Бақтияр АРТАЕВ: «БҰЛ МЕНІҢ ЖЕТІНШІ ДИПЛОМЫМ БОЛМАҚ»
Бақтияр АРТАЕВ: «БҰЛ МЕНІҢ ЖЕТІНШІ ДИПЛОМЫМ БОЛМАҚ»
«Тарлан батырлары» - бұл елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа менеджмент. Жаңа бағыт, өзгеше көзқарас. Аталмыш жоба туралы сөз қозғағанда, ең алдымен бұның еліміздегі спорт саласының қызмет сапасын арттыру мақсатында өмірге келген дүние екенін ескеру қажет. Жаңа бастаманы қолға алмас бұрын алдағы атқарар жұмыстарды әбден зерттеп-зерделедім. Осылайша, бір байламға келдім. Рас, алғашында таныстарымның басым бөлігі бұл істі қолға алуыма қарсылық білдіріп, көңілдері нілдей бұзылды. Бәлкім, «Астана» президенттік кәсіби спорт клубының басшылығында, оған қоса басқарма басшысы, әкім сынды қызметтерді атқарған азамат беймәлім бір жобаны алып кете алар ма екен деп ойлаған шығар. Одан бөлек, осыған дейін маған бірқатар лауазымды қызметтер де ұсынылған болатын. Алайда, оның бәрінен бас тартып, барлығын басынан бастауды құп көрдім. Әрине, бүгінгі таңда кәсіпкерлік салаға жаңаша бағытпен келмесең, ұзаққа шаппайтының белгілі. Сондықтан, бұл жобаны аяққа тұрғызу арқылы өзімнің іскерлігімді байқап көрсем деймін. – Өзіңіз айтқандай елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа жобаның мақсаты қандай? Оның қарапайым халық үшін тиімділігі бар ма? – Біріншіден, «Тарлан батырлары» серіктестігі басқа спорт нысандары секілді мемлекетке қол жаймайды, керісінше, өзін-өзі асырайды. Қазіргі кезде спорт саласындағы мекемелердің басым бөлігі аудан, облыс немесе республика қаражатына тәуелді. Ал, біз жеке серіктестік болғандықтан, мемлекеттен субсидия алу арқылы өз қызметкерлеріміздің жалақысын төлейміз, сол арқылы спорт кешеніне келген бес жүзге тарта баланы тегін жаттықтыратын боламыз. Биыл Қызылорда, Түркістан, Семей және Шу қалаларында орналасқан «Тарлан» спорт кешендерін үш жылға жалға алып отырмыз. Сол кешендерде бұқаралық спортты дамыту арқылы қаржы табуды көздейміз. Екіншіден, еліміздің ауылды жерлерінде соңғы үлгідегі ғимараттар өте аз. Тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Болған күннің өзінде ескі, спортшыға жайлы жағдай жасалмаған. Ал біздің нысандарда соңғы үлгідегі құрал-жабдықтан бастап, монша, қонақ үй, асхана, одан қалды дүкендерге дейін орналастырылған. Жасөспірім спортшылардың кешенде тұрып жаттығу жасауын ескердік. Ірі қалаларда өмір сүретін адамдарға ауылдардағы ахуалды елестету қиын. Сондықтан ауыл тұрғындары да заманауи кешендерде жаттығу жасауы тиіс деп ойлаймын. Аталған төрт нысанның ішкі-сыртқы шығындарын, оны заманауи кешенге айналдыру біз жүргізіп отырған ақылы қызметтердің есебінен өтелетін болады. Мысалы, бізде спорттың бес түрінен – бокс, дзюдо, ауыр атлетика, еркін күрес және таэквондодан 400-ге жуық баланы тегін дайындаса, бұдан басқа кроссфит, би және фитнеспен айналысамын деген тұрғындар ақылы абонеттерді сатып алады. Сонымен бірге нысанның айналасында замануи футбол алаңшалары мен спортшыларға арналған жатақхана да қарастырылған. Міне, осылардың барлығын жалға беру арқылы қаржы табамыз. Ал одан түскен қаржы серіктестіктің одан әрі дамуына жұмсалатын болады. – Төрт аймақтағы спорттық кешендердің ақылы қызметтері бірдей бола ма, әлде? – Иә, бұл өте орынды сұрақ. Әр аймақтың әл-ауқаты әртүрлі. Сол себепті, төрт өңірдегі баға саясатын ескере отырып, фитнес орталыққа бір айлық абонемент бағасын 6 мың теңге деп қойдық. Айта кету керек, фитнес залдарына тұрғындарды тарту мақсатында фейсбук әлеуметтік желісінде түрлі жарыстар ұйымдастырып отырамыз. Мысалы, кешеннің орналасқан аймағына байланысты сол өңірдің тарихынан төрт сұрақ сұрақ қоямыз. Дұрыс жауап бергендерге бір айлық тегін абонемент табыстаймыз. Сондай-ақ, сал ауруына шалдыққан адамдар мен соғыс ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіледі. – Әңгіменің ауанын басқа жаққа бұрсақ. Жалпы соңғы жылдары әуесқой бокстан кәсіпқойға ауысып жатқан қазақ боксшыларының саны артып келеді. Осыған байланысты ойыңызды білсек... – Рас, бүгінде кәсіпқой боксқа ауысқандар да, ауысу үшін әрекеттеніп жүргендер де жетерлік. Әлемнің түкпір-түкпірінде қарсыластарын бірінен соң бірін құлатып жатқан есімдері беймәлім қазақ жастары күннен күнге көбейіп келеді. Тіпті, «Қазақ» десе, шетелдік былғары қолғап шеберлері қаймығатын деңгейге жетті. Өз басым кәсіпқойға бет бұрып жатқан боксшылардың шешімдерін қос қолдап құптаймын. Неге десеңіз, ұлттық құрамада үшінші немес төртінші нөмірде өнер көрсетіп жүрген оғландарымыз көлеңкеде қалып, өз уақыттарын өткізіп алуда. Сол себепті көптеген мықтыларымыз бойындағы қабілет-қарымдарын көпшілікке көрсете алмай жүр. Оның үстіне қазақ спортында өзіңнен мықтыны бағаламау, қатеңді түземеу, қызғаншақтық, аяқтан шалу сынды дүниелер дертке айналып барады. Содан барып көп боксшыларымыз шетел асып, кәсіпқой боксқа ауысуға бел буады. Әрі, бұл үлкен қаржы табуға жол ашады. – Қазақ спортындағы аяқтан шалу туралы айтып қалдыңыз. Расымен де, қазір спортты саясатқа айналдырып алдық. Бұл қашанға дейін жалғасады? – Сөзіңіздің жаны бар. Бүгінде спорт пен саясат егіз ұғым. Ең сорақысы сол, осы саясатты жүргізіп отырғандардың дәурені жүріп тұр қазір. Соның салдарынан қазақтың қаншама қайратты жігіттерінің тауы шағылып, спорттан күдер үзуде. Қарапайым мысал, ұлттық құрамадағы мықты боксшылардың бірі Василий Левитті дәл осы спорт саясатының құрбаны дер едім. Әлем біріншілігінде алтынын алып қойса, одан қалды Олимпиадада жасалған төрешілердің қиянаты әлі де ел есінде. Қаузай берсең, түбіне жетпейтін саясат қой бұл. Оның тамыры да тереңде жатыр. – Бір сөзіңізде олимпиада жолдамасын иелену, олимпиада алтынын ұтып алудан да қиынға соқты депсіз. Ол да сол аяқтан шалудың әсері ме? Өткенге шегініс жасап, жолдаманың қолға қалай тигенін еске алып көрсек... – Бұл енді ұзақ әңгіме. Қазақта «Құдай сүйген құлына ғана ауыр сынақ береді» дейді ғой. Адам сынақ арқылы әр нәрсенің бағасын білуге дағдыланады. Қазір сол кедергілердің бәрінен сүрінбей өткеніме қуанамын. Рас, олимпиада жолдамасына қол жеткізу мен үшін өте ауыр болды. Жолдамаға қол жеткізгендердің арасында да ең соңғылардың бірі болып лицензияны алған болатынмын. Бұны айтпағанның өзінде, оған дейін жүріп өткен жолымның өзі қиындыққа толы болды. Жоғарыда айтып өткен саясаттың да құрбанына айналдық. Десе де, бірінші Алланың, одан кейін бапкерім мен ата-анамның қолдауының арқасында барлық кедергіге төтеп бере алдық. Шынын айту керек, ол кісілерсіз жетістікке жете алмас едім. Спорт сүйер қауым жақсы біледі. Олимпиадаға дейін мен тасада жүрген спортшыдай болдым. Спортта көрген қиыншылықтарымның көп болғаны соншалық, олимпиадаға барғанда алтын медальға қол жеткізу аса қиындық туғызбады. Бір деммен жүгіріп өткендей болдым. Қысқаша айтқанда, өмірімде кездескен қиыншылықтардың барлығы сол олимпиадада алған алтынның салмағымен өлшенетін сияқты. – Сіздің Ұлыбританияда білім алғаныңызды білеміз. Осы орайда, өзіңіздің студенттік кезіңіз туралы айтып өтсеңіз. – Кезінде спорттың соңынан жүремін деп көп нәрседен қағылдым. Әсіресе, білімнен. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру үшін шетел асуға тура келді. Қалай десек те, студенттік кездер менің ең ыстық сәттерімнің куәсі ғой. Мен Еуропа елдерінің қалай өмір сүретіндігін екі жыл сонда тұрғанымда өз көзіммен көрдім. Ол жаққа қыдырып барған бір бөлек, сонда өмір сүру мүлде басқа. Еуропаға оқуға түсуім, қазіргі «Тарлан батырлары» жобасының алғашқы қадамдары болатын. Себебі, мен ол жақта «бизнес-менеджмент» саласы бойынша білім алдым. Яғни, іскерлік қабілетімді жетілдіріп, кәсіпкерліктің қыр-сырына қанық болдым десем де болады. Англияда алған білімімнің де берері өз алдына бір төбе. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Биылғы оқу жылы бастала салысымен Қарағанды экономикалық университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратураға емтихан тапсырып, одан сүрінбей өттім. Әрине, күнделікті сабаққа баруға мүмкіндік бола қоймас. Десе де, әр қорытынды тоқсанда өзім барып емтихан тапсырып, тиісті бағамды алып отыратын боламын. Бұл менің өмірімдегі жетінші дипломым болады.(күліп) Бұның бәрі сол баяғы спорттың соңында кеткен уақытымды қайтарудың әлегі ғой. – Екі елде оқыдыңыз. Қазақ-ағылшын білім беру жүйесінде қандай да бір айырмашылық бар ма? – Меніңше, екі жақтың да білім беру жүйесі өте ұқсас. Бір ғана айырмашылық – екі елдің мәдениетінде. Ұлыбританияда өмір сүру үшін барлық жағдай жасалған. Тұрғындары да ерекше. Сен соғып кетсең де, сенен кешірім сұрайды. Саған танымайтын адамның өзі амандасып, күннің жақсы өтуін тілейді. Еуропада өмір сүру арқылы адамның барлығы теңдей екеніне көз жеткіздім. Ол жақта министр де, жұлдыз да, спортшы да сенімен бірге метромен кетіп бара жатқанда, тең өмір сүру, тең құқық дегеннің мағынасын түсінеді екенсің. Ал, білім жағына келер болсақ, ондағы мұғалімдер өз сағаты бойынша лекцияларын оқиды да кетеді. Содан студенттер өз керегін алады. Ал, біздегі білім ошақтары баланың білім сапасына жұмыс істейді. Яғни, мектеп директорынан бастап, мұғалімге дейін балаларды тәрбиелеп шығуды көздейді. – Соңғы кездері үлкен бокс кештерінде сіздің сарапшы болып жүргеніңізді көріп жүрміз. Бұл арнайы келісімшарт негізінде ме, әлде? – Ешқандай келісімшарт жоқ. Алғашында телеарналар ұсыныс жасағаннан соң бірқатар бокс кештерінде сарапшы болғанмын. Кейіннен бұл өзіме де ұнап қалды. Байқап қарасаңыз, кәсіби спортшылар сұхбат бергенде, сөйлегенде алаңдағы спортшылардың жәй-күйін терең түсініп тұрады. Сол жағынан алып қарағанда бұрынғы спортшылардың спорт сарапшысы ретінде көгілдір экраннан шығып жүргенін өз басым қолдаймын. Теледидар алдындағы көрермендер сан түрлі пікір білдіріп жатқанымен, бізге ненің ақ, ненің қара екені көрініп-ақ тұрады. Әсіресе, жерлесіміз Генадий Головкиннің кездесулерінде оның қалай қимылдап жатқанын, қандай көңіл-күйде тұрғанын, қандай тактиканы жүзеге асыруы мүмкін екенін байқап тұрамын. Маған бұл қиындық тудырмайды. Енді, жалпы елімізде осы саланы, яғни, кәсіби спортшыларды комментатор етіп қалыптастыру жолға қойылса, онда көрерменнің құлақ құрышы қанар еді деп ойлаймын. Осыларды ескере отырып, қазіргі кезде өз тарапымнан телеканалдарға ұсыныс жасап жүрмін. Көзі қарақты көрермен жақсы біледі, мысалы бокс немесе басқа да спорт түрлерінен зор жетістікке жеткен спортшылар мансабын аяқтағаннан кейін жарты жолда қалып қойып жүр. Жанкүйерлері жоғалтып алады. Әрине, бәрі емес. Мемлекеттік қызметке кетіп жатқандары да жетерлік. Алайда, спорттан хабары бар, ел спортының тарихында есімі ерекше аталатын майталмандар аз емес. Сондай тәжірибелі спортшыларды ауқымды спорт жарыстарына сарапшы маман ретінде шақырып, оны арнайы келісімшарт бойынша жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда спортшыға да тиімді, әрі, теледидар алдындағы көрерменге де түсінікті болар еді. Қазіргі кезде осы жұмыстардың тұжырымдамасын дайындап, телеканалдарға жіберуді көздеп отырмын. – Болашақта мемлекеттік қызметке ауысу ойыңызда бар ма? – Мен қазір жеке кәсіпкермін. Осы кәсібімді зор жетістікке жеткізіп, шалғай аймақтардағы жастарымызды спортқа баулуды ғана көздеп жүрмін. Бәлкім, осы саланы белгілі бір деңгейге жеткізген соң, мемлекеттік қызметке ауысатын шығармын. Бірақ, жуық арада емес. – Ғаламтор беттерінен сізді әнші Төреғали Төреәліге көлік сыйлады дегенді оқып қалдық. Қаншалықты рас? – Иә, ол рас. Төреғали мен Ерке Есмаханның ел ішінде ерекше таралған «Алло» атты әніне түсірілген бейнеклиптегі «Мерседес 221» маркалы көлік сол. Бұны қазақылықты дәріптеп жүрген танымал әншінің өнерін бағалау деп түсіну керек шығар. – Иә, жаңа жобаны қолға алып, сол үшін барын салып жатқан кәсіпкердің бос уақыты көп бола қоймас. Десе де, қолыңыз қалт еткенде немен айналысасыз? – Шынын айтқанда бос уақыт көп бола бермейді. Етене араласатын достарыммен де аракідік бір кездесемін. Көбінде жұмыс, отбасы деп жүріп көп нәрсеге көңіл аудармай қалып жатамыз. Десе де, арасында әйтеуір уақыт тауып, игі істерге қол ұшымды тигізгенді жөн санаймын. Мысалы, қайырымдылық шараларына. Жуырда ғана, «Тарлан» спорттық денешынықтыру-сауықтыру кешені спорттың әр түрінен қайырымдылық акцияларын өткізді. Қатысқан командалардан түскен қаржы мұқтаж жандарға жұмсалды. Олардың қоршаған ортаға сай бейімделіп, өмір барысын тауып кетуіне қолымыздан келгенше ықпал етуіміз керек деп санаймын. Бұл шаралар алдағы уақытта төрт аймақта да жүйелі түрде жүргізілетін болады. Және мүмкіндігі бар қазақстандықтарды сондай игі шараларға атсалысуға шақырар едім. Қарап отырсаңыз, мұқтаж отбасылардың мүмкіндігі тым шектеулі болғанына қарамастан, өмірге үлкен құштарлық танытып жатады. Ал оның қасында шүкір біздің он екі мүшеміз сау ғой. Сондықтан кейбір жағдайда басымызды салбыратып, қолымыздан келмейді деудің орнына, осындай шараларға белсене қатысқан жөн деп санаймын. – Өмір жолыңызда кездескен ең ауыр қиындық деп нені айтар едіңіз? – Жоғарыда сөз ыңғайында айттым ғой, спорттық мансабымда көп қиындық көрдім. Әсіресе, олимпиада жолдамасына дейінгі жол өте ауыр болды. Оны қайталап жатпайын. Одан кейінгі қиыншылық өзіңізге мәлім, ата-анамның ауырмай-сырқамай, бір-ақ күнде өмірден өте шыққандары болды. Бұл мен үшін өмірімде алған аса ауыр соққы еді. Сол сәтте ғана мен саналы ғұмырға аяқ басқандай болдым. Артымнан ерген бауырларым мен тұтас бір әулеттің жүгі менің иығыма түсті. Осылайша, арқа сүйерлерімнің өмірден өтуі мені бір-ақ күнде есейтті. Қалай, қайда бару керектігін білмей, абдырап қалдым. Мен үшін өмір сол кезден бастап тоқтап қалғандай көрінді. Бірақ, шүкір, қазір бәрі орнына келді. Ойлаған жоспарларым жүзеге асып, жұмысым алға басуда. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Ерғали ҚАРТАЙҒАН.