Саясат

Ахыска түріктерінің Жамбыл жеріне келгеніне – 75 жыл

Ахыска түріктерінің Жамбыл жеріне келгеніне – 75 жыл

«Ахыска» түріктері – сталиндік режіммен 1944 жылы қарашада Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударған көп халықтың бірі. Олар сол жылы қарашаның қара суығында Грузияның Түркиямен шектесетін шекарадағы Аспиндза, Ахыска, Адыгюн, Ахилкелек және Богдановка секілді аудандарынан біздің елге күштеп көшірілген еді. Міне, бүгінде Ахыска түріктерінің Жамбыл жерін мекен еткеніне 75 жыл толып отыр. Атаулы датаға орай «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің облыстық филиалы қоғамдық бірлестігі нәубетті жылдары өмірден өткен құрбандарды еске алып, құран оқытты. Жалпы, жамбылдық түріктер жыл сайын қарашада ата-бабалар рухына арнап ас беруді дәстүрге айналдырған. Жиында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева, түрік этносының ақсақалдар алқасының төрағасы Ибрагим Зулфаров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкіл имамы Қанат Жұмағұл тағдырдың теперішін көрген түрік халқының тарихына тоқталды. Тарихқа көз жүгіртсек... Ішкі істер халық комиссариатының ресми деректеріне сүйенсек, 1944 жылдың желтоқсан айында қоныс аударушылардың ең алғашқы эшелондары Ташкент облысына келіп тоқтаған екен. Ал екінші жартысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 22 күн жол жүріп жетіпті. Қазақстанға қоныс аударушылар саны – 6300 отбасы. Жол бойы тауарға арналған вагондарда 40 мыңға жуық адам суықтан және аштықтан көз жұмған. Ал КСРО Ішкі істер халық комиссариатының дерегі бойынша 1948 жылдың маусым айында 14895 адам қайтыс болды деп келтірілген. Шын мәнісінде, алғашқы алты айда 37 мыңға жуығы аш-жалаңаш жүріп, дертке шалдығып, өмірден озған. Қоныс аударған түріктердің ешқандай қоғамдық және азаматтық құқықтары болмады. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның ауылдық жерлеріне ғана қоныстануға рұқсат берілген. Туған жерінен бір түнде түре қуылған түрік бауырлардың бастан кешкен өмірі осындай. Сондықтан, олар әр жылы қарашада Тараз қаласында және Жамбыл жерінің әр ауданында ата-бабаларына арнап ас беруді дәстүрге айналдырған. Елбасы Н.Назарбаев орнықтырған сарабдал саясаттың арқасында бүгінде елімізде сан алуан ұлттың өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Олар кешегі көрген тағдыр теперішін ұмытпақ емес. Сол себепті осынау бейбіт өмірдің қадірін жақсы біледі.

Бибігүл ШАХЗАДА, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз орталығының жетекшісі.