Әкімшілік рәсімдерді реттеудің жаңа тетіктері болады
Әкімшілік рәсімдерді реттеудің жаңа тетіктері болады
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын насихаттау мақсатында облыс аумағында бірқатар маңызды кездесулер мен пікір алмасулар ұйымдастырылды. Жолдауды насихаттауға арналған әр мемлекеттік органның әдістемелік ұсыныстары дайындалып, өз бағыттары бойынша тиісті жұмыстары атқарылуда. Соның бірі – қазіргі уақытта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жобасы қаралуда. Жоба барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен, құқықтық қауымдастықпен және Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді. Заң жобасы әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға, соның ішінде мемлекеттік органдардың ведомствоаралық қызметін ұйымдастыруға, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі әкімшілік іс жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Заң жобасы «Әкімшілік рәсімдер туралы», «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңдарды жоюды және жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттарға сәйкес әкімшілік рәсімдерді реттеудің жаңа тетіктерін енгізуді ұсынады. Жобада тұлғаға қатысты әкімшілік акт қабылданғанға дейін оны тыңдау және дауды міндетті түрде сотқа дейінгі реттеу құқығы регламенттелген. Арнайы әкімшілік шешімдегі сәйкестілік, сенім білдіру құқығын қорғау, формальді талаптарды асыра пайдалануға тыйым салу қағидаттары белгіленген, оларды сақтамау сипаты мен мәніне қарай әкімшілік актіні заңсыз деп тануға негіз болуы мүмкін. Жария-құқықтық сипаттағы дауларды шешу бойынша жеке сот ісін жүргізуде жаңа механизмдер енгізіледі. Заң жобасында жеке тұлғаның әкімшілік органмен дауласқан сот процесінде құқықтық мүмкіндіктерін теңестіретін құқықтық құралдар көзделген. Атап айтқанда, дәлелдеу ауыртпалығы дау айтылған әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органға жүктеледі. Заң жобасының мақсаттары: – жария құқықтық қатынастар саласында әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізуді жүзеге асырудың құқықтық негіздерін, қағидаттарын белгілеу және бірыңғай заңнамалық актімен бекіту; – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және әкімшілік озбырлықты жою, сыбайлас жемқорлық фактілерін тудыратын жағдайлардың жолын кесу; – мемлекеттік басқару қызметінің тиімділігі мен халықтың мемлекетке деген сенімін арттыру; – әкімшілік органдардың шешімдерін тиімді және толық сот бақылауына арналған критерийлерді белгілеу болып табылады. 2020 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік органдардың барлық интернет-ресурстарының, сондай-ақ «электрондық үкімет» порталының Мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасына көшуі жоспарланған. Берілген шара пайдаланушылар үшін «бірыңғай терезені» құруға, уақыт ресурстарын үнемдей отырып іздеу тапсырмасын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жалпы, ӘРПК-ні қабылдау жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау сапасына және құқықтық мемлекет идеяларына сәйкес мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастардың жаңа кезеңін қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Сондай-ақ күнделікті азаматтардың өтініштерін қарау, проблемалық мәселелерін заң шеңберінде қарастыру бақылауға алынып отыр.
Дәурен ДАЙРАБАЕВ, облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы.