдау көрсетуге ауған тұлға еді.
Іскер маман көп уақыт өтпей облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылық бөлімінде қатардағы нұсқаушы, кейін бөлім меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ол кезде облысымыз республика көлемінде аграрлы облыстардың бірі саналатын. Ал аграрлы облыста ауыл шаруашылығы бөлімін басқарған азаматтың жазбайтын қағазы, араласпайтын жұмысы жоққа тән. Сейфулла Сәкенұлымен бірге сол жылдары ауыл шаруашылық бөлімінде өмір көрген, тәжірибелі, білімді, парасатты азаматтар Анатолий Шупта, Берікшал Имашев, Нарейім Сейдуалиев, Владимир Синельников, Серік Ахметов сынды қатарлас, қызметтес азаматтар болды. Бұл азаматтар Сәкеңнің тәрбиесі мен өнегесін алып, уақыт өте келе облыс, аудан көлемінде көп жылдар әр саланың бірінші басшылары болып халықтың игілігіне еңбек етті. Сәкең аталған қызметтерді атқара жүріп, үлкен өмір мектебінен өткен тұлға болып қалыптасты. Осындай орайы келген тұста облыс басшысы Сәкеңді Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші басшылығына лайық деп тауып, аудандық партия комитетінің Пленумында Сәкең бірауыздан сайланады.
С.Қожаханов ауданға қызмет бабымен ауысардан аз ғана уақыт бұрын аудан орталығы Жамбыл қаласының аумағынан шығарылып, Аса кеңшарының орталық елді мекеніне көшкен болатын. Жаңа жерде мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй тұрғызу, мектеп, мекемелерге ғимараттар салу жұмыстары қат-қабат келген тұс болатын. Сейфулла Сәкенұлы Жамбыл ауданын басқарған сол жылдары аудан экономикасы мен мәдениеті өрлеп, облыста алдыңғы қатарға көтерілді. Жаңалықты жатырқамайтын, реті келсе озық тәжірибе тарату мақсатындағы көптеген семинарлардың осы ауданда өтуі тұрақтылыққа айналды. Қожахановың елдің ойынан шыққан жақсы бастамасы, ол «Қызыл Октябрь» кеңшарының суармалы егістік жерлерін сумен толық қамтамасыз ету үшін майда су көздерін жинайтын көл-тоғанды жасағаны. Ел-жұрт аталған жасанды тоғанды «Сұлукөл» деп атап, бір жағы демалыс орнына айналғанына қуанышты еді. «Қызыл Октябрь» жеке су көзін иемденген соң, басқа кеншарларға бөлінетін су көлемі ұлғайғаны сол іскерліктің белгісі емес пе?!
Облыстық партия комитетінде қызмет еткен жылдары жомарт азамат Мәскеуден көптеген дос-жарандар тапқан екен. Достарының қолдауымен ауданның бірінші басшысы болып істеген 3 жылда кеңшар орталығын бейнелі аудан орталығына айналдырды. Бұл тындырымды жаңашыл, іскер адамның қолынан келетін тірлік еді. «Елді алға бастау үшін ең ауыр жұмысқа ақылды, алғыр, сабырлы, салмақты, ұйымдастыру қабілеті жоғары адамды жегу керек» деген екен ертедегі ғұламалар. Тәжірибесі мол Сәкеңе ауыл шаруашылығы басқармасына керексің деген соң орынбасарлық қызметке ауысып келді.
Өткен ғасырдың 90 жылдарының басында Қазақстанның жайылымдық алқаптарына түсетін табиғи-техногендік жүктемелік шамасы өте көп болды. Сол жылдары республика бойынша қой саны 33,5 миллион басқа, ал Жамбыл облысында 3,6 миллион (3631 мың) басқа жеткен. Облысымыздың Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарының жаз жайлауы Арқаның қоңыр салқын желімен ақселеуі тербелген кең даласы еді. Бірақ сол малға жайлы өңірге көктем шыға жетудің азабы аз емес-тін. 370-380 шақырым аралыққа қой малы асықпай жайылып көшкенде 14-15 күнде жететін.
