Саясат

Ауыл азамат тарының ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмайды

Ауыл азамат тарының ұсыныс-пікірлері назардан тыс қалмайды

Тұрғындардың арыз-шағымдарына, ұсыныс-пікірлеріне жергілікті атқарушы органдар айрықша ден қойып, олармен жүйелі әрі шынайы жұмыс жүргізіп, уақтылы шешімдер қабылдап отыруы тиіс. Бүгінгі күннің басты талабы – осы. Бұл туралы бүгін облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асқар Мырзахметов Жуалы ауданында өткізген қоғамдық қабылдауында айтты.Партияның аудандық филиалы ғимаратында өткен қабылдауға ауданның алты тұрғыны жазылған екен. Олар көкейкесті сауалдарын қойып, орамды ой-пікірлерін ортаға салды. Айталық, Қайрат ауылының тұрғыны Кәрібай Құрмашев аудандағы 19 елді мекенді газдандыру мәселесін көтеріп, ауылдастарының талап-тілегін жеткізді. Өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров керек қаражаттар қарастырылып, жобалық құжаттар жасалғанын, алайда елді мекендер «көгілдір отынға» кезең-кезеңімен қосылатынын айтты. Өңір басшысы Асқар Исабекұлы тұрғындар өтінішін назарға алып, газ құбыры тартылып үлгерген ауылдарды шетінен «көгілдір отынға» қоса беретіндей бір жолын қарастыруды, тиісті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Негізі Қоңыртөбе ауылындағы Д.Пахомов атындағы орта мектепке жапсарлас ғимараты керек. Өйткені алты оқу кабинеті жоқ және спорт зал салу мәселесі де біраздан шешімін таппай келе жатқан түйткіл. Ауыл тұрғыны Сабыр Түймебаев облыс әкіміне осы өтінішті жеткізді. Оның сұрағына облыстық құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров жауап беріп, ол үшін 198 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттардың әзірленгенін, аталған жұмыстар келер жылы толығымен жүзеге асатынын айтты. Ал нұрлыкенттік Мухиддин Нұрпейісов көтерген ауылға Мәдениет үйін салу мәселесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында шешімін табатын болды. Облыс әкімі осы орайда елді мекендердегі жаңадан бойы көтеріп жатқан Мәдениет үйлерін тиімді пайдаланудың өзектілігіне тоқталып, ондай ғимараттарды әмбебап нысан ретінде салу мүмкіншілігін ескеру керектігін баса айтты. Бір сөзбен айтқанда, Мәдениет үйі спорт зал ретінде де ыңғайластырылып, барынша ауыл тұрғындарының қажеттілігіне үздіксіз қызмет етуі тиіс. Облыс басшысының аудандағы қоғамдық қабылдауына жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Олардың қатарында жер, жайылымның жайы туралы мәселелерді айрықша атауға болады. Қабылдауда жуалылықтар әлеуметтік мәселелерге көбірек тоқталды. Шақпақаталық Смаул Көбесов ауылдағы амбулаторияның тұрғындарға тарлық етіп отырғанын, аудандық аурухананың қызмет көрсету сапасы көңілден шықпайтынын, саладағы маман тапшылығын ашына айтты. Сондай-ақ Теріс ауылының тұрғыны Оралбек Махашов ауылдардағы мал дәрігерлерінің жұмыстары ойдағыдай емес екенін жеткізді. Облыс әкімі көтерілген сауалдардың өзектілігін айтып, бұл орайда арнайы комиссия құрылып, нақты тексеріс жұмыстарының жүргізілетінін атап өтті. Қорытындының шынайы әрі нәтижелі болуы үшін құрылатын комиссия құрамына арызданушы тұлғалардың өздерін барынша тарту керектігіне айрықша тоқталды. Асқар Исабекұлы жауапты тұлғаларға тұрғындардың әрбір арыз-шағымымен жіті жұмыс жасап, кем-кетіктер мен орын алып отырған олқылықтарға өз деңгейінде барлау жасап, заң аясында шешім шығарып отыруды тапсырды. Айта кетейік, облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы алдағы уақытта басқа да аудандарда жалғасын таппақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жуалы ауданы.