Құқықтық қоғам қорғаны
Құқықтық қоғам қорғаны
Латын тілінен аударғанда «құрылыс» деген ұғымды білдіріп, мемлекет құрудың, ел болудың тетігі деген түсінік қалыптастыратын Конституция сөзі қазақ халқы үшін жат сөз емес. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елдігімізді сақтап қалған Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысында да дала билігін даналықпен ұштастырған конституциялық идеялар нақты көрініс тапқан. Адамгершілік, имандылық, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу, тілімізді, ділімізді, мәдениетімізді, халықтық дәстүрлерді көзіміздің қарашығындай сақтау қағидатын санасына ананың ақ сүтімен бірге дарытқан ата-бабаларымыз жетімін жылатпаған, жесірін далаға тастамаған. Тоқсан рулы елді толқытқан соғыс, бейбітшілік, барымта, құн, жетім, жесір дауларын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен түйіндеп, екі жақты да разы қылып отырған. Баталы билердің аталы сөзіне хан да, қара да тоқтаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін араға екі жыл салып, яғни, 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның тұңғыш Конституциясы қабылданғаны белгілі. Алайда, кешегі кеңестік жүйенің тонын қайта айналдырып тіккен Ата Заңымыз өркениет көшіне ілесе алмады. Ел азаматтарының құқықтары мен билігін жүзеге асыру нысандарының жұмысын реттеу нақтыланбады. Сол себептен, уақыт талабына толықтай жауап бере алатын Ата Заң қажеттігі күн тәртібіне өткір қойыла бастады. Осының бәрі ескеріле келе бүкілхалықтық референдум арқылы 1995 жылы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Егеменді еліміздің экономикалық тығырықтан шығуын жеделдетіп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын анағұрлым жақсартуға тың серпін берген жаңа тұрпаттағы Ата Заңымыз сот жүйесіне де соны леп әкелді. Атап айтқанда, сот кадрларын іріктеу Жоғарғы Сот Кеңесіне, тұтқындауға санкция беру прокуратурадан алынып, соттарға берілді. Өлім жазасына мораторий енгізілді. Соттар мен судьялардың мәртебесі көтеріліп, әлеуметтік қорғалуының құқықтық кепілдіктері нығая түсті. Жас жеткіншектер ісімен айналысатын ювеналдық сот, мамандандырылған, әкімшілік соттар жұмыс жасауға кірісті. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңға тиісті түзетулер мен өзгерістер енгізілді. Алқа билер институты құрылды. «Сот жүйесінің 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары» бекітіліп, «Жоғары Сот Кеңесі туралы» заң, «Аралық соттар туралы», «Халықаралық коммерциялық төрелік соттар туралы» заңдар мен басқа да маңызды нормативтік қаулылар сот беделін көтеріп, түрлі дауларды шешудің баламалы әдісін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Ата Заңымыздың 75-бабында «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек қана сот жүзеге асырады» делінсе, 77-бабында «Судья сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз, ол Конституция мен заңға ғана бағынады» деп атап көрсетілген. Осының өзінен судьялардың мәртебесінің қаншалықты биік екендігін және жауапкершілігінің қаншалықты жоғары екендігін айқын аңғаруға болады. Өркениет талабына сай Конституциямыздың қабылдануы нәтижесінде экономиканың, қоғамдық-саяси өміріміздің барлық саласында ілгерілеуге қол жеткізілді. Республика халқы Елбасының сара саясатын қызу қолдап, демократиялық реформалардың жүзеге асуына белсенді араласты. Уақыт үрдісіне сәйкес мұнан кейін де екі рет – 1998 және 2007 жылдары Конституцияға қосымша толықтырулар енгізілді. Биыл тәуелсіз еліміздің Конституциясының қабылданғанына 19 жыл толып отыр. Осы кезеңде еліміздің экономикасын шыңыраудан шыңға көтеріп, тіліміздің, дініміз бен діліміздің, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің өркендеуіне кең жол ашып берген, барша қазақстандықтарды ортақ мақсат жолына жұмылдыра білген Елбасымыз Н.Назарбаевтың ерен еңбегін бүкіл әлем жұртшылығы мойындауда. Тәуелсіз Қазақстанның осынау аз ғана уақыт ішінде ғасырлар жүгін көтерген мол жетістіктері Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының елімізде конституциялық заңдылықтарды орнықтырудағы айрықша еңбегінің, көреген, данагөй саясатының арқасында жүзеге асырылуда десек, қателеспейміз.
Мақұлбек МЫРЗАҚҰЛОВ, Тараз қалалық №2 сотының төрағасы.