Жаңалықтар

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ ДІҢГЕГІ

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ДАМУДЫҢ ДІҢГЕГІ

Тарих сахнасында үш мың жылдай өмір сүрген дала өркениетінің негізі түптеп келгенде, ел болып бірігу, ұлт болып ұйысу жолындағы күрестің тарихы еді. Осы жолда Күлтегін жазбаларындағы «Менің өзімнің ханым бар, мемлекетім бар халық едім, енді менің мемлекетім қайда, ханым қайда» деген түркілердің сар даласының ішкі мұңын білдіретін таңбалы таста қашап жазылған жазуларында бірліксіз елдің болашағын балта шабады деген ұғым жатқандай. Қазақ хандығы кезеңінде «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдары қазақ халқын топтастырды, ала ауыздығын тыйды, мемлекеттігін күшейтіп, дала демократиясының негізін салды. Ол – тарихи шындық. Еркін демократиялық қоғамның дамуын тездетуде тәуелсіз Қазақстанның саяси тарихының жаңа белестері ашылады. Егеменді еліміздің барлық саладағы жетістіктері, мемлекетіміздің халықаралық беделінің өсуі 1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституциямыздың әр бабымен тығыз байланысты. Бұл Конституцияны қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, олардың 89,14 пайызы жаңа Конституцияның қабылдануын қолдағаны бәрімізге белгілі. Қай кезеңді алып қарасақ та, халқымыз заңды жоғары бағалап, мойынсұнған. Онда көрсетілген барлық талап, ережелерді өз қалпында орындай отырып, ұрпағына тәртіп сіңіре білген. Соның дәлелі «Ұрлық түбі – қорлық», «Тек жүрсең, тоқ жүресің» деген аталы сөздеріміз, ешкімнің мүлкін ұрламау, бұзақылық жасамау туралы тәлім-тәрбие. Әр кезде де халықтың игілігі үшін қызмет атқаратын заңдарымыз, әуелі адамзаттың бостандығы мен құқығын қорғауға негізделген. Қандай да заңды алып, көз жүгіртсеңіз, ең бірінші азаматтардың бостандығын жоғары орынға қоя отырып, құқықтарының қорғалуын көздейді. Осының бірден-бір айғағы Ата Заңымыздың тоғыз тарауының бір тарауы адам және азаматтардың бостандығы мен құқығына арналған. Ата Заңымызға енген 98 баптың 29 бабы Қазақстан халқының құқығы мен бостандығын қорғауға арналғандығы еліміздің демократиялық мемлекет екендігін айқындайды. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің бір атаның баласындай ауызбірлікте, татулықта, теңдікте ғұмыр кешуіне еліміздің Конституциясы кепілдік береді. Нәсіліне, ұлтына, ұлысына, сенім-нанымына қарамастан барлығына тең қарайтын қазақ елінің Ата Заңы әрқашанда өз биігінде көрінетіні сөзсіз. Сонымен, осыдан он тоғыз жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 19 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі – Ата Заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Тоқтала кететін тағы бір жайт, еліміздің Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 19 жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай алмағайып заманда Қазақстанның Ата Заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Қазақ елі өтпелі кезеңнің дағдарысынан шығып, әлемдік қауымдастықтың тең дәрежелі өркениетті серіктесіне айналуы үшін уақыт талабына сәйкес, Ата Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу шараларына жүгінді. 1998 жылы 7 қазанда Ата Заңның 19-бабына өзгертулер енгізген заң актісі қабылданды. Осы заң актісінің негізінде Конституцияға мынадай бағытта: Қазақстандағы көппартиялылықты дамыту, Парламенттің құзіретін кеңейту, Үкіметтің қызметін одан әрі жетілдіру, Президент пен Парламент депутаттарының қызмет мерзімін ұзарту, қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру, жергілікті әкімшілік басшыларының сайлануына қатысты өзгерістер енгізілді. Конституцияға түбегейлі жаңа нормалар енгізген «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы құқықтық мемлекет құрудың әлеуетін одан әрі күшейте түсті. Бұл Ата Заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларды Қазақстан демократиялық реформалардың жалпы ұлттық бағдарламасы деп қабылдау керек. Өйткені, бұл қазақстандық модель мен дүниежүзі таныған үрдістердің үйлесімділігін тапқан жол. Қоғамның экономикалық, әлеуметтік және интеллектуалдық әлеуеті өркендеген сайын оны басқару жүйесінің саяси негізі де сәйкесінше өзгеріп отырады. Ол осындай өзгерістерге ұшырамаған жағдайда аталмыш әлеуеттің өркендеуі жолында жасанды кедергілер кездесуі әбден мүмкін – бұл адамзат тарихында талай рет дәлелденген ақиқат. Сондықтан да еліміз «әуелі экономика, содан соң – саясат» қағидасын ұстана отырып, әлеуметтік-шаруашылық бағытта ірі табыстарға қол жеткізгесін ғана саяси реформа мәселелерін күн тәртібіне қойып, олардың негізгі арқауы – мемлекеттік басқаруды демократияландырудың ағымдағы өзекті істерін жүзеге асырып келеді. Осындай саяси да, тәжірибелік те маңызы зор ауқымды істің бастамасы Елбасымыз Н.Назарбаев 2007 жылғы мамыр айының 16 жұлдызындағы Парламент палаталарының бірлескен мәжілісінде жасаған баяндама болып табылады. Бұл баяндамадан туындайтын шаралар тәуелсіз Отанымыздың саяси тарихының жаңа беттерін ашуға заңнамалық негіз құрастыратын болады. Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерде өмір сүріп жатқан азаматтардың құқықтарының қорғалуына мемлекет әрдайым кепілдік жасайды. Халқымызға осындай қамқорлық жасап отырған Ата Заңымызды құрметтеу және оған бойұсыну елдің әрбір азаматының қасиетті борышы мен парызы деп білуіміз қажет. Сонымен, басты міндетіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Ең бастысы, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдан астам дамуындағы бүгінгі жетістіктерінің баршасы Ата Заңымыздың тиімділігін анық айқындап отыр. Конституция 20 жылдан астам тәуелсіз дамуға сеп болып қана қойған жоқ, Құжаттың нормативтік әлеуеттері де халыққа талай қызмет етіп, демократиялық, құқықтық мемлекеттіліктің одан әрі беки түсуіндегі прогресс жолында мығым заңдық негіз болып қала бермек. Осы тұрғыдағы ойымызды Елбасының сөзімен түйіндесек, «Конституцияны қатаң ұстану - бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру – бұл демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау. Өзіміздің елімізді, өзіміздің тарихымызды, өзіміздің жетістіктерімізді қалай құрметтесек, оны да солай аялауымыз керек. Конституцияны сыйлай білмесек, оның талаптарын мүлтіксіз орындай алмасақ, онда қоғамдық келісімге, тәртіпке, бейбітшілікке және тыныштыққа жету мүмкін болмайды, яғни, мұндай жағдайда Отанның ырыс-берекелі болашағы туралы айтудың да қажеті жоқ».

Дария Қожамжарова, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.