Саясат

«Nur otan» назарынан тыс қалмайды

«Nur otan» назарынан тыс қалмайды

Бүгінде облыс бойынша 45331 мүмкіндігі шектеулі жан бар екен. Оның 11 522-сі тірек-қимыл аппараты бұзылғандар болса, 2361-і кресло-қорапта отырғандар және 967-сі – зағип. Тараз қаласында қалалық жолаушы тасымалы қызметімен 10 тасымалдаушы мекеме айналысып, күнделікті 43 бағыт бойынша әртүрлі маркадағы 488 автобус пен шағын автобустар қызмет көрсетеді. Алайда «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру мақсатында қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуін зерделеу барысында айтылған 500-ге жуық қоғамдық көліктің ешбірінде көзі әлсіз көретін, құлағы нашар еститін адамдарға арналған арнайы белгілер орнатылмаған. Сондай-ақ бірде-бір автопаркте төмен еденді автобустар жоқ. Ал ондағы тазалық пен ішкі қауіпсіздік туралы сөз айтудың өзі артық. Бұл жайттар Тараз қаласындағы қоғамдық көліктердің мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуіне және инватакси қызметіне байланысты жауапты мекеме, автопарк басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен өткен кездесуде мәлім болды. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалында өткен кездесуде филиалдың саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі, қоғамдық көліктерді зерделеу бойынша комиссия мүшесі Берік Телеушовтің баяндамасына сүйенсек, 2013 жылдан бері көтеріліп келе жатқан бұл мәселе осы күнге дейін шешімін таппай отыр. «Яғни аялдама, автобекеттер мен 488 қоғамдық көліктің зерделенген 198-інің бірде-біреуі мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделмеген», – деген ол мұны көлік құралдарын жабдықтауға автопарк басшыларының заң жүзінде міндеттелмегендігімен байланыстырды. Жүздесуде жолаушы тасымалы қызметімен айналысатын 10 тасымалдаушы мекеме төмен еденді 4 бірлік автобустар сатып алып, Тараз қаласының денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау орындарын, мәдени және қоғамдық орындарын барынша қамтитын автобус бағыты әзірленіп, енгізілсе. Сонымен қатар арнайы автобустардың жүру уақытын және қауіпсіздікті бақылау, сондай-ақ автобус бағыттарының кестесі мен уақытын үйлестіру үшін GPS-навигациямен жабдықтау қажет деген ұсыныстар айтылды. Жиынды жүргізген «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаевтың айтуынша, бұл бағытта қанша жұмыс атқарылып, «Жол картасы» әзірленсе де баяғы жартас сол жартас күйінде қалып келеді. «Сондықтан арнайы комиссия құрылып, басқосуда айтылған барлық ұсыныстар ескерілуі тиіс. Себебі бұл уақыт күттірмейтін мәселе», – деді Балабек Жанбекұлы.

Альмира Омарова