- Advertisement -

Өңірімізде суармалы алқаптардың көлемі де, өнімі де артуда

49

- Advertisement -

Баймаханбет АХМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы алғашқы Жолдауында «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап көрсеткен-ді. Ал аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуға тиіс. Осыған байланысты жұмыстар біздің облысымызда да қарқынды түрде өрістеуде.
Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде «Егістік, суармалы жерлерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев жан-жақты тарата айтып берді.
Жалпы, облысымыздағы суармалы жер 1991 жылы 209,1 мың гектарды құраса, былтыр 182,4 мың гектар көлемінде болыпты. Бүгінде осы алқаптың 97 мың гектары суармалы жер ретінде пайдаланылуда, ал 86,2 мың гектары қалпына келтірілуге жатады. Сондай-ақ облыстың суармалы егіс алаңын ұлғайту бойынша әзірленген картаға сәйкес жайылымға ауысып кеткен 24,7 мың гектар алқаптың 17,1 мың гектары қайтадан суармалы жерге ауыстырылмақ екен.
Мұнымен қатар, облыс аумағында «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2019 жылы – 284, 2020 жылы – 30,84 мың, 2021 жылы 41 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жұмыстар Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы арқылы жүзеге асырылатын болады.
Ағымдағы жылы жоспарға сәйкес облыс аумағындағы 17,1 мың гектар суармалы жер, сондай-ақ «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының» – 2 фазасы» республикалық бағдарламасы бойынша 15,2 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілуде.
Бұл жұмыстар 109,2 мың гектар суармалы алқапқа ағын су жеткізілуіне мүмкіндік бермек.
– Әрине, суармалы жер тұрақты су көзін қажет ететіні белгілі. Осыған орай су қоймаларының жағдайы да ретке келтірілуде. Мәселен, «Қарақоңыз», «Тасөткел», «Ынталы» су қоймаларына қайта жаңғырту жұмыстары аяқталса, 44,3 мың гектар жерді ылғалдандыруға жол ашылады. Сонымен қатар аталған бағдарлама аясында 2021 жылға дейін көлемі 40,9 миллион текше метрді құрайтын 3 су қоймасын – Қордай ауданында «Ырғайты» және «Қалғұтты», Байзақ ауданында «Ақмола» су қоймаларын салу көзделіп отыр. Олар іске қосылған кезде 34,5 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етілуі деңгейі едәуір артатын болады, – деді Берік Болатұлы.
Оның айтуынша, «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорны базасында құрылған облыстық механикалық жасақтың күшімен 2018-2021 жылдары 388 километр су шаруашылығы нысандарын жөндеп, 20 мың гектардан астам суармалы алқапты қалпына келтіру көзделіп отыр екен. Аталған кәсіпорын биыл ұзындығы 65 километрді құрайтын су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 4843 гектар суармалы алқапты қалпына келтірген. Соңғы екі жылда жалпы көлемі 6247 гектар алқап толықтай сумен қамтамасыз етіліпті. Бұл іс одан әрі жалғастырылу үстінде. Нәтижесінде 2019-2021 жылдар аралығында жалпы облыс бойынша суармалы алқаптың көлемі 210,6 мың гектарға жеткізілетін болады.
Міне, осындай жұмыстардың арқасында үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егістік алқабының көлемі 687,1 мың гектарға жетіп, бұрнағыдан 9,7 пайызға артқан. Биыл ақ егістің әр гектарынан алынған орташа өнім 23 центнерді құрап, 763,2 мың тонна астық бастырылыпты. Сөйтіп, былтырғыдан 92,2 мың тонна өнім артық алынған. Бұл да қуантарлықтай нәтиже.
Баяндамашы облыста ағын суды үнемдеу мен өнім көлемін арттыру мақсатында ылғал сақтау, су үнемдеу технологияларының қамту аумағы артып отырғанын да атап өтті. Өңірімізде 2015 жылдан бастап отырғызыла бастаған үдемелі бақтардың көлемі 1064 гектарға жеткен. Облыс аумағындағы 300 жылыжай өз өнімдерімен маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың әзірге 23 пайызын қамтамасыз етіпті. Жылыжайлар саны алдағы уақытта да арта түспек. Басқарма басшысы өңірде мал басы көбейіп, негізгі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі артып отырғанын да атап өтті.
Басқосу барысында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support