БӘСЕКЕГЕ САЙ БІЛІМ БЕРУДЕМІЗ
БӘСЕКЕГЕ САЙ БІЛІМ БЕРУДЕМІЗ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «...Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған. Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес. Бірінші кезекте соларға тыйым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз» деп білім саласындағы біраз кемшіліктерді атап, бірқатар тапсырмалар берген болатын. Қазіргі таңда біз сол кемшіліктерді болдырмау, заман талабына сай білім беру бағытында еңбектеніп келеміз. Өйткені қазіргі жаһандық даму жағдайындағы әлем өркениетінің негізі – білім мен ғылым болып отыр. Еліміздің білім беру саласын жаһандық кеңістікке көшіру міндеттері аясында Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің мазмұны, бағыты мен маңызы да өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. 2008 жылдан бастап Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті 28 бакалавриат және 12 магистратура мамандықтары бойынша жоғары білімді кәсіби мамандар даярлап, білім беру жүйесін басқару мен заман талабына сәйкестендірудің түрлі тетіктері бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Білім ордамызда 5 мыңға жуық студент пен магистранттар білім алуда. Оларға құрамында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, 20-дан астам ғылым докторы, профессорлар, 80-нен астам ғылым кандидаты, доценттер, PhD докторлары мен республикалық жобалардың жеңімпаздары бар педагогикалық ұжым сапалы білім беруде. 2014 жылы университет Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселесі бойынша көптеген қиындықтарды еңсеріп, аймақтағы бірден-бір мемлекеттік емес жоғары оқу орнына айналды. Бүгінгі таңда университет құрамында заманауи үлгідегі 6 оқу ғимараты, спорт кешені, студенттер үйі, «Агробиологиялық», «Ветеринария және мал шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институттары, «Шерхантану», «Түркітану» ғылыми-зерттеу және «Рухани жаңғыру және саналы ұрпақ» орталықтары бар. 2015 жылы университет жоспарлы мемлекеттік аттестациядан, ал 2016 жылы білім берудегі сапаны қамтамасыз ететін тәуелсіз қазақстандық агенттігінің институционалды және мамандандырылған аккредитациясынан табысты өтті. Жоғары оқу орындарының барлық құрылымдарының тұрақты қызметін қамтамасыз ету, келісімшарт негізінде маман даярлауға көшу, қызметкерлерге уақтылы еңбекақы төлеу, қажетінше шет мемлекеттерден шақырылған арнайы мамандарды баспанамен қамтамасыз ету сияқты көптеген әлеуметтік мәселелерді табысты шешіп келеді. Бүгінгі таңда университет түлектері еліміздің түрлі салаларында нәтижелі еңбек етуде. Жүйелі жұмыстар негізінде жоғары оқу орны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген рейтингіде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, қосымша білім беру гранттарын иеленді. Профессор-оқытушылардың ғылыми бағыттағы гранттық жұмыстары КазГОСИНТИ-де тіркеліп, нәтижесінде тек соңғы 3 жылда 40 патент алынып, 500-ге жуық ғылыми мақала жарияланды. 10 монография, 18 оқулық, 32 оқу құралы, ЖОО қауымдастығының тақырыптық жоспарына енген базалық оқулықтар даярланған. Еліміздің даму діңгегіне айналған Ұлт жоспарының 79-қадамында айтылғандай, ағылшын тілін деңгейлеп меңгеріп, үш тілде еңбек нарығында бәсекеге түсе алатын, жаңаша тұрпатты, білікті де жаңашыл, креативті мамандар даярлауға университет жаңа талаптар белгілеуде. Осыған байланысты университеттегі жас оқытушылардың беделді жоғары оқу орындарының PhD докторантурасында білім алуына мүмкіндік жасалып отыр. Сонымен қатар университет профессор-оқытушылар құрамының тілді меңгеруі үшін тегін ағылшын тілі курстары ұйымдастырылуда. 2017 жылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму ерекшелігіне байланысты ауыл шаруашылығы ғылымдары, қызмет көрсету, ветеринария бағыттары негізінде «Агрономия», «Өсімдік қорғау және карантин», «Туризм», «Ветеринарлық санитария» мамандықтары ашылды. Бұл мамандықтар бойынша даярланған жоғары кәсіби мамандар бүгінгі таңда тек біздің облыста ғана емес, оңтүстік аймақта үлкен сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Университеттің аграрлық бағыттағы дамуын қамтамасыз ету мақсатында агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты базасында тиімділігі жоғары жаңа сұрыпты көкөністерді тәжірибеден өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарына студенттерді тарту қолға алынды. Нәтижесінде, өңірдің географиялық жағдайына арнайы будандастырылған «Будан» сортты жүгері Мойынқұм ауданының 150 гектар жер көлеміне қарай егіліп, университет студенттерінің теориялық білімдерін тәжірибемен тығыз ұштастыруына мол мүмкіндіктер жасалды және жүйелі жұмыс негізінде гектарынан 7-8 тоннадан өнім алынды. Халқымыздың 44 пайызының ауылды аймақтарда тұрып жатқандығын ескерер болсақ, жаңа технологияларды ең алдымен ауылдық елді мекендерде енгізу керек және оған ізденімпаз жастарды тарту қажет деп ойлаймыз. Елбасының «5 әлеуметтік бастамасының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасына да облыста алғашқылардың бірі болып Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті үн қосып отыр. Жоғары оқу орнында білім алушыларды жатақханамен қамтуға ерекше назар аударып, жалпы көлемі 7,5 мың шаршы метр болатын «Студенттер үйі» қолданысқа берілді. Бұл өз кезегінде еліміздің дамуына ерекше серпін беретін жастарға деген үлкен қамқорлық пен төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие мыңдаған жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді деп білемін. Студенттердің білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру, бастамаларын қолдау мақсатында және жоғары жетістіктерге жеткен студенттерге ректордың білім гранты тағайындалады. Ректор грантының иегері атанған 42 студентке университет есебінен 37400000 теңге көлемінде қаржы бөлінген. Университетте ғылым, өнер, спортпен айналысатын дарынды жастардың өзін-өзі дамытуына, сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі студенттерге жеңілдікпен оқуға жағдай жасалған. Студенттерге қолдау ретінде берілетін түрлі бағыттағы әлеуметтік жеңілдіктерге 2016 жылы – 39501125, 2017 жылы – 36963375, 2018 жылы – 33927850, ал 2019 жылы – 36208625, барлығы – 111050997 теңге көлемінде қомақты қаржы бөлінген. Ел дамуында жоғары оқу орындарының қызметіне зерттеушілік бағыт енгізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығында ғылыми жетістіктерді пайдалану аграрлық ғылымды дамытудың маңызды бөлігі болып саналатыны баса айтылған болатын. Осыған сәйкес, университет бүгінгі таңда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Украина, Оңтүстік Корея, Австрия, Чехия, Польша, Германия, Испания, Румыния, Малайзия, Түркия, ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен білім, ғылым, өндіріс бағытында екіжақты байланыстар орнатып, аграрлық және техникалық ғылымды дамыту бойынша бірқатар жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Экономикамыздағы дамытудың негізгі міндеттеріне айналып отырған кластерлік жүйені инновациялық сипатта дамыту «өнеркәсіп-университет-мемлекет» үштігі арқылы жүзеге асыру қажеттігі айтылған болатын. Осыған орай, университет базасында 400 ірі қара малға арналған сүт-тауарлы фермасы жұмысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығын көркейту мақсатында мемлекет тарапынан қарастырылған субсидиялар алу – алдағы уақыттағы стратегиялық дамудың басым бағыттары болып табылады. Әсіресе бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру, орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдылықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту, кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру бағыттары жоғары білімді мамандар даярлаудың заманауи талаптарын өтеумен қатар, мемлекеттің әлемдік деңгейде таныла беруіне игі әсерін тигізетіні даусыз.
Ерболат САУРЫҚОВ, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.