Тәуелсіздік тірегі
Тәуелсіздік тірегі
Кез-келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі. Ертеде адамдар ру-тайпаға бөлініп, қоғамдасып өмір сүргендігі және сол қоғамына сай өз тәртіптері, салт-дәстүрлері, заңдары болғандығы тарихтан мәлім. Арада сан ғасыр өтіп, адамның сана-сезімінің өсуінен тәртіпке деген талаптар күшейіп, қоғамда жазбаша түрдегі қағидалар пайда бола бастады. Өткен ғасырлардың данышпандары өз заманында өздерінің шешендік, білгірлік қасиеттерімен елеулі із қалдыра білді. XVIII ғасырда буржуазиялық революциялар жеңіске жеткен сәттен бастап конституциялар халық атынан қабылдана бастады. 1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң он екiншi сайланған тоғызыншы сессиясында тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы, ал, 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституция қабылданды. Бұл Ата Заңымыз бүкілхалықтық талқылаудан өтті. Сөйтіп, осы күн халықтың жалпы дауысымен референдумда қабылданғандықтан, Конституция күні мерекесі болып белгіленді. Сол уақыттан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Конституция мемлекетіміздің тарихи дамуының негізі ретінде ғана танылып қоймай, ол барлық заңдардың бастауы болып табылады. Онда адамның жеке бас бостандығы, жеке өміріндегі құндылығы, сондай-ақ, билік тармақтарының қоғамдағы рөлі айқын тұжырымдалған. Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады. Мұның өзі Ата Заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Айымбала Мешелова, Тараз мемлекеттік университетінің магистранты.