Экономика

274 адам жұмысқа тартылды

274 адам жұмысқа тартылды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тараздағы №46 орта мектепте «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясының шеңберінде еңбек жәрмеңкесі өтті. Тараз және қала аймағындағы жұмыссыз тұрғындардың өз мамандықтары бойынша жұмысқа тұруына мүмкіндік беретін бұл жәрмеңкеге жастар көптеп жиналды.

Мұнда Тараздағы орта мектептер мен балбақшалардан келген 38 жұмыс беруші 163 бос жұмыс орнына қажетті мамандарды таңдап алды. Ұсынылған қызметтердің 128-і мұғалімдік мамандық болса, 8-і тәрбиеші, 7 медициналық және 20 техникалық мамандық. Жұмыс іздеушілердің бірі – Сымбат Нағашбекованы сөзге тартқанымызда, ол: – Мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін биыл бітірдім. Мамандығым – педагог-психолог. Жәрмеңке жайлы газет бетінен оқып біліп, осында келген болатынмын. Қазір №46 мектепке жұмысқа орналасуға жолдама алып, қуанып тұрмын. Шынымды айтсам, осылайша тез-ақ жұмыс тауып аламын деп ойлаған жоқ едім. Мұндай жәрмеңкелердің әсіресе, біз секілді дипломын қолына жаңадан алған, жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін пайдасы зор. Сол үшін ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін, – деді. Жәрмеңке соңында барлығы 274 жұмыссыз жаңа жұмыс орнына жолдама алды.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».