Экономика

Жәрмеңкеде жолы ашылды

Жәрмеңкеде жолы ашылды

Аудандық мәдениет үйінде биыл осымен үшінші мәрте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Егер, 5 наурызда және 25 маусымда өткен осындай шараларға барлығы – 520, оның ішінде 60 мүмкіндігі шектеулі жұмыссыздар қатысып, оларға 24 жұмыс беруші мекемелер 142 бос жұмыс орындарын ұсынған болса, бұл жолғы көрсеткіштер оның екеуінен де асып түсті. Атап айтқанда, 47 жұмыс беруші мекеме 176 бос жұмыс орындарын ұсынды. Ал жұмысқа орналасуда бағын сынамақ болғандардың саны алғашқы күні-ақ 370-тен асты.

Ауданда мұндай шараларды көрнекілікпен өткізу дәстүрі қалыптасқан. Мәдениет үйінің фойесінде қаз-қатар қойылған үстелдерде жұмыс беруші мекемелердің өкілдері өздеріндегі бос жұмыс орындары туралы ақпараттарды алдарына жайып қойып, қызығушылық танытқандарға жан-жақты түсініктер беруде. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері зыр жүгіріп тіркеу, кезекке қою жұмыстарын үйлестіруде. Ал сахна сыртында өнерпаздар концертке дайындалып жатты. Жәрмеңкеге қатысушылармен үлкен зал толған кезде, аудан әкімі Қайрат Досаев Елбасы Жолдауынан туындайтын басты міндеттер қатарындағы халықты әлеуметтік қорғау, оның ішінде жұмыссыздар мен мүгедек жандарға қолдау көрсетуге ауданда барынша жағдай жасалып жатқанын айтты. Осыған атсалысушы барша жұмыс берушілерге алғысын білдірді. Өткен жолғы осындай жәрмеңкеде аудандық аурухананың тіркеу бөліміне жұмысқа орналасқан үшінші топтағы мүгедек Зура Әмірова өзіндей жандарды шетке қақпай, ел қатарлы жұмысқа орналасуына көмектескендерге алғысын айтты. Ал жұмыс берушілер атынан Д. Қонаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Суджат Сарғасқаева мектебіне қажетті жақсы мамандарды бүгін осы жерден табарына үмітті екенін білдірді. Айтпақшы, нақ осы басшы бүгінгі шараға белсене қатысып, өз мектебіне жұмысқа орналасқысы келетін әр үміткермен жекелей сөйлесіп, бос тұрған он екі мұғалім мен бір күзетші орнына кадрларды түгендеп алды. Мектеп күзетшілігіне Асхат Жақсыбековті үшінші топтағы мүгедек демей, қабылдады. Бұл күнгі шараға қатысқан жұмыс берушілер қатарында көптеген мектептер, балабақшалар, емдеу мекемелері, пошта бөлімшесі, «Техногранит-КZ» ЖШС, жол пайдалану бөлімі тәрізді мекемелер мен кәсіпорындары болды. Ұсынылған жұмыс түрлері де көп. Дәрігер, мұғалім, тәрбиеші, мәдениет қызметкері, орман қорықшысы, мал дәрігері, жүргізуші, тракторшы, слесарь, күзетші, еден сыпырушы... Осындай барлық 176 жұмыс орнының 71-іне сол күні-ақ жолдамалар берілді. Жаңа оқу жылы қарсаңы болғандықтан, олардың басым бөлігі (53 адам) мұғалімдер, онға жуығы тәрбиешілер. Жұмысқа орналасқандардың үшеуі мүмкіндігі шектеулі азаматтар екенін де айта кетейік. Ал жәрмеңке күні иесін таппаған сұраныстағы бос жұмыс орындарына қажетті мамандар жұмыспен қамту орталығының және ауылдық округтер әкімдерінің көмегімен келесі күндері анықталып, оларға да жұмысқа орналасуға жолдамалар беріліп жатты.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, «Ақ жол».

 Қордай ауданы.