- Advertisement -

Тектұрмастың таңғажайып жерасты жолдары

341

- Advertisement -

Тараз – күллі қазақ тарихының алтын діңгегі екеніне ешкімнің дауы болмаса керек. Қойнауына талай сырды бүгіп жатқан құт мекеннің біз әлі танып-білмеген сан сыры, қаншама құпиясы бар десеңізші?!
Жұрт аузында аңыз болып айтылып, тарих болып қатталып жатқан тылсым оқиғалар, деректер мен дәйектер, әфсаналар көне шаһарымыздың келешекте көптеген туристің ағылып келіп, тамашалайтын, қасиетті орындарын тәу ететін туристік мекен етеріне сенім мол. Бүгінде сол бағытта біршама жұмыстар атқарылып жатыр.
Сол тарихи Тараздың тылсымының бірі – Тектұрмас. Сәулетшісі мен құрылысшылары белгісіз бұл қасиетті орын жайлы түрлі аңыздар айтылады. Сауда керуендері жүріп өтетін тоғыз жолдың торабында орналасқан бұл маңда адам айтса нанғысыз құбылыстар болып тұрған деседі. Аңыздардың бірінде айшылық алыс жерлерден жүріп келе жатқан керуен дәл осы жерге келгенде тоқтап қалатын көрінеді. Тек қана құран бағыштап, дұға еткендер ғана одан әрі сапарын жалғастырады екен. Сондай-ақ, мұнда таң намазы кезінде ерекше әуеннің үні естіледі-мыс. Оны зерттеушілер осы адырдың үстінен меридиан белдеуі өтеді деп түсіндіреді.
Алайда бұл ерекше орынды тек қана мұсылмандардың еншісіне телуге болмайды. Өйткені мұнда зороастризм және христиандық зираттардың да орны сақталған.
Біз бүгін Тектұрмас тарихи кешені туралы емес, оның маңында орналасқан таңғажайып жерасты жолдары туралы айтпақпыз. Күні бүгінге дейін ол жайлы сан түрлі сөз айтылып келеді. Бірақ оны нақты зерделеп, дерегін шегелеген ешкім жоқ. Жерасты жолдарын зерттеу жұмыстары осыған дейін бірнеше мәрте жүргізілген. Алайда қандай да бір себептермен аяқсыз қалып келген.
Кесененің төменгі жағына орналасқан жерасты жолдары жайлы ел аузында түрлі аңыздар бар. Онда екі жылқы, одан әріректе 300 жылқыға дейін сыйып кететін алаң бар делінеді. Ұзын дәліз көне Шахристан, Ақыртас сарайы, Талас өзені арқылы өтіп қала шетіндегі монша, Ботамойнақ шатқалы, Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян елді мекені, Қырғыз Алатауының көптеген үңгірлері, тіпті Түркістандағы Қ.Ясауи кесенелерімен жалғайды делінген деректер келтіріледі.
Белгілі жамбылдық журналист, жазушы, спелеолог-зерттеуші Амантай Айзахметов өз уақытында осы жерасты жолдарын зерттеумен айналысқан. Соның нәтижесінде жазылған кітабында ол тас пен күйдірілген кірпіштен өрілген дуалға тап болғанын айтады. Үңгірдің төбесін сең басқан, ал айналасы қатты опырылып тұрғандықтан, зерттеушілерге барынша сақ болуға тура келген. Олар төмен түскенде ең бірінші кезекте жылқының тағасына тап болады. Бұл зерттеушілердің одан сайын қызығушылығын тудырып, ары қарай қадам басуларына ықпал етеді. «Мұнда көргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді Амантай Айзахметов кітабында: «Жердің астында мүлде басқа әлем. Басқаша бояу, басқаша сезім. Тұзды бөліністерге тұнған тастар шыны әйнекпен қапталғандай ерекше түс береді. Жаздың аптап ыстығында да мұнда аса салқын. Тұңғиық тереңнен бетіңе мұздай леп еседі. Біздерге беймәлім құлаққа ұрған танадай тыныштық, көзге беймәлім қара түнек. Тек шахтерлерге арналған жарықты бас киімнің сәулесі ғана алмас қылыштай сол қара түнекті кесіп өтеді. Қорқыныш, құштарлық, белгісіздік. Қорқынышты жеңеміз, құштарлыққа ие боламыз, ал белгісіздік бізді одан ары тереңге түсіре берді. Бізде мүлде басқа планетада жүргендей сезім. Қызыл марстық ландшафт. Иә, мұнда ауа да өзгеше, тыныстап болмайсың…».
Осындай қызықты деректердің анық-қанығын білу үшін Қарлығаш Аралбекова бастаған облыс әкімдігінің туризм басқармасы бүгінде үлкен жұмыс бастап отыр. Олар Тектұрмастың таңғажайып жерасты жолдарын туристер игілігіне жарату жұмысын қолға алды.
– Ол үшін арнайы комиссия жасақталды. Комиссия құрамына тарихи үңгірді осы уақытқа дейін зерттеп жүрген тарихшылардан бастап, оны қазу барысында қажет болатын барлық мамандық иесін жұмылдырдық. Біз жерасты жолының қаншалықты тереңдікте жатқанын, оны қалпына келтіруге мүмкіндіктің бар-жоғын байқап көрмекпіз. Жоспарымыз жүзеге асып жатса, бұл жер Тараздың туристік бағытының үлкен бір табысты бөлігі болғалы тұр. Облыстың 80 жылдығына орай кешен маңында үлкен құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын білесіздер. Тектұрмастың кіреберісіне ұзындығы 13 метр, тұғыртасы 8 метр биіктікті құрайтын Әулиеата ескерткіші орнатылуда. Мұндай алып жобалар өңіріміздің жаңа тынысын ашатынына сенім мол, – дейді Қарлығаш Әмірқызы.
Расында, тылсымға толы мекеннің жерасты жолы, аспанмен астасқан Әулиеата ескерткіші алдыңнан қарсы алатын кешеннің келешегі қай-қайсымызды да бейжай қалдырмайды. Сондықтан қазба жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын, қандай да бір жаңалығын cіздермен алдағы уақытта да бөлісіп отыратын боламыз.

Маржан РАҚАЙ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support