Асқар ШАЛОВ: «Алаңдағы тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізуге күш салудамын»
Асқар ШАЛОВ: «Алаңдағы тоғызқұмалақты мектеп бағдарламасына енгізуге күш салудамын»
- Алғаш рет тоғызқұмлақ ойынын 2004 жылы Т.Рысқұлов атындағы №48 мектептің мұғалімі Мейрам Ноғайбаевтан үйренгенмін. Сол кездегі мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсында тоғызқұмалақ ойынының тарихын естіп, қызығушылық туындай бастады. Жалпы, тоғызқұмалақ ойынын ойнағандар жақсы біледі, ол – өте қызық, әрі тартысты ойын. Екі адамның арасындағы ойдың жекпе-жегі. Тақтадағы тоғызқұмалақта адамның ойлау қабілеті артады, жетіледі. Ал, алаңдағы тоғызқұмалақта логикалық ой мен физикалық қимыл бір-бірімен ұштасып отырады. Бұл оқушылар үшін керек дүние деп санаймын. Оны ойлап табу жағына келер болсақ, мысалы дене шынықтыру пәнінің тарихына үңілсеңіз волейбол ойынын Джеймс Уиллям Морган деген кісі Америкада ойлап тапқан деп айтады. Дегенмен, волейбол ертеректе «Фаус болл» деген атпен ойналған. Кейінірек, бұл ойын жетілдіріле келе «Волейбол» деп аталды. Осындай қызықты деректерді зерттей отырып, «алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын ұсынып көрсем қалай болады деген ой туды. Бірақ, оны халық арасында насихаттауда көптеген қиыншылықтар туындады. Себебі, бұл ойын маған ғана түсінікті еді. Сонымен, 2011-2012 жылдары қала мектептерінің арасында «Жыл мұғалімі» байқауы өтетін болды. Жарыс бес бөлімнен тұрды. Соңғы бөлімінде «Сіз қалыпсыз спорттық құралдарды пайдаланасыз ба?» деген аталым болды. Сол сәтте, тоғызқұмалақ ойынының алаңдағы нұсқасын көпшілікке жарнамалаудың сәті түсті. Міне, содан бері әлі күнге дейін осы ойынды насихаттап, оны мектеп бағдарламасына енгізуге күш салып келемін. - Бұл ойынды мектеп бағдарламасына енгізуге күш салудамын дедіңіз. Осы бағытта қандай көрсеткіштерге қол жеткіздіңіздер? - Жоғарыда «Жыл мұғалімі» байқауында осы ойынды таныстырудың сәті түсті дедім ғой. Барлығы жоғары бағалағанымен, көпшілігі тереңінен түсіне алмады. «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын бірден-бір түсінген адам Алтынбек Талғарбаев деген Ыбырайым Сүлейменов атындағы №37 мектептің ардагер мұғалімі болды. Осы кісі ойынның ережелері мен ойнау тәсілін жинақтауды және оны баспаға беруді ұсынды. Сонымен не керек, бірден іске кірістік. Нәтижесінде, 2013 жылы «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынын үйретудің басты бағыттары» деген авторлық оқу-әдістемелік құрал жарық көрді. Сол жылдың 15-ші мамырында «Алаңдағы тоғызқұмалақтан» алғаш рет мектепаралық жарыс өткізілді. Қазіргі таңда Тараз қаласындағы №11, №15 орта мектептері мен Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде ойнатылып жүр. - Ал, осы ойынды облыстық, республикалық деңгейге шығаруға мүмкіндік бар ма? - 2015 жылы Әбділдә Ақшораевтың 80 жылдығына орай тоғызқұмалақтан республикалық деңгейде үлкен турнир өткен болатын. Жарыс алдында тоғызқұмалақшылар конференциясы өтті. Тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті Серік Артаев қатысқан сол жиында тоғызқұмалақтан облысымыздың бас төрешісі Айжан Иманалиева құжаттарымды алып келуді тапсырып, мені арнайы шақыртты. Жарыс аяқталғаннан кейін «алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны үш күн талқыға түсті. Ақырында бұл ойын республикалық деңгейдегі жарыстардың жоспарына енгізілетін болып шешілді. Алайда, бұл ойын мектеп бағдарламасына енгізілмегендіктен, оны насихаттау жұмыстары дұрыс болмайтынын білдім. Сонда да, мектепаралық жарыстарды көп ұйымдастырдық. Өткен жылдың аяғында Білім басқармасының ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен республикалық конференция өткен. Сол жерде де «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойыны туралы кеңінен айтылып, оны алдағы жарыс жоспарларына енгізу жайы сөз болды. Басқосу барысында Батыс Қазақстан мен Қызылорда облысының азаматтары осы ойынға қызығушылық танытып, өз өңірлерінде қолдануға рұқсат алып кетті. - Тақтадағы тоғызқұмалақтың ерекшеліктерін білеміз. Ал, «алаңдағы тоғызқұмалақтың» одан айырмашылығы неде? - Бұл ойынға бір мезетте 20 адам қатыса алады. Олар салмағы 1 келіден аспайтын 162 құмалақпен ұзындығы 500 см, ені 300 см болатын ойын алаңында командалық ойын жүргізеді. Біріншіден, логикалық ойға физикалық іс-әрекет қосылса, ол ойыншының денсаулығына пайдалы. Екіншіден, бұл – командалық ойынға жататындықтан, командадағы ойыншылар бір-бірімен санаса отырып, ортақ шешімге келеді. Сол арқылы оқушылар бірін-бірі сыйлауды, ауызбіршілікте болуды үйренеді. Тағы бір айта кетерлігі, алаңдағы тоғызқұмалақтың құмалақтары аспан түстес, яғни, көк түсті және оған қошқар мүйіз бастырылған. Бұл төл спортымыздың ұлттық деңгейде екенін аңғарту үшін арнайы жасалған дүние. - «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ойынының өңірімізде дамуына облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауы қандай? - Жалпы, алаңдағы тоғызқұмалақ ойынынан тек қаладағы мектептердің арасында жарыстар ұйымдастырылып жүргендіктен, ол тікелей қалалық спорт бөліміне қатысты болады. Сол себепті, облыстық спорт басқармасымен бірлесіп жарыс ұйымдастырып көргенжоқпыз. Дегенмен, өткен жылы ғылыми-практикалық орталықтың ұйымдастыруымен өткен конференцияда спорт басқармасынан келген мамандар алдағы уақытта бірлесіп жұмыстар атқаратынымызды айтқан болатын. Ендігі кезекте, үстіміздегі жылдың күз айларында алаңдағы тоғызқұмалақтан үлкен жарыстар өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. - Жалпы, Әулиеата өңірінде тоғызқұмалақ ойынының дамуы қалай жүріп жатыр? Байқауымызша, тараздық тоғызқұмалақшылар басқа өңірлерге қарағанда бәсеңдеу сияқты. - Иә, сөзіңіздің жаны бар. Соңғы жылдары облысымызда тоғызқұмалақ ойынының дамуы бәсеңдеп қалған болатын. Ал, қазір алаңдағы тоғызқұмалақтан бөлек, тақтадағы тоғызқұмалақ ойынын алар болсақ, өте қарқынды дамуда деп айтар едім. Себебі, жастардың қызығушылығы жылдан жылға арта бастады. Әсіресе, мектеп жасындағы жеткіншектер. Бүгінгі таңда облысымыз республика бойынша 8-ші орында тұр. Яғни, бел ортасында. Соңғы 7 жылда өңірімізден ел чемпионы шықпаған болатын. Өткен жылы №55 мектептің оқушысы Ернұрсұлтан Боранбай есімді баламыз тоғызқұмалақтан ел чемпионы атанды. Сонымен қатар, Әсел Сейтбекова, Жанерке Жетен сынды мықты ойыншыларымыз да бар. - Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Ерғали ҚАРТАЙҒАН, «Ақ жол»