Саясат

Татулық төрге оздырады

Татулық төрге оздырады

Тараз қаласындағы «Достық» үйінде «Жамбыл облысы этностарының дәстүрлері мен мәдениеті» жобасы аясында «Біз достықпен мықтымыз!» атты этномәдени бірлестіктердің фестивалі өтті. Іс-шараға облыстың этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен жастары қатысты. Этнофестивальдің театрландырылған қойылым көрсету бөлімінде баланың туған кезінен бастап, ересек жасқа дейінгі өмірі қамтылды. Әр этнос өз дәстүрлерінің өмірлерінде маңызды орын алатын сәттерін көрсетті. Сахнаға алғашқылардың бірі болып шыққан «Әулие-ата» қазақ мәдени бірлестігінің өкілдері «Сүйінші сұрау», «Бесікке салу» жоралғыларына көпшіліктің назарын аударды. Мұнан соң облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық бірлестігі «Әженің ботқасы» атты қойылымын ұсынды. Орыс халқында баланы шомылдыру рәсімін өткізгеннен кейін, яғни шоқындыру рәсімінен соң үйге келген сәби мен қонақтарға ботқа жасап таратады. Сол сәтте балаға арнап тілек айтқан адамға ерекше көп ботқа беріледі. Аталған бірлестік осы дәстүрді назарға алды. «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі баланың алғашқы қадамдарын басқан сәтте тұсау кесу рәсімін жасаса, өзбек этномәдени бірлестігі музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендеріне билеп шықты. Әжелер халық әнін шырқап, 6-10 жас аралығындағы немерелеріне шашу шашып, соңында әрбір әже немересінің басына тақия кигізіп, бата берді. Тәжік халқы үшін кілем құнды зат болып табылады. Олар тоқылған кілемнің астында күйеу жігіттің қалыңдығын үйіне алып баруын көрсетті. Қыздың өміріндегі маңызды кезеңді әзірбайжан этномәдени бірлестігі ұсынған құдалық рәсімінен көруге болады. Күйеу жігіт жағы қалыңдыққа сақина беруді көрсетті. Кәріс этномәдени бірлестігі өкілдері көріністерінде дәстүрлі тағамдарды әйел затының философиясымен байланыстырды. Қарашай-балқар этномәдени бірлестігі ұлын әскерге шығарып салу рәсімін көрсетті. Қойылым соңында түрлі этностардың аналары өз ана тілінде өлеңдер мен тілектер оқыды. Жер Ана символы ретінде шыққан ана айналаның бәрін біріктіріп, татулықтарын арттыруға шақырды. Фестиваль аяқталар тұста қатысушыларға ұлттық кәдесыйлар мен тәттілер таратылды. Назерке ОҢҒАР, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығының қызметкері.