Спорт және туризм

Ерғалиға екінші орын бұйырды

Ерғалиға екінші орын бұйырды

Шымкент қаласында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы мен Қазақстан журналистер одағы Шымкент қалалық филиалы бірлесіп, БАҚ өкілдері арасында спартакиада өткізді. Бұл жарысқа еліміздегі үшінші мегаполистегі әріптестеріміз өздерінің мықты командаларын қатыстырды. Бұл додада барлық командалар мен жекелеген ойыншылар барын салып бақты. Жарысқа біздің облыстан, анығырақ айтсақ, облыстық «Aq jol» газетінің Шу, Мойынқұм аудандарындағы меншікті тілшісі Ерғали Қартайған бильярдтың «Мәскеу пирамидасы» түрі бойынша қатысып, жүлделі орынға таласты. Ол осынау журналистер арасындағы спартакиадада өзін жақсы қырынан көрсете білді. Тастаяқ шеберлері сынға түскен жарыс «Айжарық» бильярд клубында өтті. Ойыншылар бірнеше топқа бөлініп, өзара үздіктерді анықтады. Екінші топқа түскен Ерғали Қартайған топтық кезеңдегі үш ойында да қарсыластарынан басым түсіп, ширек финал жолдамасын қалтаға салды. Әріптесіміз жартылай финалда «Оңтүстік» телеарнасының директоры, Қазақстан журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдырмен финалдық жолдаманы сарапқа салды. Бұл кездесуде Ерғали қарсыласынан айласын асырып, шешуші ойынға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Турнир барысында жасындай жарқыраған Ерғали Қартайған финалда «Рейтинг» командасының намысын қорғаған Нұрлан Нұрбековке қарсы ойнады. Кездесу шиеленіске толы жағдайда өрбіді. Бірінші кезеңде әріптесіміз дәлдігімен көзге түсіп, қарсыласынан 8:5 есебімен басым түсіп, жеңістің ауылын жақындатқан болатын. Алайда Нұрлан Нұрбеков екінші кезеңде жиналып үлгерді. Сауатты ойнай білген ол 8:1 есебімен басым түсіп, жеңісті жұлып алды. Шешуші үшінші кезең ұзаққа созылды. Қос қарсылас әрбір жұмсайтын соққысын мұқият бақылады. Шабуылдан соң ақ шарды да, қызыл шарды да бақылауда ұстауға тырысты. Реті келгенде әдемі шабуылдап, лузаға шарларды тоғытуды да ұмытпады. Екі мықтының арасындағы текетірес кезең соңына дейін тең жағдайда өтті. Қос қарсылас бір-бірін ала алмай, әбден аңдысты. Психологиялық тұрғыдан да шайқасқа түсті. Өкінішке қарай кезең соңында Ерғали қателікке бой алдырып, 8:7 есебімен тәжірибелі қарсыласына есе жіберіп алды. Бұл Ерғалидың өзге қаладағы тұңғыш қатысқан турнирі екенін бағамдасақ, екінші орын сөзсіз тамаша нәтиже. Доданы шымкенттік әріптестер жоғары деңгейде ұйымдастырғанын да айта кеткен жөн. Жарыс қорытындысында екінші орын биігінен көрінген әріптесіміз дипломмен, арнайы кубокпен және 125 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Жарайсың, жеңісті жорығың жалғасты болсын, Ерғали!

«Aq jol-Aqparat».