Қоғам өзгерсе де, ұстанымы өзгермеген ұйым
Қоғам өзгерсе де, ұстанымы өзгермеген ұйым
Қазіргі жаһандану, жаңа инновация мен технологиялар заманында, яғни төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде де құрылыс – экономиканың локомотиві болып келеді. Қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық және рухани дамудағы құрылыстың, архитектураның атқаратын рөлі зор. Құрылыс салу да, сәулет пен абаттандыру да қоғам дамуындағы ерекше орны бар, көне дүние. Басқаны былай қойғанда, ғасырлар бойы сақталып келе жатқан әлемнің жеті кереметі мен басқа да мыңдаған әсем, жансыз музыка іспеттес архитектуралық ғимараттар бүкіл адамзатқа рухани нәр беруде. Адамзаттың қажетін қанағаттандыратын нысандарды да құрылысшылар салуда.Дегенмен құрылыс жүргізу – күрделі процесс. Құрылысқа қандай да болмасын құрылыс салу туралы идея туындағаннан бастап, оны пайдалануға бергенге дейін бір-біріне бағынбайтын, меншік түріне қарамастан 50-ден аса мекеме мен тұлға қатысады. Осы мекемелердің ішінде ең үлкен жауапкершілік – кез келген нысанның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу, авторлық қадағалауды пәрменді ұйымдастыру мекемесіне (жобалау институттарына) жүктеледі.
Біз бүгін 1980 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитеті күрделі қаржы бөлімінен бастау алып, мұрагері болған, қазір іргелі, облыс емес республикамызға танымал, аласапыран өтпелі кезеңде «тар жол, тайғақ кешуді» басынан кешірген жобалау орны «Мекен-жай Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы әңгіме қозғамақпыз. Шегініспен сөз қозғасақ, сол кездегі қалыптасқан жағдайға байланысты облыста күрделі құрылыс жүргізу, бұл салаға күрделі қаржы бөлу төмендегі жүйемен жүргізілетін. Жамбыл облысы – химия өнеркәсібі дамыған аймақ. Сондай-ақ бұл алып кәсіпорын өнеркәсіптік елді мекен (қала, поселок) салатын (градообразующий) болғандықтан, облыстағы осы салаға байланысты өнеркәсіптік-өндірістік, жол-коммуналдық, әлеуметтік-мәдени, тұрғын-үй құрылыстарын соғуға одақтық химия өнеркәсібі министрліктері арқылы қыруар қаржы бөлініп, ведомстволық мердігерлер арқылы жүргізілетін. Облыс орталығы – Жамбыл қаласындағы бүкіл тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени құрылыстар Жамбыл қалалық атқару комитетінің күрделі құрылыс басқармасы арқылы қадағаланатын. Ал Жамбыл облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімі облыстағы аудан орталықтарында мардымсыз бөлінген бюджет қаржысы есебінен бірлі-жарым тұрғын үй, аурухана, мектеп, балабақша соғумен ғана айналысатын тапсырыс берушінің міндетін атқаратын. Облыстық атқару комитетінің құрылыс жөніндегі осындай бір белді бөлімі тіпті елеусіз еді. Бөлінетін және игерілетін қаржы көлемінің мүлдем төмендігінен бөлім аппаратта небәрі 8 штат ұстауға ғана қауқарлы еді. Тап осы кезеңде, яғни 1985 жылы облыстың күрделі құрылыс бөлімінің басшылығына жоғары білімді құрылыс инженері, іскер басшы, білгір, техникалық сауатты маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, шыңдалған, құрыш құрылысшы, өзіндік берік ұстанымы бар, тәжірибелі, зор жауапкершілік арқалаған Ізбасар Балғынбаев тағайындалады. І. Балғынбаев басшы болып тағайындалған күннен бастап қол қусырып қарап отырған жоқ, бірден іс-әрекетке көшті. Ол бөлімнің жұмысын түбірімен жақсарту, облыстағы аудан орталықтары мен басқа да елді мекендерінде құрылыстың кең қанат жаюына бар күш-жігерін, білімін, тәжірибесін жұмсады. Облыстық партия комитеті мен атқару комитетіне арқа сүйеп, аудан басшыларымен тізе біріктіре отырып, барлық нәрсені қаржы шешетіндіктен, қайсыбір құрылысқа қаржы бөлдіру үшін заңға қайшы келмейтін нақты шараларды жүзеге асырды.