80 жыл - 80 дерек
80 жыл - 80 дерек
11. 1940 жылы ауыл шаруашылығының барлық буындарында өсім болды. 1939 жылмен салыстырғанда егіс көлемі 10,4 пайызға өсті. Атап айтқанда: күздік – 29,1, арпа – 43,9, көкөніс пен бақша дақылдары – 33,7 және қант қызылшасы 13,5 пайызға көбейді. Колхоздардың жерін трактормен және ауыл шаруашылығы машиналарымен өңдеу 25 пайызға артты. Колхоздардағы мал саны 1940 жылы біршама көбейді. Атап айтқанда: жылқы – 33,1, қой – 49 және түйе 11,1 пайызға өсті. *** 12. Жамбыл қаласында төрт, ауылдарда екі телефон стансасы іске қосылды. Қалада – 129, ауылдарда – 258 шақырым телефон желілері тартылды. Жергілікті бюджетте облыс орталығында ішкі телефон байланысын жақсартуға 180 мың бөлінсе, радио желілері үшін де осыншама қаржы қарастырылды. 1940 жылы Көктерек және Луговой аудандарында радио хабарлар торабы орнатылды. *** 13. Осы жылы жол құрылысын дамытуға барлығы 2771,4 мың рубль қаржы қарастырылды. Бұл 1939 жылмен салыстырғанда 10,9 пайызға артық. 148 шақырым жаңа жол салынды. Оның 71 шақырымына тас төселеді. 55 шақырым жол жөнделді. Жол құрылысын салу жеделдетілген әдіспен жүргізілді. Облыстық транспорт басқармасына көлік қатынасын жақсарту үшін 412,8 мың рубль бөлінді. *** 14 . 1940 жылы коммуналдық шаруашылық бойынша жалпы күрделі құрылыс 3385,2 мың рубльді құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 218,2 пайызға көп. Бөлінген қаржы тұрғын үй, жол, кеңсе жөндеу және басқа да коммуналдық салаларға жұмсалды. *** 15. Жамбыл қаласында жалпы құны 260 мың рубль болатын 8 пәтерлі үй, Көктерек ауданында құны 66 рубль болатын 4 пәтерлі үй салынды. Сонымен бірге Сарысу ауданында бұрын құрылысы басталған үйді бітіруге 17 мың рубль бөлінді. *** 16. Свердлов, Талас, Шу, Көктерек, Луговой және Красногор аудандарында әрқайсысы 12 орындық 6 монша салынды. *** 17. 1940 жылы облыста 62264 оқушы мектептерде білім алды. Бес бастауыш мектеп орта мектепке айналды. Сауатсыздықты жою толық аяқталды. 28252 сауатсыз және 21032 шала сауатты тұрғындар білімдерін жетілдірді. 1939 жылы 19 кітапхана болатын болса, олардың саны 28-ге жетті. Жаңадан Мәдениет үйі және 9 колхозшылар үйі ұйымдастырылды. *** 18. 1940 жылы облыста ауруханалар саны екі бірлікке өсті. Луговой және Көктерек аудандарында ашылған бұл ауруханалардың әрқайсысы 25 төсектік. Дәрігерлердің қала емханаларында қабылдауы беске өсті. Қордай және Көктерек аудандарында жаңадан екі емхана ашылды. Сегіз аудандағы фельдшерлік қабылдау орындары дәрігерлік қабылдау орындарына айналды. Фельдшерлік қабылдау он беске көбейді. *** 19. Сауда және қоғамдық тамақтандыру. 1940 жылы бөлшек сауда тауар айналымы жоспар бойынша 183 892 мың рубльге жетті. 1939 жылдың қыркүйек айында екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы Кеңес үкіметін де алаңдатты. Сондықтан да жергілікті жерлерде жауынгерлерді даярлау жедел және қарқынды қолға алынды. *** 20. Сондай-ақ жаңадан құрылған облыстың экономикалық әлеуетін арттыру бағытында нақты жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл шаруашылығын дамыту міндеті қойылды. Ол үшін жаңа колхоздар мен совхоздар ұйымдастырылды. Егіншілік мәдениетін көтеруде суармалы жердің көлемін арттыру белгіленді. Тасөткел бөгетін салу, Талас өзенінің суын пайдалану, Қордай ауданында Георгиев суландыру торабының құрылысын аяқтау, Теріс өзенін бөгеу шаралары қарастырылды. Деректерді жинақтаған Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ. дайындаған облыстық архивтің қызметкері Назым Қожамарова. 