Экономика

Ет экспорты экономиканы көтереді

Ет экспорты экономиканы көтереді

Экспортталған тауардан қыруар пайда түсіп, экономика қарыштап өседі. Әсіресе, ет экспортының орны бөлек. Сондықтан Елбасы алыс-жақын шетелге жіберілетін оның көлемін жылдан-жылға арттыру туралы Үкіметке нақты тапсырма бергені белгілі. Мемлекет басшысы алға қойған осы міндеттің өңірде орындалуы облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінің күн тәртібіне шығарылды.

«Жамбыл облысында 2011-2015 жылдарға арналған ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту кешенді жоспарының орындалуы туралы» облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Абдалы Нұралиев баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне қарағанда өңірде мал шаруашылығы саласын дамытуда ілгерілеушілік бар. Биылғы 7 айда мүйізді ірі қара 388,2 мың, қой-ешкі 2 миллион 867 мың, жылқы 107,8 мың және түйе 5945 басқа жеткен. Төрт түліктің бәрінен де өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өсім байқалады. 50,4 мың тонна ет, 160,3 мың тонна сүт өндірілген. Кешенді жоспарды орындау барысында «Сыбаға» бағдарламасы аясында 12692 бас мүйізді ірі қара малының аналығы мен 568 бас асыл тұқымды бұқа сатып алыныпты. Үш жылға белгіленген жоспар 139,2 және 171,6 пайыз орындалса да бағдарлама арқылы аналық мал басын сатып алудың жылдық жоспарының орындалуы аудандарда әрқалай екендігін слайд арқылы жеткізген басқарма басшысы 411 шаруа қожалығында 26045 бас аналық мүйізді ірі қараның тұқымдық түрлендіруге қатынасып жатқанын еске салды. Одан әрі ол Жуалы, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі және Шу аудандары тұрғындарының мүйізді ірі қара малының 80 пайыздан астамы сүт бағытында екеніне тоқталып, негізінен бұл жұмыс Талас, Сарысу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында қолға алынып жатқанын атап көрсетті. А.Нұралиевтің баяндауынша шетелден мал әкелуді Қордай ауданының шаруашылықтары ғана жүзеге асырып отыр екен. Жоспарда белгіленген шаралар аясында өткен жылы 2100 басқа арналған бордақылау алаңдарын құру жоспарланса, жыл соңына дейін облыстағы шаруа қожалықтары өз қаражаты есебінен 3620 басқа арналған 10 бордақылау алаңын құрып, жоспар 172,3 пайыз орындалыпты. Ал, биыл 3 мың басқа арналған бордақылау алаңын құру қажет болса, бүгінге дейін небәрі 1140 басқа ғана осындай орын құрылған. Байзақ, Шу және Меркі аудандарында ғана бұл шаруа жүзеге асқан. Жамбыл, Жуалы, Сарысу, Т. Рысқұлов, Талас, Қордай, Мойынқұм аудандарында биылғы жылғы жоспар орындалмауда. Облыстың бас аграрының тағы бір назар аударғаны – Ауыл шаруашылығы министрлігімен жасалған меморандумға сәйкес, облыс 2014 жылдың соңына дейін экспортқа 100,0 тонна ет шығаруы тиіс екендігі болды. Қырғыз Республикасындағы қауіпті эпизоотиялық жағдайға байланысты орнатылған буферлік зонадағы шектеулер алынып тасталған жағдайда қыркүйек-қазан айларында 100,0 тонна сиыр етін экспорттау жоспарланыпты. Бүгінгі таңда Ресейде қалыптасып отырған ахуалға орай ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттауға шаруашылықтарға үлкен мүмкіндіктер ашылып отырғанын да еске салған баяндамашы мұны мүлт жібермеуді де атап өтті. Қордай ауданындағы «Бай-Нұр» және Меркі ауданындағы «Олжа» шаруа қожалықтарының әрқайсында 3 мың басқа арналған 2 озық технологиялы бордақылау алаңы құрылып жатса, «ЛКЗ» ЖШС 2000 тонна шошқа етін экспортқа шығаруды жыл аяғына дейін кестеге сәйкес жүргізетін көрінеді. Жалпы алғанда аталмыш кешенді жоспарды орындауға қажетті инфрақұрылым құрылыпты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы одан әрі сүт-тауарлы және отбасылық типтегі шағын мал бордақылау фермалары құрылатынын, бұл бағытта «Там құрылыс» холдингі нақты 9 жоба бойынша жұмыс атқарып, жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол малайзиялық «Агростан фармс» компаниясымен меморандумға қол қойылғанын, осы жоба арқылы облысқа 350 миллион доллар көлемінде инвестиция тартылатынынан да хабардар етіп, Мойынқұм, Сарысу, Талас және Шу аудандарынан мүйізді ірі қара малын өсіруге 651 мың гектар ауыл шаруашылық жерін бөлу белгіленгенін атап көрсетті. Жоба бойынша 30 мың бас ірі қара малына арналған 500 мал фермасы салынатын көрінеді. Венгрия мемлекеті кәсіпкерлерімен жоспарланған бірлескен жобаларды да еске салды ол. Баяндамасын қорытындылай келе А.Нұралиев күн тәртібінде өткір тұрған мәселені түпкілікті жүзеге асыру үшін аудандар мен Тараз қаласының әкімдерінің бақылауында болуы тиіс мәселелерді атап көрсетті. Облыс әкімі алқалы жиынның күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің өзекті екеніне тоқталып, облыста бір жылда қанша тонна ет өндірілетінін сұрады баяндамашыдан. А. Нұралиевтің берген жауабына қарағанда 96 мың тонна екен. Дегенмен, 100 мың тонна өндіруге де мүмкіндік бар көрінеді. Кәрім Нәсбекұлының пайымдауынша Қытайда бір адам бір жылда – 3, Ресейде18 килограмм ет жесе, ал біздің елде 84 килограмм ет тұтынады екен. Өзімізді етпен толық қамтамасыз ету үшін жан басына әлі де 34 килограмм ет жетпейді. Облыс басшысы дағдарыстың азық-түліктен болатынын атап көрсете келе, тамақ болмайды емес, болатынын, алайда, бағасы қымбаттайтынына назар аударды. Мойынқұм ауданынан 10 мың бас ірі қара малын ұстау үшін 27 мың гектар жер берілгенін де атап көрсетті. Облыс әкімі Елбасымен Ұлытау төрінде телеарна тілшісімен өткен сұхбатты еске ала келе, ет және басқа да азық-түлік тауары экспорты туралы өз ойын ортаға салды. Қазіргі уақытта шаруалардың Ресей рыногына шығуына зор мүмкіндік туғанын айтты. Тараз қаласының маңында сүт және ет өнімдерін өңдейтін 100-ден аса шағын цех бар екен. Облыс аумағынан өтетін 500 шақырымға жуық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының екі жағын қоса есептегенде 1000 шақырым болатын еларалық жол бойынан қаншама шағын ферма ашуға болады деді облыс әкімі. Израйльдіктер ешкі сүтінің аса құнарлы екенін біліп, ондағы фермерлер жол бойларында осы бір қарапайым кәсіптің өзінен пайдаға кенеліп отырғанын да жеткізді. Облыс әкімінің тағы бір назар аударғаны – мүйізді ірі қара малының cалмағы болды. Мәселен, бізде бір басының салмағы 200-250 килограмм болса, шетел малының салмағы 500 килограмға дейін тартады екен. Кейінгі бірер күнде аптап ыстықтың беті қайтып, күн салқындай бастады. Ал кешегі аптап ыстық қысқы мезгілде қақаған суығымен қайталанады. Сондықтан жем-шөптің мол қорын жасау маңызды. «Мал-жан аман ба?» деп бірінші малдың амандығын сұрайтын елдің алдындағы төрт түлігі аман болуы тиіс. Мал аман болса жан да аман. Осыны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы мен аудан және Тараз қаласы әкімдерінің естеріне салды. Басқарма басшысының жауабына қарағанда биылғыдай ауа райының қуаңшылық кезінің өзінде 1 миллион 100 тонна пішендеме дайындалыпты. Шөп дайындау 91 пайызға орындалыпты. Қалай болғанда да төрт түлік үшін жемнің де, шөптің де берік қорын жасау қажет. Көктемде де, жаздың үш айында да көктен тамшы тамбаған өңірде шөп мәселесі қиындық туғызады. Арық-атыз, сай-салада бір тал шөп қалдырмай орып алу маңызды. Ауылдағы күн көрісін малдан айырып отырған ағайын осыны бүгіннен ойлағаны абзал. Бұл мәселеге облыс әкімі бекер алаңдап отырған жоқ. Кәрім Нәсбекұлы ветеринариялық ахуалға да назар аударып, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма берді. Облыс әкімінің тағы бір тоқталған мәселесі – елтірі болды. Қорғаныс министрі Серік Ахметов облысқа жасаған жұмыс сапарында қорғаныс саласын елтірімен қамтамасыз ету мәселесі көтерілгенін алға тартып, бұл шаруаға Кеңес Ақаев басқаратын құрылымды жұмылдырудың маңыздылығын еске салды. Кезінде елтірісімен аты шыққан Мойынқұм, Талас және Сарысу аудандарындағы елтірі өндірудің бұрынғы озық тәжірибесін қайта жаңғырту өмір талабы екеніне назар аударды. Бұл шаруаны ширатуды да тиісті басқарма басшыларына тапсырды. Шу және Талас аудандарының әкімдері Бақытжан Нүркенов пен Болат Рысмендиев күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша хабарлама жасады. Облыс әкімі екі іргелі өңірді басқарып отырған әкімдерге де, олардың әріптестері мен тиісті басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Алқалы басқосуды қорытындылаған облыс әкімі Меркі ауданы аумағындағы екі-үш рет тұтанған алапат өртке алаңдаушылық білдіріп, тиісті басқарма, бөлім, күш құрылым басшыларына «тілсіз жаудың» неден тұтанғанын анықтап және алдағы уақытта болдырмаудың нақты шараларын қабылдауды қатаң міндеттеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».