Республикалық атқару органдары, әсіресе республикалық жоспарлау комитеті өз үйіндей болды. Іскер басшының жанқиярлық еңбегі өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Одақтық, республикалық және облыстық бюджеттерден көлемді қаржылар бөліне бастады. Аудан орталықтары мен елді мекендерінде бөлім арқылы көп қабатты тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, тағы басқа ғимараттар көптеп салу қолға алынды. Тіпті, салуға тыйым салынған Советтердің әкімшілік үйлерінің ғимараттары облыстың бірнеше аудандарында көптеп салына бастады. Мәселен, бір ғана Талас ауданында аудандық Совет үйі, Ақкөл, Аққұм және Үшарал селолық Советтерінің үйлері соғылып, пайдалануға берілді. Облыс көлемінде құрылыстың кең қанат жаюына байланысты бөлім қызметкерлерінің саны 8-ден 32-ге дейін өсті. Сөйтіп, аз ғана уақытта бөлім тапсырыс беруші ретінде нысанның жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуді, жобалау-іздестіру жұмыстарын ұйымдастыратын, жобаға сәйкес қаржы бөлдіруге ықпал ететін, мердігер анықтайтын, салынып жатқан құрылысқа авторлық және техникалық қадағалау жүргізетін, сондай-ақ біткен нысанды қабылдап алып пайдалануға беруді жүзеге асыратын үлкен құрылыс ұйымына айналды. Бұл – Балғынбаевтың басшылық қызметтегі биік шыңға шыққан жетістіктерінің бір парасы ғана еді. Өткен ғасырдың 90-жылының басында Кеңес Одағы сияқты ұлы империя құлап, ыдырады. 1991 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялады. Ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған арманымыз орындалды. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, жаңа мемлекет қалыптастыру үшін Президентімізден бастап қарапайым халыққа дейін ауқымды, тың шараларды жүзеге асыра бастады. Басты міндет – экономикалық тәуелділікті жою болды. Қалыптасқан жоспарлы экономикадан, нарық экономикасына көшу шұғыл түрде қолға алынды. Одақ кезінде біз үшін аты беймәлім кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті дамыту, кооперативтер, серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдар құрыла бастады. Бұл аласапыран өтпелі кезеңде Одақпен байланыс үзілгендіктен, сондай-ақ Одақтан және республикадан қаржы бөлінбегендіктен үлкен кәсіпорындар мен жекелеген агроқұрылымдардың жұмысы тоқтап қалды. Өнеркәсіп кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы құрылымдары, басқа да мекемелер мен ұйымдар жаппай жекешелене бастады. Жамбыл – дотациялы облыс болғандықтан облыс көлемінде бірлі-жарым әлеуметтік саладағы нысандар болмаса, құрылыс салу мүлдем тоқтады десе де болады. Қалыптасқан жағдайды терең түсінген жаңалыққа жаны құмар, бастамашыл, іскер басшы Балғынбаев тоқырауға ұшыраған, аппараттағы бұрынғы 32 қызметкерден небәрі 8-ақ қызметкерді әрең ұстап отырған кезіндегі облыстық атқару комитетінің, кейіннен облыс әкімдігінің күрделі құрылыс бөлімін 1994 жылы жедел түрде «Мекен» Жамбыл облыстық коммерциялық құрылыс мемлекеттік компаниясы етіп қайта құрды. «Мекен» компаниясы бір өзі құрылыстың (жаңа құрылыс, реконструкция, күрделі жөндеу) жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді, ең күрделі мәселе – құрылысты қаржымен қамтамасыз етуді, мердігер таңдауды, авторлық және техникалық қадағалауды, біткен нысандарды қабылдап алуды, өткізу мен сатуды ұйымдастыратын сол кездегі облыстағы бірден-бір компания болды. Балғынбаев мырза өзінің іскерлігімен, табандылығымен, облыс басшылары мен кәсіби құрылысшылары арасындағы беделіне және мол тәжірибесіне арқа сүйей отырып, басын бәске тігіп, үлкен тәуекелге барды. Компания осы жылы банктен 303 пайыз өсіммен несие алып, Жамбыл қаласында бітпей қалған 70 пәтерлік көп қабатты тұрғын үйді аяқтауға кірісіп кетті. Бұл кез өте қауырт, уақытпен санаспай жұмыс істеуді қажет ететін кез еді. Нәтижесінде қысқа мерзімде 1994 жылдың қазан айында басталған жұмыс 1995 жылдың мамыр айына қарай Ұлы Отан соғысының 50 жылдығы мерекесі қарсаңында аяқталып, бұл үйге