Экономика

Баға бақылауда болады

Баға бақылауда болады

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Өңірімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында Тараз қаласындағы бірқатар сауда орталықтары мен әлеуметтік дүкендерде арнайы тұрақтандыру қорының сауда сөрелері ашылды. Онда әлеуметтік маңызы бар 8 тауар түрі төмен бағамен сатылуда. Ол сөрелердің жұмыс істей бастағанына екі аптадан асты. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев бастаған жұмыс тобы жақында әлеуметтік тауарлар қойылған сауда орталықтарын аралады. Аталған топ алдымен әлеуметтік сауда орталығына барып, ондағы тұрақтандыру қорының ет өнімдері сатылатын сауда нүктелерін бақылап көрді. Ол базарда жылқының жаясы – 2000, басқа еті – 1800, сиыр еті 1700 теңгеден өткерілуде. Ал қой еті болса алдыңғы екеуіне қарағанда 200-300 теңгеге төмен бағамен саудалануда. Өткен жолы мұндағы бір сатушы алушыларына бекітілген бағадан жоғары бағаға қой етін сатқаны анықталып, оған ескерту беріліпті. Сатушылармен болған әңгіме барысында топ жетекшісі Берік Нығымашев соны еске түсірді. – Халықты алдамау керек. Сіздер тұрақтандыру қоры арқылы алушыға өз тауарларыңызды делдалсыз тікелей өткізіп отырғандықтан да бекіткен бағадан аспауға тиіссіз. Сиыр етінің килограмы 1700 теңге деп қойылды ма, ол сол бағаға өткерілуі керек. Егер әркім ойындағы бағасын айтатын болса мұны несіне әлеуметтік сауда орталығы деп атаймыз. Сондықтан да тұрақтандыру қорының талабын қатаң сақтауларыңызды сұраймын, – деді басқарма басшысы. Байзақтық «Жанат» шаруа қожалығының сатушысы Гүлмира Биторсықова жылқы етін жоғарыда аталған бағаға өткеруде. «Басқа базарларда жылқы еті 2300 теңгеден сатылуда. Оларға қарағанда мұндағы баға тұрақты. Сондықтан болар, бізден келіп алатындар қатары күн санап артып келеді», – деді ол. Сонымен бірге бұл базарда тұрақтандыру қорының 8 тауар түрі екі сауда нүктесіне орналасыпты. Әр заттың тұсына баға бағамы қойылған. Бұдан кейін Абай көшесінде орналасқан «Смарт» сауда орталығына атбасын бұрған топ мұнда тұрақтандыру қорынан жеткізілген карақұмық, күріш, қант, нан, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп, пияз, сәбіз секілді тауарлардың нарық бағасынан төмен бағадан өткеріліп жатқандығына қанықты. Осында «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Заңғар Кемеловті сөзге тарттық. – Қазіргі таңда тұрақтандыру қорының тауары 6 ірі сауда орталығында, 7 әлеуметтік дүкенде арнайы сөрелерге орналастырылды. Ол нарық бағасынан 10-20 пайызға төмен. Жалпы, белгіленген 19 әлеуметтік азық-түліктің сауда нүктелеріне шығарылып отырғаны тауардың 10 түрі. Атап айтсақ, нан – 55, қант – 190, күріш – 240, карақұмық – 250, картоп – 70, пияз – 45, сәбіз – 55, күнбағыс майының литрі – 325, жұмыртқаның бір данасы – 23 теңгеден өткерілуде, – деді ол. Бұдан кейін бірнеше сауда орталықтарында болдық. Дейтұрғанмен ол дүкендердегі азық-түлік бағасы тұрақтандыру қорының тауарына қарағанда едәуір жоғары екенін көрдік. Бір атап өтерлігі, шаһардағы «Смарт», «Гауһар» «Нұрислам», Алма», «Дәмдес пен «Халил» сауда орталықтары басқарманың ұсынысын бірден қабылдап, әлеуметтік сөрелерін ашуға ықпал етіпті. Сондай-ақ оны бір бұрышқа ысырып тастамай, тауардың түріне қарай бөліп, өз тауарларымен қатар орналастырып, алушы көретіндей етіп жоғарғы жағына «Жамбыл облысы әкімдігінің тұрақтандыру қорының тауарлары» деп жазып, іліп қойған. Қазіргі таңда басқарма шаһардағы 80 дүкенмен келіссөз жүргізуде. Алда олардың қатарын көбейту жоспарлануда. Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы әлеуметтік дүкендер санын 50-ге жеткізу жоспарланыпты. Бұл бойынша Тараз қалалық әкімдігіне тапсырма берілген. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайсар Сарытайдың айтуынша, әлеуметтік дүкендерді орналастыратын 100 орын анықталыпты. Енді ол жерлерді таңдау, қандай кәсіпкерлерді орналастыратындығын тұрақтандыру қоры анықтауы керек. Сонымен бірге ескеретін мәселе, бұған дейін қойылған әлеуметтік дүкендердің жалпы алаңы 21шаршы метрді құраса, бұл дүкенге келушілерге ол өте тарлық етуде. Сол үшін де оның көлемін 40 шаршы метрге кеңейту жоспарлауда. Сауда орталықтарына тауар тасып, олардың сұранысын орындап жүрген азамат тұрақтандыру қорының қойма меңгерушісі Нұрболат Жүрімбаев. «Біз қажетті азық-түлікті екі жабық жүк көлігімен сауда орталықтары мен әлеуметтік дүкендерге күнде жеткізіп отырамыз. Олар керек-жарағын кешке хабарлап айтып қояды. Біз бір күнде 12 сауда нүктесіне тұрақтандыру қорынан 3 тонна картоп, 2 тонна пияз бен 1,5 тонна сәбізді уақтылы жеткізіп берудеміз», – деді ол. Соңғы аялдағанымыз «Алма» сауда орталығы болды. Мұнда азық-түлік алуға келген адам қарасы қалың. Орталық қызметкері О.Нурматов өз сөзінде: «Біз тұрақтандыру қорының ұсынысын бірден қабылдап, бірге жұмыс жасап келеміз. Азық-түлік тауарларын арнайы сөрелерге өзіміздің тауарлармен қатар қойдық. Жалпы, жұрт қайсысын аламын десе де таңдау өздерінде. Қордың тауарын сөрелерімізге қойылғалы дүкенімізде алушылардың артқанын байқап қалдық. Алдағы уақытта да тұрақтандыру қорымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын боламыз», – деді ол. Дәл осы сәтте сөреден көкөніс алып жатқан қала тұрғыны Айбарша Балымбетовадан қандай тауар алатынын сұраған едік. «Бұл дүкенге өзім күнде келем. Жұмыстан қайтып бара жатып, бір-екі килограмм картоп, сәбіз, пияз ала кетем. Бағасы қол жетімді әрі арзан. Қаптап алайын десек, көп қабатты үйде тұрғандықтан да бөлмемізде азық-түлік сақтайтын арнайы орын жоқ. Сонымен керегімізді күнде килограмдап әкетіп отырамыз» – деді ол.

Тараз қаласы.