Өңірдің дамуына жаңа серпін керек
Өңірдің дамуына жаңа серпін керек
Жамбыл және Талас аудандарының әкімдері ауысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттардың келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Сәкен Арубаев Жамбыл ауданының, Бақыт Қазанбасов Талас ауданының әкімі болып тағайындалды. Облыс әкімі Асқар Мырзаxметов аймақтарға арнайы барып жаңа әкімдерді аудан активтеріне таныстырды. Тағайындалған екі әкімге өңірдің экономикасын дамытуға нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Алдымен Жамбыл ауданында болған аймақ басшысы ауданның облыс орталығына жақын орналасқандығына көңіл бөлу керектігін баса айтты. Біле білгенге, облыс орталығына жақын орналасу – үлкен мүмкіндік. Осы ерекшелікті ескере отырып ауданның экономикасын, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамытуды сәтті сабақтастыра білу қажет. Актив отырысында осылай деген өңір басшысы осы артықшылықты тиімді пайдаланып, өңірдің әлеуетін арттыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ қосалқы шаруашылықты шалқытып, әлеуметтік мәселелерді оңынан шешу жолында жүйелі жұмыс жүргізуді жүктеді. Өз кезегінде Сәкен Қаланұлы артылған сенім үдесінен шығуға тырысатынын, ауданның ахуалын жақсарту мен тұрмысын түзеу жолында талмай тер төгетінін білдірді. Бұдан соң Талас ауданына атбасын бұрған облыс басшысы Бақыт Қазанбасовты аудан активіне таныстырып, бірқатар өзекті жайттарға тоқталды. Облыс әкімі басқосу барысында ауданның тоғыз айдағы көрсеткіштері көңіл көншітпейтінін жасырмады. Бекітілген индикаторлардың орындалуын тоқсан сайын, жарты жылдық және тоғыз айлық бойынша қорытындыланып отыратынын айтты. Алайда Таласта бірқатар көрсеткіштер кенжелеп қалған. Бір ғана мысал, аудандағы оқу ошақтарын бақылау бейнекамераларымен қамту іс-шаралары мардымсыз. Осыны айрықша атап өткен аймақ басшысы Бақыт Қазанбасовтың тәжірибесі бұл бағытта жемісті жұмыс жасауға өз септігін тигізеріне сенім білдірді. Басты бағыт ретінде өңірдің экономикалық дамуына серпін беру үшін нақты жүйені қалыптастыру – негізгі мақсат болып отырғанын тілге тиек еткен облыс басшысы бұл тұрғыдағы мұрат-мүдделер ескеріле отырып, осындай шешім қабылданғанын жеткізді. Ол ғана емес, ендігі ауданның көрсеткіштерін көтеруде аудан әкімінің орынбасарлары мен ауылдық округ әкімдеріне де зор жауапкершілік жүктелмек. Яғни бір ғана аудан әкімінің ауысуымен бар мәселе шешілмейді. Ауданның әлеуетін арттыруда барлық деңгейдегі басшылар жұмыла жұмыс жасауы тиіс. Бұл ретте индикаторлық көрсеткіштердің орындалмауына тікелей жауапты аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдерінің де жұмысының нәтижелігі бағаланып, нақты шешімдер қабылданып отырмақ. Бұл бір ғана Талас ауданы емес, барлық аудандарға қатысты. Асқар Исабекұлы осыны баса айтып, ауылдық әкімдіктердің де жұмысын жүйелей түсудің маңыздылығына тоқталды. Жұмысы сылбыр жауапты тұлғаларға ширайтын кез келгенін ескертті. Айта кетейік, Бақыт Алпысбайұлы 2017 жылдың тамызынан бастап бүгінге дейін Жамбыл ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келген болатын. Ал бұған дейін ауданды басқарып келген Досмұханбет Әлиев өз мамандығына сай басқа салада еңбек етпек.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.