Саясат

баспана беруде бармақ басты, көз қысты болмасын

баспана беруде бармақ басты, көз қысты болмасын

Мемлекеттік қордан бөлінген пәтерлерге 2017 жылы 160, былтыр 80 отбасы орналасқан. Ал биыл қоныс тойын тойлаған отбасылар саны – 140. Өкініштісі сол, осы жылдың 3 мамырында кезектегілердің тізімін зерделеу барысында пәтер алған кейбір азаматтар пәтер кезегінде мүлдем тіркелмегені анықталған. Мұнымен қоса, тізімде 1570-ші болып, 2016 жылы 30 қыркүйекте кезекке тұрған С. Сегізов есімді азамат 1468-ші орындағы, 8 ай бұрын кезекке тұрған Ш. Сайтхановтан бұрын жаңа пәтер иемденген. Мұның басты себебі, жұмыс ашықтығының қамтамасыз етілмеуі. Әрі кезекке Word, Excel бағдарламалары арқылы қойылады. Бұл дегеніңіз, аты аталған бағдарламалармен тізімді қалаған уақытта, оп-оңай өзгертуге болады деген сөз. Мемлекеттен берілген пәтерлерді пайдалану барысында да «бармақ басты, көз қыстылық» бар. Жетімдер немесе толық емес отбасылар санатындағы біраз азаматтар үкіметтен алған үйлерін жасырын түрде жалға беріп келген. Мұндай жайт «Бәйтерек» пен «Арай» ықшам ауданындағы пәтерлерде орын алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев журналистермен өткен брифингте хабарлады. Равиль Қуанышбайұлы брифинг барысында бірыңғай баспанаға бірыңғай жоба қажет екендігін де айтты. Мәселен, 15 ықшам аудандағы бір үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау үшін шамамен 8 миллион теңге қаржы жұмсалады екен. Қазіргі таңда аталмыш ықшам ауданда 80 пәтерлі, 5 қабатты 19 үй салынып бітсе, оған жалпы сомасы 152 миллион теңге шығындалған. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы бюджет қаражатын оңтайлы жұмсау мақсатында бір типті үйлердің әрқайсысына жекелей емес, барлығына ортақ жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу мүмкіндігін қарастырған жөн деп санайды. «Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының және Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау нәтижелері» баяндалған брифингте сондай-ақ аталмыш департамент басшысының орынбасары Арман Рахимов облыс аумағында архитектура, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында сыбайлас жемқорлық сипатында жасалған 13 қылмыс тіркелгенін айтты. Аталған салаларда шенеуніктер тарапынан тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану, пара алу сияқты қылмыстар кеңінен таралған. Департамент биыл облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бірқатар лауазымды тұлғаларына қатысты лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану арқылы бюджет қаражатын талан-таражға салу дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеумен аяқталған. Мемлекетке келтірілген залал 16 миллион теңгеден асқан. Нәтижесінде сот шешімімен бірнеше лауазымды тұлға 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылған. Ендігі бір жең ұшынан жалғасқан жемқорлық Меркі ауданында орын алған. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Әсілбайұлы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланып, жобалық-сметалық құжаттарды қажетті сараптамасыз, жоғары бағамен қабылдап, ЖК «Сулейменоваға» 210 мың, «Мойынқұм құрылыс» ЖШС-на 3 миллион теңге заңсыз аударған. Сот үкімімен Әсілбайұлы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Осы және өзге де бірқатар заңсыздықтар жайына тоқталған департаменттің лауазымды тұлғалары журналистердің өзге де сұрақтарына жауап берді.

Эльвира Жарылқасынова