- Advertisement -

Өңірге инвестиция тарту ісінің игілігі мол

151

- Advertisement -

Баймаханбет АХМЕТ

Алдыңғы күні өңірімізде «бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялар тарту және инвесторларды сүйемелдеу жөніндегі фронт-офис өз қызметін бастады. Оның ашылу салтанатына салалық басқармалар басшылары мен бірқатар инвесторлар қатысты. Тұсаукесер рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кеңсесінің өңірімізге инвесторлар тарту ісі оңтайландырылуына қомақты үлес қосатынына сенім білдірді.
Бұдан кейін «Жамбыл облысының инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығы» МКК-нің басшысы Дамир Егізбаев жиналғандарды жобалық кеңсенің жалпы құрылымымен, қызметтік ерекшеліктерімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл – еліміз өңірлерінде ашылып жатқан бірыңғай құрылымдық әлеуетке ие, бірыңғай үлгідегі фронт-офистердің бірі. Аталған орталық Тараз қаласындағы Қойгелді батыр көшесінің бойындағы №173 мекен-жайда орналасқан. Жаңа құрылымдық жүйе инвесторлардың мемлекеттік қызметтер алуына қолайлы жағдай жасалуын ғана емес, барлық рәсімдердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Әрі мемлекеттік органдардың бірлескен іс-қимыл әрекеттері тиімді болуына да септеседі.
Фронт-офис алаңында тікелей инвесторлармен жұмыс істейтін кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар және жер қойнауын пайдалану, жер қатынастары, мемлекеттік сәулет-құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көші-қон полициясы, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ мен «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалдары секілді әкімшілік құрылымдар мен «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын азаматтарды несиелендіру шарттарын түсіндіріп, насихаттайтын кредиттік ұйымдар орналастырылатын болады. Әлбетте, «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетілуі қандай мәселенің болсын бір жерде оңтайымен шешілуіне де мүмкіндік бермек.
Осында өткізілген баспасөз мәслихатында Нұржан Сәбитұлы журналистерге бұл жөнінде тарата айтып берді.
– Өңірімізге инвестиция тарту – экономиканың басты факторларының да бірі. Жергілікті атқарушы органдар да осы бағытта бірқатар жұмыстар атқаруда. Ал мына орталықтың Үкіметтің ағымдағы жылдың тамыз айында барлық өңірлерде инвесторларға «бір терезе» қағидаты аясында қызмет көрсететін фронт-офистер ашу жөніндегі тапсырмасына сай ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында ашылып отырғаны үлкен қуаныш деп білемін. Айта кету керек, өңірімізде бүгінгі күні инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылған. Жүзеге асырылуы жоспарланған 70-тен астам жоба бар. Олардың жалпы құны 8 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды. Барлығын алдағы уақытта жүзеге асырамыз деп отырмыз. Биыл 19 миллиард теңгенің 10 жобасын іске асырдық. Жылдың аяғына дейін тағы да қосымша бес жобаны жүзеге асыру көзделуде. Оның жалпы құны 70,6 миллиард теңгені құрайды. Биыл мемлекет пен үкімет тарапынан белгіленіп, алға қойылған индикаторлар жоспарларының барлығының орындалуын жеделдетіп, жүйелі жолға да қоямыз деген ойдамыз, – деп атап өтті ол.
Басқосу барысында бірқатар инвесторлар жылы лебіздерін жеткізді. Солардың бірі – Түркияның «Yildirim Holding» компаниясының бас атқарушы директоры Измаил Джейлан бұл бастаманы қуана құптайтынын айтып:
– Қазақстанды өз үйімдей сезінемін. Соңғы он жыл ішінде жұмыс бабымен мұнда жиі келіп жүрмін. Әр келгенімде де қазақ елінің жылдан-жылға дамып, гүлдене түскенінің куәсі боламын. Біз осы дамыту ісіне өзіндік үлесімізді қосқымыз келеді. Қазақ жері газ, мұнай, басқа да қазба кендерге өте бай. Мұндағы өнеркәсіп өндірісін алға бастыру үшін жаңа заманауи техникалар мен технологиялар қажет. Оларды молынан жұмылдыру арқылы жер асты байлығын игеріп, елдің сапалы дамуын қамтамасыз етуге де болады. Мысалы, сода өзге мемлекеттерде бар да, Қазақстанда жоқ. Біз, міне, осы олқылықтың орнын толтырып, әлемде баламасы жоқ кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салғымыз келеді. Ал Сарысу ауданы аумағындағы Соркөлде тұздың 25-30 жылға жететін мол қоры бар. Оны да игеру мәселесі қарастырылуда. Өндірген өнімдеріміздің қажетті көлемдегіден артылғанын шетелдерге экспортқа да шығаратын боламыз. Зауыт салынуымен байланысты экономиканың басқа салалары да дамиды. Бұл тұрғыдағы ұйымдастыру жұмыстарының бәрі де біту сатысында тұр. Келер жылдың маусым айында зауыт құрылысын бастауға дайынбыз, – деді.
Бұдан кейін «Жаңатас жел электр стансасы» ЖШС-ның аймақтық менеджері Наурызбек Жұмағазин, «Aurum Deutscland» ЖШС-ның коммерциялық директоры Ерлан Сабырбаев, «Тараз химия паркі» арнайы экономикалық аймағы» АҚ-ның дамыту жөніндегі басқарушы директоры Қайсар Қаптаев, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Жамбыл облысы бойынша аймақтық өкілі Арнольд Геринг сөз сөйлеп, фронт-офистің облыс экономикасы мен өнеркәсібі дамытылуына ерекше ықпал ететінін атап өтісті.
Жиын барысында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға да жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support