Саясат

Ұстай білмесең - қасіретің...

Ұстай білмесең - қасіретің...

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда бірнеше өзекті мәселе қаралды. Әуелі облыстық полиция департаменті экстремизмге қарсы күрес басқармасының бастығы Бейбіт Нәлеков хабарлама жасап, өңірімізде деструктивті бағытты ұстанушылар мен жақтастары азаймай отырғанына, олардың кейбірі заң жолымен жазаланып жатқанына тоқталды. Сондай-ақ ол жоспарға сәйкес бейнебақылау қондырғыларын орнату бойынша 1112 нысанға зерделеу жүргізгендерін, бұл жұмыс «Қайқармет», «Автогид» секілді базарларда өз деңгейінде емес екендігін мәлімдеді. Осы сәтте облыс әкімінің орынбасары тұрғындар көп жүретін базар, сауда орындары қожайындарына қатаң талап қою керектігін айтып, жұмсақтыққа жол беруге болмайтынын ескертті. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа Сарысу, Мойынқұм аудандарында теолог маман жоқ екенін жеткізіп, Байзақ, Талас, Жамбыл аудандарында бұл жұмысты мамандығы басқа адамдар атқарып отырғанын, мамандарды арнайы курстан өткізу өзекті мәселе екендігін көтерді. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров үш тоқсанның қорытындысы бойынша Тараз қаласы мен Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарында ілгерілеу бар екенін айтып, бірқатар аудандағы кемшіліктерге тоқталды. Қырғыз елімен көршілес аудандарға рұқсат етілмеген діни әдебиеттердің келуі тыйылар емес. Кәсіпкерлер салып берген мешіттерді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына тіркеу бойынша Т.Рысқұлов, Шу, Жуалы, Талас аудандарында мәселе бар екенін тілге тиек етіп, мешіттерді 30 күнге сақтауға толық жететін мүмкіндігі бар бейнебақылаумен қамту Т.Рысқұлов, Жуалы аудандарында шешілмей отырғанын жеткізді. Мұндай жағдай Тараз қаласының да кейбір мешіттерінде кездескен. Жақында облыстағы 388 мектептің дінтану пәнінен сабақ беретін 460 мұғалімі тестілеуден өткен. Нәтижесінде Тараз қаласында 16,6 пайыз, Сарысу ауданында 2,4 пайыз ілгерілеу бар екені байқалған. Өзге аудандардың барлығы төмен нәтиже көрсеткен. Дінтану пәні бойынша мұғалімдердің білім деңгейі 73,27 пайызды құраған. Бұл – төмен көрсеткіш. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы барлық аудан әкімдерінің орынбасарларымен онлайн байланысқа шығып, неге бұл көрсеткіштің төмендеп кеткенін сұрап, оларға тек сылтаумен құтылуға болмайтынын ескертіп, жұмысты ширатуды қатаң тапсырды. Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров келесі жылға жасалған кешенді жоспарларын таныстырды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова қорытындылап, Тараз қаласы мен аудан әкімінің орынбасарларына айтылған олқылықтарды тез арада түзеп, дін мәселесіне сергек қарау қажеттігін атап өтті.

Есет Досалы