21. Ашаршылықтан, саяси қуғын-сүргіннен әбден зардап тартқан халық соғыстың басталуын жаңа қасіреттің, мәңгі ортаймайтын қайғы-мұңның келгені деп түсінді. Сондықтан да бірінші күннен бастап Кеңес үкіметінің барша халқы сияқты жамбылдықтар да жеңіс үшін барын берді, маңдай терін төкті. Қабырғасы қатпаған бала да, еңкейген қарт та, майдандағы жақынының амандығын тілеп, күндіз-түні көзін жасқа шылаған қыз-келіншектер де еңбек етті. *** 22. Соғыстың алғашқы жылы дала жұмысын атқаратын тракторларды жүргізу үшін мыңнан аса әйел өндірістен қол үзбей мамандық алды. Мылтық атуды меңгеріп, машина-трактор жүргізуді үйренді. Еңбек өнімділігі еселеп артты. Темір жол стансасында бұрын-соңды болмаған стахановшылардың қозғалысы өрістеді. 22-23 қазанда Жамбыл облыстық партия комитетінің 6 пленумы өтті. Осы пленумда Қазақ ССР Халық Комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов сөз сөйлеп, жамбылдық коммунистердің алдына нақты міндеттер қойды. *** 23. 1941 жылы қант қызылшасының әр гектарынан 600-700 центнерге дейін тәтті түбір жиналған. Бұл көрсеткіш 1933 жылы 54 центнерден аспайтын. Облыста 1913 жылмен салыстырғанда жалпы өнеркәсіп өнімдерін өндіру 24 есеге артқан. 1300 жаңа өндіріс орындары ашылған. 1933 жылмен салыстырғанда 1940 жылы қаржы игеру 228 пайызға өсті. Жеңіс үшін, майдан үшін еңбекті бір сәтке де толастатпаған жамбылдықтар қорғаныс қорына қаржы аударуды күннен-күнге еселей түсті.1941 жылдың соңында облыс қорғаныс қорына 2497 мың сом, 3522 мың сом облигация, 437 мың сом займ, 7282 центнер астық, 1017 центнер етті майданға жіберді. *** 24. 1942 жылдың 20 қаңтарында Ұлттық әскери бөлімшелер жасақтау қорына барлық аудандардан азық-түлік жинастырылды. Осы қорға облыс бойынша 48920 тонна астық, 14,1 тонна ет, 15,24 тонна май, 152042 тонна шөп, 119573 тонна сабан, 313,99 тонна картоп, 154, 78 тонна көкөніс, 1,8 тонна күріш жіберілген. *** 25. 1943 жылы сәуір айында Талас ауданы «Кеңес төбе» колхозының төрағасы Байкелді Кейкиевтің атына қызыл армияға көрсеткен көмегі үшін Бас Қолбасшы И.Сталиннен Алғыс хат келді. *** 26. Ақын, сазгер Кенен Әзірбаев облысты аралап, көз жасын бұлағандарды жанды жадыратар, қайратқа мінгізер жырларымен жігерлендірді.1943 жылдың 19 қыркүйегі күні ол Жамбыл облыстық драма театрында концерт берді. Концерт аяқталар тұста радио сөйлеп қоя берді. Онда совет жауынгерлері Донбасты, Сталино қаласын фашистерден азат еткендігі туралы хабарланды. *** 27. Елімізде тың игеру науқаны Ұлы Отан соғысынан кейін-ақ бастау алғанымен, нақты жүзеге асырылуы 1953 жылдан басталды. 1954 жылы тамыз айында КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесі астық қорын ұлғайту үшін тың және тыңайған жерлерді игеру туралы қаулы қабылдады. *** 28. 1954 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Каз КСР Министрлер Кеңесі «Республикада 1956 жылдың егініне арнап, тың және тыңайған жерлерді іріктеу туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы бойынша бұрынғы колхоздар мен совхоздардың және игерілмей жатқан жер есебінен 12 миллион гектар жерді іріктеп алу белгіленді. *** 29. 1947 жылдың 6 ақпанында «Қаратау» кен-химия комбинатының бірінші кезегі пайдалануға берілгені жөніндегі қабылдау актісіне КСРО химия өнеркәсібі министрі Л.Первухин қол қойды. Міне, осы сәттен бастап Жамбыл өңірі шын мәнінде ірі химия өндірісінің орталығына айналды. Кен орнының қуаты жылдан-жылға артты. *** 30. 1962 жылы Ақсай кеніші игеріле бастады. Ал 1963 жылы фосфор кенін өңдейтін Қаратау байыту фабрикасы іске қосылды. Айта берсе мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жаңатаста да жылына 9 миллион тонна тау жынысын өндіретін, оның 2 миллион тоннасын байытатын кеніш пен фабрика салынды. Деректерді жинақтаған Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ. Дайындаған облыстық архивтің қызметкері Назым Қожамарова. (Жалғасы. Басы өткен сандарда) 41.Тәуелсіздік алғанға дейін Жамбыл облысын 11 азамат басқарды. Олар облыс экономикасын өсіруге барынша үлес қосқаны айтпаса да белгілі. Соның нәтижесінде облыста Ұлы Отан соғысы жылдарында тыл еңбеккерлері Жеңісті жақындатуға мол үлес қосса, одан кейін өндірісті қайта қалпына келтіру және дамыту бағытында жаңа табыстарға қол жетті. *** 42.Тек 1946-1949 жылдар аралығында облыстың 195 ауыл шаруашылығы саласының еңбекшілері Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Олар шын мәнінде ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлес қосты. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Жазылбек Қуанышбаев бастаған шопандар қой шаруашылығын дамытудың биік белесінен көрінді. *** 43. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде де облыс диқандары биіктерді бағындырды. Төртінші және бесінші бесжылдықтарда «Қаратау» кен-химия комбинаты, «Мойынты-Шу» темір жол желісі салынып, Транссібір темір жол магистралі толық аяқталды. Жамбыл қаласында 50 өнеркәсіп орны жұмыс істеді. Жеңіл тамақ өнеркәсібі дамыды. *** 44. 1939 жылы Жамбыл облысы алғаш құрылғанда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Михаил Игнатьевич Ткаченко сайланған. Мұнан соң әр жылдары Измұхамед Еділбаев, Шолақ Артығалиев, Махмұд Сапарғалиев, Асанбай Асқаров облыс басшысы болды. Осы жылдары облыста өндірілген химия, трактордың қосалқы бөлшектері, басқа да ауыл шаруашылық құрылғылары, жүн, жеңіл өнеркәсіп бұйымдары, қант, спирт, қаракөл, жеміс-жидек Чехославакияға, ГДР-ға, Венгрияға, Болгарияға, Польшаға, Иранға және басқа да мемлекеттерге жіберіліп тұрды. Облыс бойынша халық шаруашылығының әр саласында еңбек еткен 256 Социалистік Еңбек Ері еңбек даңқын асқақтатты. *** 45. Бименде Сәдуақасов, Мұстахим Ықсанов, Мұқатай Жармұхамедов, Хасан Бектұрғанов облысты басқарған жылдары өңірдің экономикасы өркендеп, Жамбыл қаласында ірі құрылыстар жүргізілді. *** 46.Облыстық партия комитетінің соңғы бірінші хатшыларының қатарында Әнуар Жақыпов пен Сәбит Байжанов бар. Бұлар да өздерінің алдына қойылған міндеттерді абыроймен орындауға ұмтылды. Сәбит Байжановтың кезінде облыстық «Jambyl» телеарнасы ашылып, жақсы хабарлар көрерменге жол тартты. *** 47. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары облыс тізгінін Өмірбек Байгелді қолына алды. Оның тұсында ауыл шаруашылығы жақсы өркендеп, мал басы өсті. Ол облыстық партия комитетінің соңғы бірінші хатшысы, облыстың тұңғыш әкімі ретінде есімін тарихқа жазды. *** 48. 1995-1998 жылдары облысты Амалбек Тшанов басқарды. Ол әлеуметтік саланың, спорттың дамуына көбірек көңіл бөлді. А.Тшановтың тұсында «Тараз» футбол командасы ел чемпионы атанды. Мұнан соң Сарыбай Қалмырзаев облысты бір жыл басқарып, өзінің іскер басшы екенін байқатты. *** 49. 1999 жылы ақпанда облыс әкімі болып Серік Үмбетов тағайындалды. Серік Әбікенұлы өнер, ғылым, мәдениетке көп көңіл бөлді. Оның тұсында облыстың 60 жылдық мерекесі аталып өтті. Халықаралық айтыстар мен халықаралық өнер фестивальдері жиі ұйымдастырылды. *** 50. Бөрібай Жексембин облысты бес жылдан аса басқарды. Оның тұсында ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар енгізіліп, Таразда 12-шағын аудан бой көтерді. Еліміздің Тұңғыш Президенті саябағы салынды, облыстың 70 жылдығы аталып өтілді. Қанат Бозымбаев облыс тізгінін төрт жыл ұстады. Ол кісі басқарған уақытта өңірде баламалы энергия көздері дамыды. «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автобаны аяқталып, пайдалануға берілді. «Һибатулла Тарази» мешіті жанынан медресе жұмысын бастады. «Тараз –Арена» спорт сарайы салынды.