Саясат

Азамат тарды қабылдаудың бірыңғай күні

Азамат тарды қабылдаудың бірыңғай күні

әкімдерге қайырылған 976 тұрғынға нақты жауап берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – ортақ міндет екенін атап көрсеткені белгілі. Ал оны жүзеге асырудың бірден-бір жолы – билік пен бұқара арасында ашық диалог алаңын қалыптастыру болып отыр. Жалпыреспубликалық «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» акциясын тиісті деңгейде өткізуге жергілікті атқарушы органдар баса көңіл бөлгені де сондықтан.«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру аясындағы «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнінде» өңірде облыс, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тұрғындардың сауал-тілектерін тыңдады. Ертеңгі сағат 10.00-ден басталған қоғамдық қабылдау күні бойы жалғасты. Бұл күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қабылдауына алдын ала 64 адам жазылған болатын. Оның 55-і өңір басшысымен кездесіп, өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауап алды. Сұрақтардың дені – әлеуметтік, қоғамдық мәселелер. Асқар Исабекұлы қабылдау барысында әрбір тұрғынмен еркін диалог құрып, олардың тұрмыстық ахуалына барынша назар аударып, алаңдатып отырған мәселесінің маңыздылығына жіті көңіл бөлді. Сондай-ақ оларды мазалаған сауалдарға барынша толыққанды, қанағаттанарлық жауаптар беруге тырысты. Аймақ басшысына арыз-шағыммен қайырылғандардың бірі – зейнеткер, Тараз қаласының тұрғыны Сейсекүл Төленова. Ол өзінің жалғызбасты екендігін, өзімен бірге жесір қызы мен немересі тұратынын айтып, уақытша тұратын шағын жатақхана берілсе деп тілек білдірді. Дәл қазір жатақханада тұрып, жағдайын тіктеп алмаса, зейнетақысының жартысы пәтер жалдауға кететінін, сол себепті әзер жан бағып жүргенін жеткізді. Асқар Мырзахметов тиісті мамандарға оның қиын тұрмыс жағдайын назарға алып, бұл мәселені шешудің жолын қарастыру керектігін ескертті. Өз сөзінде қазіргі таңда облыс бойынша 12 жатақхананың бой көтеріп жатқанын айтқан өңір басшысы жатақханадан уақытша пәтер алдымен көп балалы, содан кейін аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй кезегі келгенге дейін паналауға берілетінін айтты. Тиісті басқарма басшыларына Сейсекүл Төленованың аталған санаттың екіншісіне ену мүмкіндігін ескеріп, керекті шараларды қабылдауды тапсырды. – Бүгін біз сияқты қарапайым тұрғындарға үлкен мүмкіндік туып отыр. Мен облыс әкіміне тікелей жолығып, өзімнің өтінішімді жеткіздім. Уақытша тұратын жатақхана болса деген тілегім ескеріліп, тұрмыстық санатыма қарай мүмкіндік қаралатын болды, – деді С.Төленова. Өңір басшысының қабылдауына келгендердің дені тұрғын үй, инфрақұрылым, қала көркі мен кәсіпкерлікті қолдауға қатысты сауал қойды. Асқар Исабекұлы көтерілген мәселелерге заң аясында толыққанды жауаптар берілетінін жеткізіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Бұл күні жергілікті әкімдіктердегі қабылдауларға облыс бойынша алдын ала барлығы 1077 адам жазылған болатын. Қатысқан 976 тұрғынның сұрағына нақты жауаптар берілді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.