соғыс ардагерлерінің зор қуанышпен қоныстануына ұласты. Нақ осындай тәсілмен компания 1996,1997,1998 жылдары 48,50,50 пәтерлі, қаланың басқа да орталығынан 4-5 қабатты тұрғын үйлер, сондай-ақ қаладағы жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының 50 пәтерлік екі үйін, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының 20 пәтерлік екі үйін қайта жөндеп, пайдалануға берді және сатты. Компанияның бұл жаңашыл іс-әрекетіне облыстық, қалалық әкімдіктер барынша қолдау көрсетті. Соғыс ардагерлеріне және оған теңестірілгендерге, көп балалы аналар мен мүгедектерге, жалғызбасты аналар мен жас мамандарға, жетімдер мен тағы да басқа әлеуметтік аз қамтамасыз етілген азаматтарға тұрғын үй бөлдіріп, пәтерлердің тұрғын үй алаңдарына сәйкес шығынның үлес салмағын өздері өтеді. Қалған пәтерлерді тұрғындар жинақталған өз қаражаттарына немесе банк арқылы алған несие қаражаттарына сатып алып иеленді. Мұндай қайырымдылық шараларды (Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік) сол кезде республиканы қайдам, облыста ешқандай ұйым, кәсіпорын және компания жүзеге асырған емес. Осындай жанқиярлықпен атқарылған жұмыстың арқасында «Мекен» компаниясының қаржылық жағдайы күрт жақсарды, қызметкерлер айлықты уақтылы алатын болды, компания имиджі өсті, мекеме білгір кадрлармен толыға бастады. Яғни, түйіндеп айтқанда, Балғынбаев нарық заманының шын палуаны бола білді. Жоғарыда атап өткеніміздей, Одақ ыдырағаннан кейін облыстағы барлық жобалау институттары тарап кетті. 1999 жылдан бастап экономикамыз жақсарып, бюджеттік мекемелердің нысандары мен ғимараттарын қалпына келтіруге (реконструция), күрделі және ағымдағы жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөліне бастады. Қаржы тиімді игерілуі үшін жобалық-сметалық құжаттар керек. Облыста оны жасайтын мекеме жоқ. Қайсыбір мәселені шешуде ойын ұшқыр зерделеп, шұғыл шешім қабылдауды сүйетін Балғынбаев мырза компания қызметкерлерінің смета жасаудағы тәжірибелеріне сүйеніп, мамандарға арқа сүйеп, облыста тұңғыш рет тапсырыс берушілердің сұранысына сәйкес тұрғын үй соғу, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, білім, денсаулық сақтау, әкімшілік ғимараттары мен коммуналдық бағыттағы ғимараттарды қайта қалпына келтіруге және күрделі жөндеуге сапалы және жылдам жұмысшы жоба жасауды қолға алды. Бұл іс-әрекет біздің мекеменің кәсіби жобалау институтына негіз болды. 2003 жылы Тұрар Рысқұлов ауданындағы жойқын жер сілкінуінен зардап шеккен нысандарды қалпына келтіруге республика бойынша 20 жобалау орындары қатысты. Ал «Мекен» компаниясы бұл аудандағы қираған нысандардың 70 пайыздан астамының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, компанияның кадрлық корпусының сауаты мен қабілетін танытты. Облыс көлемінде жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуде, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуде компания қанатын кеңге жая бастады. Облыс көлеміндегі алғашқы жобалау институтының негізін қалаушы І.Балғынбаев «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағына ие болды. Кейіннен оған «Мойынқұм ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. 2005 жылды желтоқсан айында «Мекен» мемлекеттік компаниясы «Мекен-жай Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып қайта құрылды. 