Экономика

Бақыт баспана табалдырығынан басталады

Бақыт баспана табалдырығынан басталады

Елімізде үстіміздегі жылдың шілде айынан бастап – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Айта кету керек, аталған бағдарламаға тек қана 3 санат бойынша әлеуметтік аз қамтылған, яғни 4 және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған және толық емес отбасылар қатыса алады. Ол үшін осы санатқа жататын тұрғындар міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша әкімдікке кезекке тіркелуі керек. Бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – олардың 5 жылдан бері өз атында баспана болмағандығын растайтын анықтама және «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшысы болу. Ал бұрын осы қаржы ұйымының салымшысы болмағандар құжат тапсырар сәттен бастап аталған банктен дербес шотын ашуға тиіс. Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүмкін, алайда банк облыс тұрғындары үшін тек 10 миллион теңгеге дейін несие бере алады. Несие 19 жылға 2 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын ғана құрайды. Тұрғын үй алуға ниетті азаматтар пәтерді облыстың кез келген аумағынан таңдай алу құқығына ие. Олар жеке тұрғын үй де сатып ала алады. Бір ескерер жайт, алатын үйі саман кірпіштен салынған болса оның пайдалану мерзімі 25, ал бөренеден (шпал) салынған үй болса, 30 жылдан аспауы керек. Тағы бір маңызды мәселе салымшылардың төлем қабілеті тексеріледі. Ол соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдары бойынша анықталады. Үміткердің отбасының табысы жан басына шаққанда 42 мың 500 теңгеден асып кетсе, оған пәтер берілмейді. Егер аталған отбасылардың төлем қабілеті төмен болса, оларға міндетті түрде табысы бар екі адам кепілгер бола алады. Тараз қаласы бойынша жалпы тұрғын үй кезегінде тұрған 18 мың 565 азаматтың 1794-і осы санаттағылар. Жалпы, тұрғын үй кезегіне тіркелмеген азаматтарға жолдама берілмейді. Ал мемлекеттік қордан берілетін тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін өтінім берген азаматтар айына бір мәрте өтетін арнайы комиссияның шешімінен кейін барып қана тұрғын үй кезегіне тіркеледі. Негізінен, республика бойынша бұл бағдарламаға 50 миллиард теңге қаржы бөлінген-ді. Соның ішінде біздің облысқа тиесілісі 3 миллиард теңге көлемінде. Аталған бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылатынын ескерсек, бұл уақыт ішінде талай отбасының баспаналы болары анық. Аталған кешенді бағдарлама негізінен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. Онда 10 пайыз бастапқы жарна, 2 пайыз жылдық үстемақы, қайтару мерзімі 19 жылға қарастырылған. Бағдарлама шарттарына сәйкес, мемлекеттік қордан пәтер алу кезегі тізіміне «Толық емес отбасы», «Көп балалы отбасы», «Мүгедек бала асыраушы отбасы» санаттары бойынша тіркелген азаматтар қатыса алады. Жалпы, облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының тұрмысы төмен отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» жобасы аясында 2 пайыз көлемінде тұрғын үй сатып алу қарастырылған. Аталған бағдарлама бойынша «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімі» КММ тарапынан тұғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жолдама беріліп, «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» облыстық филиалына өтініштері тіркелуде. Қала аумағынан ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап көп балалы отбасыларға жекешелендіру құқығынсыз 142 пәтер сатып алыну үстінде. Сондай-ақ «Қарасу» шағын ауданында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 180 пәтерлі төрт жатақхана салынып, кезекте тұрған көп балалы отбасыларға заң аясында үлестірілетін болады. Мұндай жұмыстар аудандар кесімінде де жандандырыла түсті. Бүгінгі күні бағдарлама аясында облыс бойынша 2 901 877 400 теңге сомасында 338 өтініш қабылданған. Оның ішінде 258 отбасы 2 234 016 600 теңге сомасында толықтай несиелендіріліп, баспанаға ие болып үлгерді. Ал 80 отбасы үшін 679 860 800 теңге көлемінде ипотекалық несие рәсімделуде. Жайықбай ШАЛДАРОВ, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы.