Құқық

Бес мыңнан астам адамның конституциялық құқығы қорғалды

Бес мыңнан астам адамның конституциялық құқығы қорғалды

Прокуратура қадағалаушы орган ретінде еліміздің барлық азаматтарына көмек көрсетіп келеді. Тұрғындардың прокурорларға сенім білдіріп, бүгінде заңды көмекке жүгінетін бірден-бір орган екені де белгілі. «Прокуратура» сөзі латын тілінен аударғанда «қамтамасыз етемін», «қамқорлық етемін» және «жол бермеймін» деген мағынаны білдіреді. Прокуратура – сотта мемлекеттің мүддесін ұсынатын, айыптауды қолдайтын, қылмыстық істерді қозғайтын өкілетті арнайы мемлекеттік орган. Сонымен қатар, адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы іспетті құндылықтарды Конституция негізінде қорғайтын мемлекеттік жоғары қадағалау органы. Прокуратураға республиканың аумағында заңдардың, ел Президенті Жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл, әрі біркелкі қолдануын қадағалау міндеті жатады. Прокурорлық қадағалау – демократияның, заңдылықтың, мемлекеттіліктің маңызды тұтқаларының бірі болып табылады. Прокуратура қандай бағытта жұмыс істемесін, азаматтардың бостандықтары мен құқықтарын қорғайды. Прокуратура органы заңдардың біркелкі орындалуына қадағалау жасай отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарының орындалуына аса зор көңіл бөледі.

Облыс прокуратурасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев пен Бас Прокурордың тапсырмаларын орындау мақсатында азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлықты, бюджеттік қаражаттарды ұрлау деректерін анықтау, олардың жолын кесу және қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Конституцияның 76-бабының 3-тармағына сай сот шешiмдерiнiң, үкiмдерi мен өзге де қаулыларының мемлекеттің бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады. Осы орайда, сот шешімдерінің орындалуы барлық жеке және заңды тұлғаларға міндетті. Биылғы жылдың алты айында облыс прокурорлары 3500-ден астам қадағалау актілерін енгізіп, 1900-ге жуық заңсыз акті күшін жойды. Оның ішінде 35-і нормативтік-құқықтық сипатта. Тағы бір атап өтерлігі, облыста бес мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, 3700 адам әртүрлі жауапкершілікке тартылды. 36 қылмыстық іс қозғалса, прокурорлық актілер негізінде 1 миллиард 130 миллион теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджетке 677 миллион теңге өндірілді. Стратегиялық жоспар көрсеткіші қамтамасыз етілді. Ал өткен жылдың он екі айында 79 мыңнан астам адамның конституциялық құқығы қорғалған болатын. Заң бұзушылықтар орын алған жағдайда тұрғындар жергілікті қала-аудан прокурорларына, облыс прокуратурасына тікелей арыздану арқылы, не болмаса прокуратуралардың «Сенім телефондары» және облыс прокурорының тікелей блогы арқылы шағымдануға құқылы. Ата Заңымызды ардақтай отырып, еліміздегі әрбір азаматтың конституциялық құқығы әрқашан да қорғалатындығын ұмытпайық.

Ернат Сыбанқұлов, облыс прокуроры.