Кеңестік дәуірде еліміздің өркендеп өсуінің көрсеткіші ретінде халық шаруашылығында барлық сала бойынша бесжылдық жоспар бекітілетін. Мәскеуде бекітілген жоспарлы цифрлар республикаға, облысқа, ауданға бөлініп тағы да нақтылана түсетін. Сол кезеңнің бір штрихы жақсы өндірістік жетістіктерге жеткен аудандардың, шаруашылықтардың еңбеккерлеріне кеңестік наградалар мен марапат шексіз еді. Ең қызығы алған наградаларға мәз болып жүрген тұста, сол аудандарға қол жеткізген межеге қосымша тағы қосып, жоспарлы цифрларын тайға таңба басқандай көбейтіп, өсіріп жасалынатын. Соның бір нақтылығы облысымызда қант қызылшасының егістік көлемі, өндіру мөлшерінің ұлғайғаны. 1980 жылы қант қызылшасының егістік көлемі 36 мың гектар болып жоспарланды және мемлекетке 1 миллион 20 мың тонна тәтті түбірді өткізу міндеттелді. Бізде тағы социалистік міндеттеме деген ұранымыз қатар жүретін, ұрандатып 1 миллион 200 мың тонна қант қызылшасын мемлекетке өткіземіз деп облыстық партия-шаруашылық жиналысында шешім қабылдадық. Суармалы жердің көлемі белгілі, сондықтан жоспардағы қант қызылшасының көлемін орындаймыз деп ауыспалы егіншіліктің жүйелі орналастыру тәртібі бұзылды. Ғылыми тілмен айтқанда қант қызылшасын өсіру амалсыздан монодақыл болатын болды. Ауыспалы егістік жүйесі бойынша жоңышқалықтан соң қант қызылшасын екі жыл қатарынан егуге болады. Осы ғылыми негіздегі тәртіп бұзылды, аяғы қант қызылшасы плантацияларында әртүрлі өсімдік аурулары көбейе бастады. Осыған дейін республика бойынша тағы да қайта құрылу болып, біздің облысымыздағы бес басқарма біріктіріліп, «Облагропромснаб» бірлестігі (комитет) болып ұйымдастырылған. Бірлестік бастығы болып іскерлігін ел білетін Сейфулла Сәкенұлы тағайындалды.
Республикада шешілмейтінін білген соң қант қызылшасы мәселесімен Сейфулла Сәкенұлы Мәскеуге баруды, Одақ басшыларының алдында өзекті мәселені шешуді өзінің қолына алды. Сәкең сол жолы КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Мемлекеттік Жоспарлау комитетінінің басшысы Социалистік Еңбек Ері, Лениндік сыйлықтың иегері, айтулы мемлекет және қоғам қайраткері Николай Байбаковтың қабылдауында болады. Ең маңыздысы Сәкең сол жолы облысымыздағы қант қызылшасын өсіру жоспарын төмендетіп беруді Одақта келісіп келеді.
Бұл жерде цифрларға сүйенуді жөн көріп отырмын. Егер 1980 жылы егістік көлемі 36 мың гектар болса, 1990 жылы 23,2 мың гектар болатын. Осы цифрлардан облысымызға қант қызылшасын өсіруде аз да болса жеңілдік жасалғанын көруге болады. Сәкеңнің батылдығы, жүректілігі ғой. Обкомның бірінші басшылары араласып, шешуге күш салатын кезде Сәкең маңызды мәселені өзі шешті. Жоспар мәселесі ойдағыдай шешілгенімен ескі жердің тозғаны, әртүрлі вирустық, бактериялық аурулардан тазалану керек болды. Қант қызылшасының өнімділігін өсіру үшін жаңа егістік жерлерге орналастыру жолдары ойластырылды. Ең қолайлысы – тәлімді жерлерде ұңғылап қазып жаңа суармалы егістік жер ретінде игеруді бастау. Айтуға оңай, ал шынына келгенде бір сызықта қазылған скважиналарды бетон астаулармен қосып шығу көп қаржыны әрі уақытты қажет етеді. Осындай нысандарды іске қосуда қаржы жетіспеген тұста, Сәкең Мәскеудегі жоғары мекеме басшыларына шығып қосымша атаулы қаржы бөлдіріп алушы еді.
Сәкең бесжылдық жоспарлардың орындалуы бойынша біздің облысымыздан жоғары мемлекеттік наградаға ұсынылған еңбекшілердің құжаттарымен Мәскеуде айлап жатып, керек жерінде дәлелдеп, қорғап тізімге ілінген азаматтардың еңбектерінің жемісті бағалануына бар күшін, қадірін аямай салатұғын.
