Саясат

Ассамблеяның қоғамды ұйыстырушы рөлі үлкен

Ассамблеяның қоғамды ұйыстырушы рөлі үлкен

Бірлігі жоқ елдің ешқашан асығы алшысынан түскен емес. Қазақстандықтардың бір жақсы қасиеті – бейбітсүйгіштігі. Соның арқасында еліміздің әлеуметтік жағдайы жақсарып, бейбіт өмір сүріп отырмыз.

Негізі көпұлтты қоғам үшін этноконфессионалды жағдайға талдау жасап отыру өте маңызды. Ішкі тұрақтылық – өзара түсіністікке тікелей байланысты. Сондықтан этномәдени және діни бірлестіктер мемлекеттік құрылымдармен тығыз іс-қимылда жұмыс жүргізуі тиіс. Елдегі әлеуметтік саясаттың осы бағыттағы ұстанымын нығайтуға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айқындалған міндеттер айқын бағдар болғанын айтуымыз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Дала ұлағаттары» еңбегінде: «Елдің күші – бірлікте. Бұл сөз біздің ұлттық ұранымыз. Бір ел, бір мақсат, бір Отан – біздің ұлттық арманымыздың ақиқат алғышарттары. Білімді мыңды жығады, білген уақыттан озады. Ал ізгі қасиеттерді ізгілікке жұмсаған елдің де, ердің де қашанда маңдайы ашық. Бұл сөздерді елеп-екшеп берген де халқымыздың ғибратты өмір жолы. Біз – талайды көрген халықпыз. Тар заманды бастан кешіп, кең заманды аңсаған елміз. Бұл күнге біздің ұрпақ жетті. Ендігі жас буын – ертеңгі ел тірегі осыны бағалай білуі керек. Бақыт – бағалай білгендікі. Адал маңдай тер – абыройдың баспалдағы, еселі еңбектің өтеуі», – деп атап көрсетті. Осының өзі ауызбіршілігі бар ел үшін алынбайтын асу жоқ екенін көрсеткендей. Елдік мүдденің өзі татулық деген ұғымнан туындайтыны даусыз.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде елдегі бірлік пен ішкі тұрақтылыққа негіз болып отыр. Халықаралық сарапшылардың осы бірегей азаматтық институт мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасады деп баға беруі – соның дәлелі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті күшейді.

Елімізде 1990 жылы Марс Абдусаметовтің бастамасымен алғашқылардың бірі болып ұйғыр этномәдени бірлестігі құрылған. Жамбыл жерінде 3 мыңға жуық ұйғыр азаматтары  тұрады. Бір этносты бір шаңырақ астына топтастырған  қоғамдық ұйымның жанынан 2007 жылы «Гунча» халық аспаптар оркестрі және жастар ансамблі құрылды. Бүгінде ассоциация аясында жұмыс істейтін кітапхана, қолданбалы өнер музейі барлық қажеттілік талаптарына сай жабдықталған.

Мухаббат Турдыева,

 облыстық Махмұд Қашқари атындағы  ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы.