Спорт және туризм

Жамбылдық жас балуандар екі алтын жүлдемен оралды

Жамбылдық жас балуандар екі алтын жүлдемен оралды

Тайбэйде (Қытай) жасөспірімдер арасында еркін күрестен Азия чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде сары құрлықтың кіл «сен тұр, мен атайын» балуандары сынға түсіп, өзара кім мықты деген сауалға жауап іздеді. Бұл додада Қазақстан намысын қорғаған балуандар толайым табыстарға қол жеткізді. Жалпы Азия чемпионатында ұлттық құраманың жас балуандары 3 алтын жүлдені қоржынымызға түсірсе, оның екеуі жамбылдық оғландар Нұрданат Айтан мен Нұрланбек Әбдінұрдың еншісінде. Бұл екі балуан да айтулы жарыста өздерінің шын мықты екендіктерін дәлелдей білді. Айтулы аламанда атой салған сайыпқыран-дарымызды жамбылдық спорт жанкүйерлері Тараз қаласындағы темір жол бекетінен зор қошеметпен қарсы алды. Екеуінің де жүзі балбұл жанады. Екі оғланымыз да Азия чемпионатында сенім үдесінен шыққандарына бек қуанышты. Шәкірттерінің жеңісті жорығы облыстың аға жаттықтырушысы Руслан Сексенбаевты да зор қуаныш сезіміне бөлегенін аңғару қиын емес.

– Тайбэйдің Тайджун қаласындағы Азия чемпионаты тартысқа толы жағдайда өтті десем, қателеспеймін. Боз кілемде барлық елдің спортшылары барын салып бақты. Шүкір, біз үкілеп қосқан екі саңлақ та чемпион атанып, елге абыроймен оралып отырған жайымыз бар. 52 килограмм салмақ дәрежесінде белдескен Нұрланбек Әбдінұр бес кездесу өткізіп, қарсыластарының барлығынан айласын асырды. 38 килограмм салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрданат Айтан да қарсыластарының барлығын жеңіп, мерейімізді тасытты. Үкілеп аламанға апарған Нұрданат Айтан финалдық кездесуде үндістандық балуанның аптығын басса, Нұрланбек Әбдінұр жапониялық жампозды жеңіп кетті. Екі баламыз да облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының түлектері. Ел қоржынына түскен үш алтын медальдың екеуін біздің облыстың өрендері иеленгені бізді қатты қуантты. Бұйыртса алдағы уақытта да жоғарыда аттары аталған спортшылар биік белестерді бағындырады деген үмітіміз зор. Олар енді тек талмай, аянбай тер төгулері керек. Төккен тер түптің-түбінде өз нәтижесін берері сөзсіз, – дейді Руслан Сексенбаев жанарынан шаттықтың оты ұшқындап. – Бұл жарыста екі бала чемпион атандық. Мен он бес жастамын. Жарысқа дайындаған бапкерлеріме, ағаларға, интернаттағы тәрбиешілеріме рахмет айтамын. Додада салмақ ұстаудан басқа қиындық болған жоқ. Алғаш тайбейлік балуанмен белдесіп, 10:0 есебімен басым түстім. Бұдан соң моңғолиялық спортшыны да 10:0 есебімен жеңдім. Ал финалда жапониялық балуаннан 2:0 есебімен жеңіліп жатып, екінші кезеңде таза жеңіске жеттім, – дейді Азия чемпионы Нұрланбек Әбдінұр өз ойын ортаға салып. – Осынау аламанда 38 килограмм салмақ дәрежесінде бақ сынадым. Ә дегенде жапон балуанымен белдестім. Белдесу 3:3 есебімен аяқталды. Алайда соңғы әдісті мен жасағандықтан, жеңіс менің еншіме жазылды. Негізгісі финал ғой. Онда үндістандық оғланмен кездесіп, Алланың қалауымен 8:3 есебімен жеңіске жеттім. Додаға дайындап апарған бапкерлерге, ата-анама, қолдаушыларымның барлығына шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді Нұрданат Айтан қуаныштан жүрегі атқақтап. Аламанда атой салған саңлақтарымыздың арманы асқақ. Олар болашақта бұдан да үлкен жарыстарда Қазақстанның көк Туын көкте желбіретіп, Әнұранымызды шырқағылары келеді. Мұны сайыпқырандарымыздың өздері айтты. Бозбала кезде-ақ жеңістің биік тұғырынан көрінген қос оғланнан біз де үлкен үміт күтетініміз рас. Жеңісті жорықтар жалғасты болсын!

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.