Экономика

Емге зәруге – ешкі сүті дәру

Емге зәруге – ешкі сүті дәру

сондай-ақ балық пен құстың түр-түрін өсіруге де қаржылай қолдау көрсетілуде

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымы сүт бағытындағы асыл тұқымды ешкі өсірушілерді несиелендіруге дайын. Микроқаржы ұйымының директоры Самат Қосалиевтың айтуынша, «Заанен» тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы сүтті мол беруінде екен. Отандық ешкі күніне 1,5-2 литр сүт берсе, заанендіктер күніне 8 литрге дейін беретіндігімен ерекшеленеді. Оның жүні отандық ешкі сияқты сабалақ емес, өте жұқа, тықыр келеді. Күніне екі мәрте сауылатын оның сүтінің әр литрі нарықта 500 теңгеден өткерілуде. Биыл өңірімізде малдың бұл түрін өсіруге ниет білдірген шаруа қожалықтарға микроқаржы ұйымы 528 миллион теңге несие беріпті.

Ешкі сүті – анемия, тағамдық аллергия, туберкулез, асқазан, ішек-қарын жолдарының, диабет, диатез ауруларына ем. Сонымен бірге ол ағзаның қорғаныс қызметін арттыруға, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруға, көздің көру қабілетін арттыруда пайдалы екен. Сондай-ақ ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері мен аскорбин қышқылы бар. Оның үстіне жуас келеді. Оның бір лағының өзі базарда 100 мың теңгеге бағаланады. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы «Аққу» шаруа қожалығы осы ешкіні баптап, сауып, төл алып отыр. Қожалық жетекшісі Кенжебек Сейдахметов – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының сүйемелдеуімен «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша білім алғандардың бірі. Мұның пайдасы оның несие алып, кәсіп бастауына сеп болыпты. – Біз ешкі сүтінен қаймақ, құрт, сары май, ірімшік, йогурт, айран және брынза өндірудеміз. Өндірген өнімнің басым бөлігін Алматы қаласына өткереміз. Қазіргі таңда шаруашылықта 20 лақ бағылуда. Осы кәсіпті бастауыма қолдау көрсеткен «Атамекен» ұлттық палатасы мен «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымының өкілдеріне алғысым шексіз, – деді К.Сейдахметов. Ешкі сүтінің адам ағзасына тигізер пайдасы туралы жоғарыда айттық. Десе де сүті бактерицидтік қасиеттерге бай, онда сиыр сүтінде жоқ биологиялық белсенді заттар бар. Оның арқасында ешкі сүті ұзақ сақталады, ол бөлме температурасында 3 күн бойы қышқылданбайды, ал тоңазытқышта бір аптадан артық бұзылмай тұра береді екен. Жапонияда мектеп жасындағы балалар тамағына ешкі сүті енгізілген. Мыңдап қой өсіретін моңғолдар да бүгінде оның орнын ешкімен алмастыруда. Осындайда оның сүтін қазақ балалары неге тұтынбасқа деген ой келеді. Биыл «Атамекен-Тараз» микроқаржы ұйымы ешкі, құс және балық өнімдері бағытындағы жобаларға қолдау көрсетті. Өйткені өңірімізде бұл салалардың ақсап тұрғаны белгілі. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бүгінгі таңда бұл бизнес түрін өңірімізде дамытуға бастамашы болып отыр. Мәселен, құс шаруашылығында – түйетауық, бройлер, үйрек, қаз, бөдене, өсімдік шаруашылығында – өңірде сирек кездесетін таңқурай, лимон, жүзім, бадам, балық шаруашылығанда – бекіре, форель балықтарын өсіруде тәжірибелі салалық сарапшылардың 30-ға жуық тізімін жасақтаған. Сан саланы қамтыған практик-сарапшылар осы бағытта кәсібін өрбітемін деген кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге дайын. – Бүгінгі таңда кәсіпкерлер палатасы осындай жауапты істі қолға алып отыр. Яғни сарапшыларды тарту арқылы өңір кәсіпкерлігін дамытуға, түрленуіне, экономикалық серпіліс жасауына жол ашпақ, – деді агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Ермек Ділдабеков. Мәселен, лимон саласында шақыртылған сарапшы Серғазы Бекмұратов жамбылдық кәсіпкерлерге лимон өсіру технологиясын үйретіп, жылыжай соғу жұмыстарына араласыпты. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының «Жас кәсіпкер» және «Бастау» жобалары аясында 505 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болған жастардың 200-ге жуығы «Заанен» ешкісін, 70-тен астамы құс шаруашылығын құрған.

Ақбота БАТЫРБЕКОВА, журналист.