Әлеумет

Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін...

Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін...

Отан алдындағы азаматтық борышты қан майданда өтеу маңдайларына жазылып, ел мен жердің тыныштығы үшін жаумен шайқасқан жауынгерлердің қазір бірен-сараны ғана арамызда жүр. Ұлы Отан соғысында от кешкен бүгінгі қазыналы қарттарымызды кезіктіре қалсақ, әр атқан бейбітшілік таңының бағасын тереңнен түйсініп қалатындаймыз.

Сондықтан, олардың ерлігіне бас июге міндетті бүгінгі ұрпағы бақилық болған әр солдаттың рухына тағзым етіп, осы күнге аман жеткендеріне сан мың мәрте құрмет көрсетсе де артық емес. Сұрапыл соғысқа талай азаматын аттандырған Шу ауданында қазір 19 ардагер ғана қалыпты. Олардың екеуі Қонаев ауылында тұрады. Жуырда аталмыш ауылдың тумасы, бүгінде шетелде өмір сүріп жатқан Евгения Штрах туған жерге атбасын бұрып, қариялардың батасын алып қайтты. Аты-жөні өзге ұлттыкі болғанымен қаны қазақ Е.Штрахтың әкесі Ойшы Ахметжанов сол ауылда туып-өскен. Соғыс басталғанда ол Қасеней және Қостүтін есімді бауырларымен майданға аттанады. Алайда, ағайындылардың біреуі ғана туған ауылына оралған екен. Ендігісі соғыс даласында жан тапсырса, Ойшы Ахметжанов Орта Азия әскери округінде отбасымен қалады. Өмір жолы осылай өрбіген Ахметжановтар әулетінің өкілі Евгения неміс азаматымен отау құрып, 22 жыл бұрын Германияға қоныс аударған екен. Бүгінде Ұлы Отан соғысы майдангерлерінің өмірінен сыр шертетін «Унесенные судьбой» атты кітап жазыпты. Сондай-ақ, Германияда бір өңірдің депутаты. Жастайынан шетелдерде өмір сүрсе де, ол өз ана тілін ұмытпаған. Әкесімен соғысты бір көрген жерлестерінің жағдайын білудің сәті түсіп, Евгения алдымен жасы 90-ға келіп қалған қазыналы қарт Ізбасар Асқанбаевтың шаңырағына тоқтады. Германиялық мейманмен бірге бұл үйге аудан әкімінің орынбасары Е.Аймамбетов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Е. Бықыбаев, аудан әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Керімбаев және тілшілер барды. Кәрілік еңсесін басып, денсаулығы әлсіреген қартқа аз да болса көмегім болсын деген Евгения оған мүгедектерге арналған арбаны сыйға тартты. Соғыс ардагерінің жағдайымен танысқан ол, алақандай шаңырақта 12 адамның өмір сүріп жатқандығын, сондықтан, қарияға көбірек көңіл бөлінсе деген ниетін жеткізді. 1943-1950 жылдары Отан алдындағы борышын өтеген Ізбасар Асқанбаев Жапония жерінде химиялық взводтың командирі болған екен. Туған елге оралған соң, білім алып, еңбекпен өнегелі өмір сүрген. Ғұмырлық жары Фидания әжеймен кәрілікке жетіп, жалғыз ұлынан 4 немере, 3 шөбере көріп отырған Ізбасар қарт қонақтарға алғысын айтып, ақ батасын берді. Бұдан кейін ауыл меймандары Иосиф Азимовтың шаңырағына бет алды. Евгения Штрах ардагерге сый-сияпатын жасап, хал сұрасты. Келушілерге алғысын жаудырған қария соғыс жылдарының шежіресінен сыр шертіп, майданға бірге аттанған жерлестерін еске алды. Осылайша, қариялармен дидарласып, ата-бабалары қоныс тепкен ауылдың ауасын жұтып қайтқан шетелдік мейман мұнда тал-дарақтардың өте сиректігін сөз етіп, алдағы уақытта ауылды көгеріштендіруге барынша атсалысатынын жеткізді.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.