Әлеумет

Бұлақ көздерін ашты

Бұлақ көздерін ашты

«Бұлақ көрсең – көзін аш». Бұл сөз атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан өсиет. Қазіргі мынау алмағайып заманда төрткүл дүниеде су тапшылығы ерекше сезіле түсуде. Елімізде су тапшылығын болдырмаудың әлемдік бағдарламалары да қарастырылу үстінде. Ал, биылғы ауа райының қуаңшылығы, жаз айларындағы ми қайнатар аптап ыстық тау көздерінен келетін су мөлшерінің азайып кетуіне үлкен әсер еткендігі белгілі. Оның үстіне тау аңғарларындағы ескі қайнар-бұлақтар көздерінің бітеліп бара жатқандығы да ауылда тұратын көнекөз қариялардың көңілдерін алаңдатпай қойған жоқ. Сондықтан да болар, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов ауылдық округтерде ауыл ақсақалдарымен кездесу кездерінде тұрғындар суды молайту үшін тау аңғарларындағы бұлақ көздерін ашып, арық-атыздарды тазалау жөнінде әңгіме қозғап, өз ұсыныс-пікірлерін айтқан-тұғын. Осыған орай жуырда Абай, Қарақыстақ, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінің ақсақалдары және әр ауылдың бір топ тұрғындары Қарақыстақ тауының аңғарына келіп, ауыл қариясы Қыстақ Дәулетовтің жөн сілтеуімен ескі бұлақ-қайнарлардың көзін ашуды қолға алды. Бабалар дәстүрін жалғастыруды ниет еткен бұл игілікті іс-шара алдында Жаңатұрмыс ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амангелді Молдашев қайнардың кәусар суы, оның тау өзенінің ағысын толтырудағы маңызы жайлы айта келіп, құрбандыққа мал шалып отырған бастама көтерушілерге игі тілегін білдіріп, ақ батасын берді. Аудандық мәслихат депутаттары Төленді Көпбаев пен Қадірбек Құлбарақов дәстүр жалғастығы туралы айта келіп, бұл маңызды іс-шараның су көзін молайтумен бірге, өнегелік әрі тәрбиелік маңызының да зор екендігін әңгімеледі. Бұдан соң қолдарына кетпен, күрек, қайлаларын алған азаматтар кәусар суы сыздықтап қалған қайнарлардың көзін ашуға кірісті. Осылай Қарақыстақ тауының аңғарындағы бұлақтардың көзін ашып, ежелден сай-саланы қуалап аққан тау өзендеріне бұлақ суының келіп қосылуына өз үлестерін қосты.

Тұрсынхан Жаманбаев.

Т. Рысқұлов ауданы.