Қауіпсіздікті қадағалауды қамтамасыз етеді
Қауіпсіздікті қадағалауды қамтамасыз етеді
Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігінің АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының құрылғанына 20 жыл толды. Оны аумақтық инспекция қызметкерлері Тараздағы Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде атап өтті. Бұл іс-шараға аталмыш инспекцияны құруға үлес қосқан ардагерлер мен қонақтар қатысты. Жиынды облыстық аумақтық инспекция басшысы Нұрби Жігітеков ашып, баяндама жасады. Бұдан кейін құттықтау сөз облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевке берілді. – Жиырма жыл бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жаңа басқарма құрылған болатын. Бүгінгі таңда бұл мекеме өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап келеді. Оның өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, эпизоотиялық жағдайды қалыпты деңгейде ұстап тұру, шетелге экспорттық азық-түлік пен мал етін шығаруда атқарған еңбегі өте зор. Басқарма құрылған алғашқы жылдары оны басқару Ержанбек Нұрбеков, Марат Әбдіре ағаларымызға жүктелген еді. Олар бұл жұмыстарды дер кезінде ұйымдастырып, мекеменің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Сондықтан өз атымнан осы азаматтарға алғысымды білдіремін. Өздеріңізге белгілі, Елбасы алдымызға қойған үлкен міндеттер бар. Оның бірі – біздің өндіріп отырған өнімдеріміздің бәсекеге қабілетті болуы. Экспортқа шығаратын өнімімізді 2020 жылға қарай 2,5 есеге өсіру міндеттелді. Бұл бойынша үлкен жұмыстар атқарылуда. Экспортқа шығарылатын өнім көлемі артты. Былтыр екі мың тоннадан астам сиыр, қой етін Бахрейнге, Иранға, Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларына шығардық. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, сарып ауруы мал арасында 5 есеге, адамдардың арасында 7 есеге азайған. Бұл да осы ветеринария саласындағы бақылаудың өз деңгейінде екенін көрсетеді. Әрине, алда атқарылатын жұмыс көп. Фитосанитария саласында да карантиндік өсімдіктерге байланысты үлкен жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ шекаралық бекеттердің де жұмысы тиянақты. Олар шетелден елімізге карантиндік өсімдіктер мен азық-түліктің өтіп кетпеуі үшін бақылауды күшейткен, – деді ол. Келесі сөз кезегінде, осы мекеменің алғашқы басшысы болған, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Парламентінде аграрлық мәселелер бойынша комитеттің жауапты қызметкері Ержанбек Нұрбеков естеліктермен бөлісті. Бұдан кейін Жамбыл облысының Құрметті азаматы Амангелді Карентаев, зейнеткер Жапарбек Түзелбаев, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды құттықтады. Жиын соңы сала үздіктерін марапаттауға ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы.