Биағаң жасаған бейнелер бедері өшпейді

7

Биыл «Үш бәйтерек» атанған қазақ әдебиетіндегі алыптарымыз Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл. Қамшының сабындай келте ғұмыр кешсе де, артында өшпес әдеби мұра қалдырған қайраткер қаламгерлеріміздің есімдері ешқашан жұрттың жадынан өшпейтіні ақиқат. Қазақ әдебиетінің алыптары саналған тұлғалар бейнесін жас ұрпақтың жадында жаңғырту үшін облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығының» ұйымдастыруымен «Қазақ әдебиетіндегі Бейімбет Майлиннің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Бейімбет Майлиннің өмір жолына шолу жасалған бейнесюжетпен басталды.
Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова Бейімбет Майлин шығармалары қазақ оқырмандары тарапынан қай кезде де зор сұранысқа ие екенін айтып өтіп, қонақтарды ашық әңгімеге шақырды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақ кеңес үкіметінің солақай саясатының кесірінен қазақ халқы талай әдебиет алыптарынан айырылғанын айта келіп, Бейімбет Майлиннің қазақ әдебиетіндегі орнына, «Шұғаның белгісі» повесіне жан-жақты тоқталып, «Күлпаш» әңгімесіндегі реализм туралы ой сабақтады. Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің профессоры Меңдібай Әбілов талантымен қазақ оқырмандарының жүрегінен жол таба білген дарабоздардың бірі Бейімбет екеніне тоқталып, оның соқтықпалы-соқпақты тағдыры жайлы тебірене ой толғады.
ТИГУ-дің профессоры Алмасбек Белботаев қазіргі таңда Майлинді оқырман көп оқығанымен, оның аты да, шығармалары да көп атала бермейтіні, оны қайтадан насихаттау қажетттігіне тоқталды. Мұнан соң Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Рахат Саламатова тақырыпты терең ашып, Бейімбеттің әуелі діни тұрғыдан сауатты болғанына, «Ғалия» медресесінде білім алғанына көңіл аударды. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың студенттері Айдана Төрткүлбаева Б.Майлиннің «Күлпаш» шығармасынан, Нұршат Айтбекқызы «Шұғаның белгісі» туындысынан үзінді оқып берді. Дөңгелек үстел барысында басқа да қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Иә, Биағаң жасаған бейнелер бедері жадымыздан ешқашан өшпек емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.