Шаруалар мемлекет тің қолдауын сезінуде
Шаруалар мемлекет тің қолдауын сезінуде
Істің көзін тапқан шаруа қожалықтар отарлап қой өсіріп, гектарлап дән себуде. Айталық, биыл ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 13 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 590 шаруа қожалығы төмен пайызбен несие алып, шаруашылықтарын көтеруде. Биыл ауданда 1 өндірістік кооператив, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 31 шаруа қожалығы жаңадан құрылса, 2 шаруа қожалық ірілендірілді. 168 шаруа қожалығы қора-қора малын елді мекен маңындағы жайылымдарға ортақтаспай қыстауларға шығарған. Биыл күздік бидай – 2500, арпа – 4600, жүгері – 1000, мақсары – 7100, көкөніс пен бақша дақылдары 529 гектар алқапқа себіліп, егілген. Бұдан бөлек, 4563 гектар аумаққа басқа да бақша дақылдары егіліп, аудан бойынша 20292 гектар егістік жер игерілген болатын. Өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі 223 гектарға артқан. Жиын-терін науқанында 7100 гектар алқап ораққа түсіп, бидайдың әр гектарынан 18,5, арпадан 19,6 центнерден өнім жиналып, қамбаға 14 мың тонна астық құйылды. Егін орағына 28 комбайн, 30 автокөлік, 20 трактор тіркемелерімен қатысты. Бүгінде жер игерем деген қожалықтардың қатары артқан. Олар бұрыннан бос жатқан жерді игере отырып, 2000 гектар пар айдаса, 3150 гектар алқапқа күздік бидай сепкен. Егістік жерге 617 гектар алқап қосылып, суармалы жер 400 гектарға ұлғайды. Қазіргі таңда аудан қорындағы 3 миллион 136 мың гектар жердің 552 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылуда. Егістік жерлердің құнарлылығын арттыру мақсатында шаруашылық құрылымдары 874 тонна тыңайтқыш алған. Тамшылатып суғару жүйесін «Жантөре-Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 50 гектар көкөніс, бақша және жүгері егістіктеріне енгізген. Бұл технологияны одан әрі дамыту үшін Игілік ауылынан арнайы жер беріліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында құдық қазу қарастырылуда. Ауданда төрт түліктің басы жыл санап артуда. Атап айтсақ, жылқы басы – 6480, мүйізді ірі қара – 20304, қой-ешкі 226590 басқа жеткен. Осының есебінен 6 мың тонна ет, 5 мың тонна сүт өндірілген. Бордақылау алаңдарында 375 бас бұқа бордақыланып етке өткізілген. «Меркі ет комбинаты» мен «Оңтүстік халал тағамдары» кәсіпорны арқылы 3383 бас қозы еті сатылып, 60 тонна ет экспортталған. Асыл тұқымды мал шаруашылықтарын «Елдос-2004», «Ынталы», «Раш», «Сәт-Сағын», «Бірлік», «Тәуекел», «Айтуған» және «Абылай» шаруа қожалықтары дамытуда. Соңғы кездері ауыл шаруашылығы техникалары да жаңаруда. Айталық, биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Ақ ниет», «Бақдәулет» шаруа қожалықтары құны 2 миллион 400 мың теңгені құрайтын жылжымалы тұрғын үй вагонын сатып алған. Бұдан бөлек, «Қанай», «Тұрғын», «Игілік» шаруа қожалықтары осындай үйге өтінім беріп қойыпты. «Саудакент кредиттік серіктестігі» қаржы ұйымы арқылы «Бірлік» пен «Қозықырған» шаруа қожалықтары «Беларусь МТЗ-892,2» мен «Беларусь МТЗ 1221,2» тракторларын қосалқы құрылғыларымен несиеге рәсімдеп отыр. «Мақсары өнімдері» және «Ұшқын» шаруа қожалықтары да жаңа тракторларға қол жеткізген. Сонымен қатар «Саудакент-Жантөре» ЖШС 46 миллион теңгеге «ҮTO-LX2204» тракторын, 21 шаруа қожалық 243 миллион теңгеге 44 техника, бір сүт жинайтын танкер алған. Жаңатас қаласында жеке кәсіпкер Фархат Шайымқұловтың сүт цехын салуда. Жастарды қолдау мақсатында 20 азаматқа өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін 35,5 миллион теңге грант берілген. Онда құс, бөдене жұмыртқасы, түйіршіктелген құрама жем, шағын жылыжай, құлпынай өсіретін жобалар да бар. Сондай-ақ өз кәсібін ашқысы келген жұмыссыз және мүмкіншілігі шектеулі 194 жасқа қайтарымсыз 505 мың теңгеден берілген. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Жамбыл облысының тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынып, Үкіметте мақұлданды. Қосалқы шаруашылыққа бұл таптырмас табыс көзі. Жылдық пайызы 2,5 пайызбен, бір жылға демалысы қарастырылған. Оның бірден-бір жолы есік алдындағы жер телімін тиімді пайдаланып, қорадағы малдың өнімділігін арттыру. Бұл қанатқақты жобаға біздің аудандағы Саудакент ауылы еніп отыр. Бүгінгі таңда 200 азаматтан өтінім жиналып, 826 миллион теңге алуға ұсыныс жасалды. Әлі де қосымша 80 үй іргесіндегі жобаны қаржыландыруға мүмкіндік бар. Мұның барлығы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылмақшы.
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист.