Саясат

Сарысуда көңіл қуантар істер көп

Сарысуда көңіл қуантар істер көп

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен баспасөз турының құрамындағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Сарысу ауданында болды. Журналистер Жамбыл облысының 80 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні мерекелеріне орай Жаңаталап, Маятас ауылдарындағы медпунктердің және Жаңатас қаласындағы көп пәтерлі тұрғын үйдің ашылу салтанатының куәсі болды.

Ауылдықтар дән риза

Жаңаталап ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің ашылу салтанатында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындарды жаңа денсаулық сақтау орталығымен және Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады. Жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт халықтың дертіне шипа табатын құтты орын болсын деп лебізін білдірді. Сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Ерубаев та ізгі ниетін жеткізіп, ауылдастары атынан алғысын айтты. Содан соң көпшілік жаңа нысанды аралап көрді. Онда екпе және қабылдау бөлмелері орналасқан. Олар толықтай заманауи жаңа үлгідегі аппараттармен жабдықталып, білікті мамандар қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Осы күні Жайылма ауылдық округіне қарасты Маятас ауылында да медициналық пункт ашылды. Аудан әкімі Қ.Мәдібектің айтуынша, денсаулық – баға жетпейтін асыл дүние. Бұл – мемлекеттің әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі. Осының нәтижесінде жаңа медпункттің іске қосылу рәсіміне куә болып отырмыз. Қоғамның басты байлығы – адамның денсаулығы мен оның әл-ауқатының өсуіне баса мән беріліп келеді. Емдеу-сауықтыру қызметінің сапасы артып медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығая түсуде. Жас мамандар тарту мәселесі де үнемі назарда. Салаға келген мамандарға әлеуметтік көмек пакеттері кедергісіз берілуде. Осы арқылы емдеу мекемелеріндегі кадр тапшылығы біртіндеп шешіліп келеді, – деді ол. Жиында Маятас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Қойшыбаев сөз сөйледі. «Жыл сайын ауылымыз гүлденіп, көркейіп келеді. Көшелерімізге жарық шамдар орнатылып, асфалт төселді. Ауызсу тартылды. Осындай жағдай жасаған мемлекетімізге алғысымызды білдіреміз, – деді ақсақал. Ал аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Бегманова өз сөзінде жаңа ғимараттардың толық итернет желісімен қамтылғанын айтты. «Мұнда күнделікті денсаулығына шағымданған жандар, әсіресе қарттар, балалар мен жүкті әйелдер, мектеп жасындағы жеткіншектер қажетті ем-домдарын, кеңестерін ала алады, – деді. Осы күні облыс орталығынан барған БАҚ өкілдері көпшілікпен бірге Жаңатас қаласында орналасқан 2-шағын ауданындағы 70 пәтерлі үйдің де пайдалануға берілуіне куә болды.

Жаңа істі қолға алған жас кәсіпкер

«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өз бизнесін құруға мемлекеттік гранттар беру конкурсында жеңімпаз атанған 20 жас кәсіпкердің арасында сарысулық Асылхан Ұзақбай да бар. Ол – Жаңатас қаласындағы 3-шағын аудан 22-үйдегі бос тұрған дүкен ғимаратын алып, жаңадан кәсібін бастап жатыр. Асылхан грантпен жеңіп алған 2 миллион теңгеге қағаз қиятын, сурет басатын арнайы құрылғылар сатып алыпты. Ол алдағы жоспары жайлы былай деді: «Қазіргі таңда бір азаматты жұмыспен қамтып отырмын. Досым Айбек Жұмадулла екеуміз бірлесе жұмыс істеп жүрміз. Келешекте тағы бір дизайнерді жұмысқа алсақ деген ойымыз бар. Осы ғимаратты жөндеуден өткізіп, керекті жиһаздарын алған соң, толық жұмысқа кірісеміз. Тұрғындар шыны аяқтарға, киімдерге сурет бастыру үшін Таразға, Алматыға ат сабылтпай, осы жерден тапсырыс беруге болады. Бағасы қолжетімді. Сурет салудан бөлек, кілтбау, визиткалар да жасаймыз. Алдағы уақытта бильборд жасау ойымызда бар. Ол үшін құрылғыларға тапсырыс беріп, жыл соңына дейін қолға аламыз, – деді Асылхан Ұзақбай. Бөденеден пайда көп

Ауласында өз кәсібін дөңгелеткен Ұйым ауылының тұрғыны Нұржан Құдайбергенұлы бөдене өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын саудалап отыр. «Бөдене құсын өсірмес бұрын интернеттен, газет-журналдардан қалай өсіру жолдарын зерттедім. Адамға пайдасы мол екен. Тауыққа қарағанда, бөдененің дене қызуы 2 градусқа жоғары. Сондықтан, оның жұмыртқасын ұдайы тұтынған адамның қан айналымы өте жақсы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Бұл құстың еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал дәмі тіл үйіреді әрі тойымды. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді», – деді ол. Нұржан қазіргі таңда 40 бөдене асырап отыр екен. Көп күтімді қажет ететін құс күніне 15 жұмыртқадан береді. Бір жұмыртқаның бағасы – 35 теңге. Ол енді тауық асырауды қолға алуды жоспарлап отыр.

Қызылдиқандықтар таза су ішеді

Осы күні аудандағы Қызыл диқан ауылында ауызсу жүйесі пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімде аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей құттықтау сөз сөйлеп, халықты сапалы ауызсумен қамту маңызды мәселе екенін айтты. «Мемлекет тығырықтан шығудың жолдарын дұрыс шешіп, тұрғындардың жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін жерасты сулары тиімді пайдаланылуда. Іске қосылғалы тұрған ауызсу жүйесі тек ауылдықтардың игілігі үшін жасалып жатқан іс, – деді ол. Айта кетерлігі, Қызыл диқан ауылында 4 әлеуметтік нысан осы ауызсу жүйесімен қамтылған, мұндағы халық саны 500-ге жақындайды. Ал нысанның құны 162 миллион 400 мың теңге, бас мердігер – «ИМПУЛЬС-ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Сарысу ауданы.

Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.