Көне шаһардың жаңа келбеті
Көне шаһардың жаңа келбеті
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="110717,110718,110719,110720,110721,110722,110723"]
Ерденбек Ниетқалиев көшесінің бойындағы сквер жан сергітер орынға айналып келеді
Альмира ОМАРОВА
Бүгінгі түрленген Тараздың кескін-келбеті көне шаһарға табан тіреген меймандарды да, жергілікті жұртшылықты да тамсандыра бастады. Қаладағы қайта жаңғырған саябақтар мен скверлер сонадайдан менмұндалап көз тартады. Бәрі де сән-салтанатымен жарасым тапқан. Десек те, «Шахристан» этномәдени кешені, «Жастар» стадионы, «Аса» шағын ауданындағы әмбебап спорт алаңшалары секілді әлі де құрылысы жүріп жатқан нысандар баршылық. Олар да күні ертең құрылысы аяқталып, Шығыс шайырлары жырлаған көне шаһардың келбетін жарқыратып, ажарын аша түспек. Ерденбек Ниетқалиев көшесінің бойындағы сквер – солардың бірі. – Мұнда 54 қарағай, 60-тан аса арша отырғызылды. Екі бөлікке де тамшылатып суару жүйесі орнатылды. Ал келесі жартысында көгал болады. Раушан гүлдері, қылқанжапырақты ағаштар егу де жоспарымызда бар, – дейді «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дизайнер-агрономы Гүлнар Оразалина. Иә, Жамал Аппасова көшесінен Рысбек батыр көшесіне дейінгі 300 метр аралықта болашақта гүлзар пайда болмақ. Ал 260 метрді құрайтын Рысбек батыр – Қадырғали Жалаири көшелерінің арасына орындықтар орнатылып, тал-дарақтар отырғызылыпты. Қазірдің өзінде өрнектастар төселіп, құлпырып тұр. Былтыр Қайрат Рысқұлбеков саябағына жүргізілген күрделі жөндеу кезінде алынып тасталған, бірақ әлі де жарамды төсеніштер де кәдеге жарауда. Мұны ысырапқа жол бермей, қолда барды ұқсата білудің үлгісі десек те болады. Сонымен қоса мұнда бұқаралық спортты дамытудың бір тәсілі – стрит воркаут белтемірлері де қойылған. – Осы бір аумақ ілгеріде шөп басып, қараусыз жататын. Бұрын оқушы, студент кезімде 11-шағын ауданда тұрдым. Ол кезде 12-шағын аудан салынбаған еді. Кейбір құрдастарым осы төңіректікі болғандықтан, бұл маңнан жиі өтетінмін. Сонда ішімдікке сылқия тойып алғандар түнде жарығы жоқ сол жерді кезіп жүретін. Қазір айнала жарық шамдар, көгал. Балалар ойнап, үлкендер демалатын орынға айналды. Осы бір пайдалы істі жүйелі жүзеге асырған азаматтарға алғыс айтамын, – дейді қала тұрғыны Дәулет Мұратбеков. Ал Бақыт Есімханов бала күнінде осында теңбіл доп теуіп өскенін айтады. Кейінірек, 90-жылдары бұл жердің сиқы кетіпті. Тіпті, қоқыс тастайтын орынға айналған. «Бұл маңда қаңғыбастар көп жүретін. Қас қарайғанда үлкендер кішкентайлар үшін қатты алаңдайтын», – дейді ол. Міне, осы қараусыз қалған бос жерді жұрт тынығатын аймаққа айналдыру жұмысы өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің тапсырмасына сай дереу қолға алынды. Жұмысы аяқталып үлгерген бір бөлігінде бүгінде «Химпоселок» тұрғындарының тең жартысы серуендейді десек, артық айтқандық емес. – Қазір балалар осы скверден шықпайды. Өйткені онда орындықтар, жаттығатын турниктер бар. Таңертең жүгіріп, шынығып жүрген кісілерді де кезіктіресіз. Қазір шашылған қоқыстар жоқ. Оның өзін тастауға ұялатындай. Аталған демалыс орнына жөндеу жұмыстарын жүргізуді ескерген кісілерге алғысымыз шексіз, – деп ағынан жарылды Ерденбек Ниетқалиев көшесінің бір тұрғыны.
Cуреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.