Әлеумет

Екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ

Екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылық жоқ

Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сооронбай Жээнбековпен бірге Бішкектегі «Ата бейіт» Ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды. Мемлекеттер басшылары 1916 жылғы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға орнатылған ескерткішке гүл шоғын қойды. Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қабіріне барып, рухына тағзым етті.

* * *

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков шағын құрамда келіссөздер жүргізді. Қазақстан Президентін «Ала-Арча» резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін, екі елдің мемлекеттік Әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт берді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сооронбай Жээнбеков Құрмет қарауылын аралап өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін «Ақсақалдар» залында шағын құрамдағы келіссөздер өтті. Тараптар екіжақты стратегиялық серіктестік бойынша, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттағы, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы көптеген мәселелерді қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековке қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, оның қазақ-қырғыз ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалады. Қазақстан Президенті өзінің Бішкекке жасаған мемлекеттік сапарына зор мән беретінін атап өтіп, екі бауырлас халық арасында ешқандай қарама-қайшылықтың жоқ екенін айтты. Сооронбай Жээнбеков Қазақстан Президентінің сапары екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сооронбай Жээнбековті 2020 жылы Қазақстанға сапармен келуге шақырды.