Ауыл шаруашылығы құрылымдарының әлеуеті зор
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының әлеуеті зор
Бүгінде еліміздегі 40 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары Қазақстан Фермерлер одағының мүшесі болып табылады. Өңіріміздегі олардың саны 18 мыңның үстінде. Ал аграрлық сектор ел экономикасы дамуының басты драйвері екені баршаға мәлім. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында өңір шаруалары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен тиісті облыстық мекемелердің басшылары және БАҚ өкілдері қатысуымен өткен «Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жалпы жиналысында аталмыш салаға қатысты толғақты мәселелер қаралып, талқыланды. Жиында ең әуелі өңірлік филиал төрағасы Жигули Дайрабаевтың 2019 жылы атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды. Ол ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі таңдағы нақты жағдайымен таныстырумен бірге шешімін күткен мәселелерге де кеңінен тоқталды. – Саладағы жұмыстар толыққанды әрі ойдағыдай жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Бүгінде ауыл шаруашылығын алға бастыруға кедергі болып отырған бірқатар түйткілдер де бар. Біздің облыс бойынша субсидия жөніндегі мәліметтерге қарағанда, биылғы желтоқсан айына дейін мал шаруашылығы саласына субсидия алу үшін 2500 тапсырыс берілген. Бөлінген субсидия 10, 2 миллиард теңге көлемінде болғанмен, нақты төленгені 1 702 миллиард теңге ғана, – деді бұл тұрғыда Жигули Молдахалықұлы. Оның айтуынша, негізінен бұл мәселеде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жайбасарлық, немқұрайдылық танытылуда. Тапсырыс берген фермерлердің еш кінәсі жоқ. Олар Үкіметке сенеді. Баяндамашы осы орайда «Ауыл – ел бесігі», «Дипломмен – ауылға» бағдарламалары негізінде нақты іс-әрекеттер жасап, ауылдықтардың қалаға ұмтыла беруін тежеп, керісінше ауылдық жерлерге жайғасуы үшін сапалы үйлермен, жер телімдерімен қамтамасыз ету, тұрғын үйге бөлінген қаражаттың бір бөлігі ауылдық жерлерге берілуін қайта қарау ісі республикалық деңгейдегі тиісті тараптарға ұсынылатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу, уақ шаруашылықтарды ірілендіру жұмыстары жүргізілуі қажеттігі, басқа да мәселелер ортаға салынды. «Үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жөніндегі облыс әкімінің бастамасына жаппай қолдау білдіруіміз керек. Әрбір еңбек адамына қарай бетбұрыс деп, міне, осыны айту керек» деп түйді ол сөзін. Бұдан кейін сөз алған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндамада келтірілген мәлімет ағымдағы жылдың 9 айының қорытынды нәтижелері екенін алға тартып, қазіргі уақытта субсидиялар беру 97 пайызға орындалғанын, мемлекеттік қолдау да жылдан-жылға артып отырғанын атап өтті. Осыған байланысты республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке қосымша қаражат түскелі отыр екен. Жалпы, облыс бойынша жыл аяғына дейін 2,5 мыңға жуық ауыл шаруашылығы құрылымдарының қарыздары жабылады деп күтілуде. Басқосу барысында Жамбыл, Шу, Сарысу және Жуалы аудандық фермерлік ұйымдарының жетекшілері Аманәлі Құрбанов, Мәлік Жұмағұлов, Асқар Әлібеков, Мырзайым Тойшыбеков, тағы басқалары өңірлік филиал есебін қанағаттанарлық деп бағалап, сала ісін ілгерілетуге қатысты өздерінің ой, пікір, ұсыныстарын ортаға салды. Бұдан кейін «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев мемлекеттік қызмет, басқару саласындағы бірқатар мәселелерге, әсіресе ауыл шаруашылығын субсидиялауда сыбайлас жемқорлықтың жиі орын алып жататынына назар аудартып, мұндай құбылыс орын алған жағдайда шаруашылықтар басшыларының бұл туралы өздерін, болмаса қаржы полициясын дер мезгілінде хабардар етуінің еш артықтығы болмайтынын айтты. Ал «Жамбыл облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген қазіргі қоғамдағы еңбек қатынастарының реттелуі, әлеуметтік әділеттіліктің орнығуы мәселелеріне, әлеуметтік бірлік болмаса қоғамның да дамымайтынына тоқталып, ақ, адал еңбек ететін адамдар әрқашан да де құрметке лайық екенін, әсіресе фермерлер өздерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін кәсіподақ ұйымдарын құруы айрықша маңызға ие екенін атап өтті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев үстіміздегі жылдың 21 тамызы күні елордада өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын көпшілік назарына ұсынғанын, бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін тиісті шара қабылдауды, партия органдарының әлеуетін арттыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті күшейтуді тапсырғанын еске салып, ел игілігі еселенуіне үлестерін қосып жүрген өңір аграршыларын мемлекеттің өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін партияға қосылуға шақырды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев қорытындылады. – Әлемдегі дамушы мемлекеттердегідей біздің де мамандануымыз, өзара бірігуіміз керек. Қалай дегенде де ауылдағы шаруалардың басын біріктірмей, олардың иеліктеріндегі жер көлемін көбейтпей, ауыл шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге жетеміз деп айта алмаймыз, – деп, осыған байланысты арнайы жұмыс тобының күшімен Байзақ ауданы аумағында егістік алқаптарының сапасын, қандай дақыл түрлерін егіп өсірудің тиімділік беретінін зерделеу жұмыстары басталғанын, оның қорытынды нәтижелері бойынша әр ауданға тиісінше ұсыныстар берілетінін, сондай-ақ облыс көлемінде суармалы жерлердің тиімділігін арттыру бағытында ауқымды бағдарлама жасалып, жүзеге асырылғалы отырғанын жеткізді. «Мұндай жұмыстар әр ауданда кезең-кезеңімен атқарыла бермек. Оның сөз жоқ, қайтарымы болады. Міне, сонда ғана шаруалар мен азық-түлік қауіпсіздігінің жағдайы жоғары деңгейде болатынына сенімдіміз», – деді ол. Басқосудың соңы үздік деп танылған фермерлік шаруашылықтар еңбеккерлерін марапаттау рәсіміне ұласты. Мұратхан Жүнісәліұлы Меркі ауданының танымал жеміс-жидек өсірушісі Александр Вундерге «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін салтанатты жағдайда табыс етті. Бірқатар фермерлер Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Баймаханбет АХМЕТ