Көп уақытқа созылмай «Облагропромснаб» қайтадан бұрынғы басқармаларға бөлініп, Сәкең облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігі басшылығын өзі қалап алды. Ауыл шаруашылығында аталған мекемесіз тіршілік жоқ, осы саланың барлық керекті автокөлік, техника, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етілуі солардың құзырында болатын.
Сейфулла Сәкенұлы басшы болып барысымен ауыл шаруашылығындағы пайдаланып жүрген техникалардың қосалқы бөлшектері 100 пайыз болмаса да, сұранысқа байланысты жеткілікті мөлшерде табылып тұрды. Ол кісінің сөздік қорында жоқ деген сөз болмайтын.
Біздің облысымыздағы үлкен бір шешілмеген мәселе – құрылысқа аса керек ағаш тек сырттан тасымалданатыны. «Облагропромснабты» басқарған жылдары Сәкең Ресейдің Красноярск өлкесінің басшылығымен тіл табысып, ортақ шешім шығартып, ормандарынан облысымызға ағаш кесіп, дайындату үшін «Богучан» елді мекенінен орман алқабы бекітілді. Керекті техниканың барлығы өзімізден бөлініп жеткізілді. Жұмысшы тобы жергілікті жерден ұйымдастырылған еді. Аталған мәселе шешілген соң облыстың тек қана ауыл шаруашылығындағы құрылыс жұмыстары ғана емес, басқа да салаға қомақты көмек беріле бастағаны есімізде.
Ол кісі еліне адал қызмет жасаудың үлгісі мен азаматтық қасиеттің өнегесін көрсеткен жан деп білемін. Оның Сейфулла деген есімі ел аузында өзінен алты көш алда озық жүретұғын. Халқымыздың «жақсының аты өзінен озық жүреді» деген сөзі текке айтылмаған. Өйткені Сәкең өз заманында шынайылығымен, іскерлігімен шын мәнінде алда жүретін көшбасшы бола білді. Дана халқымыздың «Бәрін айт та, бәрін айт» дегеніндей, жақсы адамдар өмірге өздерін сағындыру үшін келеді. Ендеше, Сейфулла Сәкенұлы өз қоғамының нағыз азаматы болған! Ойы сергек, тірлігі нық Секеңнің сөзі алтынмен қаптаған қорғасындай салмақты еді. Жалпы, Секеңе мақтану, даңғаза тірлік, дабыра мінез мүлдем жат еді. Керісінше оның кісі сөзін жерге тастамайтын мәрттігі әлдеқайда басым болатын. Денесі қандай кең болса, жүрегі де, құшағы да, сондай кең еді. Ал мырзалығы мен жомарттығы шексіз. Сондықтан бұл өмірде жақсылардың жанында жүрудің өзі бір береке, нәсібе деуге болар. Олардың аталы сөздерін тыңдап, ақыл-парасатына риза болып, болмасаң да ұқсап бағу – бір ғанибет. Сәкең сол санатта еді.
Шерағаның «Бір кем дүние» дегеніндей Сейфулла Сәкенұлы ғұмырында небары 58 жыл жарық сәуле шуағына шомылып, ерте дүние салды. Елі, жұрты, достары дегенде Сәкеңнің құшағы мен жүрегі қашан да ашық болатын. Сол ашық қалпында бұл дүниеден жабылмай кетті. Оның артында қалдырған таңбалы тірліктері бүгінгі күні елдің игілігіне әлі де жарауда.
Өмірі еңбекпен өрілген Сейфулла Сәкенұлы тұрған Тараз қаласындағы үйіне 2011 жылы ескерткіш тақта орнатылды. Асыл азаматтың еңбегін ерекше бағалаған бұл қадамды да зор құрмет деп санадық. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында еліне, жеріне көп еңбегі сіңген Сейфулла Қожахановтай арда азаматты еске алу біздердің парызымыз шығар.
Алаш ардақтысы Зейнолла Қабдолов бірде «Адамның өлген күні болмайды, оның туған күні болады» деген еді. Олай болса Сейфулла Сәкенұлы Қожахановтың біздер үшін өлген күні жоқ. Оның туған күні бар. Ол – әр жылдың қоңыр күзінде келетін 13 қазан!

Сағынхан Әміреқұлов,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support