2006 жылдың қаңтар айында серіктестіктің басшысы болып, серіктестіктің құрылтайшысы, 1979 жылдан мекеменің байырғы қызметкері Рысбек Тойшыманов сайланды. Ал Балғынбаев мырза зейнетке шығуына байланысты серіктестіктің басты құрылтайшысы бола отырып, осы мекемеге әріптес ретінде құрылған «КИБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне басшылық жасады. «Мекен-жай Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі негізгі кадрлар корпусын сақтай отырып, білгір, тәжірибелі, жоғары кәсіби инженер-жобалаушы мамандармен жарақталды. Серіктестік жас мамандар даярлауды, олардың кәсіптік білімін ұдайы көтеріп отыруды да назардан тыс қалдырған жоқ. Тараз қаласының, аудан әкімдіктері мен облыстық деңгейдегі құрылысқа қатысты ұйымдармен іскерлік байланысты күшейтті. Қабылданған сұраныстарды, жобалық-сметалық құжаттарды уақтылы, сапалы орындауды жолға қойды. Нәтижесінде серіктестік республика және облыс көлемінде тұрғын үй, әлеуметтік саланы жаңғыртуға, ауылдық елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету, қалалардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту, су шаруашылығын қайта қалпына келтіру, сондай-ақ, өнеркәсіптік және өндірістік нысандар мен ғимараттарды соғудың технико-экономикалық негіздемелерін, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді, жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізуді ұйымдастыратын, бір сөзбен айтқанда, облыста дайындалатын жұмысшы жобалардың 70 пайызын «Мекен-жай Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өтетін. Таратып айтсақ, «Астана» және «Бәйтерек» ықшам аудандарындағы, Алматы қаласындағы 9 қабатты тұрғын үйлер, Байзақ, Мойынқұм аудандарындағы 870 орындық 3 мектеп, Тараз қаласындағы 600 орындық 2 балабақша, облыстағы 26 ауылдық елді мекен, Қызылорда облысындағы 3 ауылды ауызсумен қамтамасыз ету, Жаңаөзен қаласындағы 1000 шақырым су жүйесін қалпына келтіру, Қаратау қаласының инженерлік инфрақұрылымын дамытудың технико-экономикалық негіздемелерін дайындау (ТЭН), Талас ауданында натрий цианидін өндіру және цемент өндіру зауыттарын соғу, Байзақ ауданындағы «Әулиеата-Феникс» құс фабрикасының инженерлік инфрақұрылымын салу, Ақмола облысындағы Селита және Преображенск су қондырғыларын қайта қалпына келтіру нысандарының жобалау құжаттары осы серіктестіктің күшімен жасалынды. Уақыт өте келе, әлжуаз серіктестіктің өндірістік-материалдық, электрондық-техникалық базасы, қаржылық жағдайы нығайды, орталықтан үлкен кең, жарық, жұмыс істеуге қолайлы кеңсе сатып алынды. Серіктестіктің аппаратында 2006 жылы 28 маман жұмыс істесе, 2010 жылы маманның саны 50-ге жетті. Сондай-ақ бұл мекеме білгір, сауатты жобалаушы-инженер даярлаудың лабораториясы болды десек артық айтқан болмас едік. Мекемеде тәжірибе жинақтаған көптеген мамандар жаңадан құрылған жобалау институттарына және басқа да инжинирингтік қызметтерге ауысты. Басшы болғандары да бар. Мәселен, Тараз қаласындағы мемлекеттік сараптама мекемесінің инженерлерінің 50 пайызы серіктестікте еңбек еткен жоғары кәсіби мамандармен жасақталған. Әрине, серіктестіктің осындай оңды жетістіктерге жетуінде «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», серіктестік директоры Р. Тойшымановтың еңбегінің ерен екенін атап өткен жөн. Қорыта айтқанда, қазір заман өзгерді, жобалау орындары тіпті көбейіп кетті, мемлекетті сатып алу заңы, оның Ережесі тұрақсыз, күнде өзгереді. Жекеменшік сараптама органдары пайда болды. Құрылысты жобалау ерекше күрделене түсті. Әрине, осыдан туындаған қиындықтар біздің серіктестікті де айналып өткен жоқ. Біз бірнеше сын-қатерге тап болдық. Яғни, бейнелеп айтсақ «мың өліп, мың тірілдік». Бірақ, серіктестік өз статусын жоғалтпады. Мәселен, 2018 жылды серіктестік кіріспен аяқтады. Бүгінгі таңда серіктестік директоры әрі құрылтайшысы, мекеменің байырғы кәсіби маманы, құрметті еңбек ардагері Батырхан Абдалиевтың басшылығымен зор табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін. Мекемеде басшылықтағы дәстүрлі сабақтастық үзілген жоқ. Ал сексеннің сеңгіріне шыққан ақылман қария Ізбасар Балғынбаевты мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, жанұялық береке, бірлік тілейміз. Ақсақалымыз құрмет пен марапатқа лайық азамат.
Сламбек ТІЛЕГЕНИ, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.