Экспорт тық әлеуетіміз артып келеді
Экспорт тық әлеуетіміз артып келеді
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыруды міндеттеген болатын. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» аталатын биылғы алғашқы Жолдауында: «Өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек» деп атап көрсетті. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту жұмыстары «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қарқынды жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері облыста 275,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 104,4 пайызға артты. Бұл – республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Егін шаруашылығында – 168,9, мал шаруашылығында – 105,0 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Облыста негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі де артып, ет өндірісі – 2,9, сүт өндірісі – 2,8, жұмыртқа өндірісі 4,9 пайызға ұлғайды. Жалпы, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін 210 кәсіпорын тіркелсе, нақты 171 кәсіпорын жұмыс істеуде. Оның ішінде сүтті тереңдете өңдеумен – 18, етті тереңдете өңдеумен 21 кәсіпорын айналысады. Бұл кәсіпорындарда 2700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. 2019 жылдың 10 айында өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 6,3 миллион АҚШ долларын құрады, оның – 1060 тоннасы өсімдік майы, 113 тоннасы макарон, 2739 тоннасы мал азығы. Облыста мақсары майын өңдейтін 5 кәсіпорын болса, оның ішінде Шу ауданында орналасқан «KazIrAgro» серіктестігі 2019 жылдың басынан бері Қытай, Иран, Чехия, Нидерланды және Өзбекстан мемлекеттеріне 781,4 тонна мақсары майын экспорттады. Сондай-ақ ағымдағы жылы Байзақ ауданында «Әулиеата – Феникс» ЖШС құс фабрикасы 2018 жылы Қырғыз мемлекетіне 205,6 тонна құс етін экспорттаса, ағымдағы жылы 219 тонна құс етін жөнелтпек. Одан бөлек, жыл басынан 2059 тонна ет Иран, Бахрейн, Катар Корольдігі, Біріккен Араб Әмірліктері және Ресей, Өзбекстан, Қырғыз елдеріне жіберілді. Оның 1088 тоннасы сиыр, 971,7 тоннасы қой еті. Өңірде сүтті тереңдете өңдеумен 18 кәсіпорын айналысса, Жуалы ауданындағы «Бурное сүт компаниясы» және Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» серіктестіктері өнімдерін экспортқа шығарады. «Бурное сүт компаниясы» серіктестігі өткен жылы 236 тонна қатты ірімшік, ағымдағы жылы 599,9 тонна қатты ірімшікті Ресей Федерациясына экспорттады. Ал «Көкжиек-2030» ЖШС 2018 жылы 180 тонна сары май, 100 тонна құрғақ сүт шығарса, 2019 жылы 160 тонна сары май өнімін Ресейге өткерді. Айта кету керек, 2016 жылы сүтті тереңдете өңдеу мақсатында Жуалы ауданындағы жеке кәсіпкер «Мешелов» Болгария елінен әкелген, тәулігіне 25,0 тонна сүт өңдейтін шағын зауыты, Т.Рысқұлов ауданындағы «Астана» шаруа қожалығы Ресейден әкелген 8,0 тонна сүт өңдейтін шағын цехы, Меркі ауданындағы «Севиль-Мерке» ЖШС-ның 15 тонна шағын сүт өңдеу цехтары іске қосылған болатын. Осы жұмыстардың нәтижесінде облыста сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктелімі тиісінше 47 пайыздан 56 пайызға дейін өсті. Облыста бүгінгі күні 55 ауыл шаруашылығы кооператив жұмыс істесе, оның 31-і сүт, 20-сы ет, 1-еуі құс және 3-еуі көкөніс бағытында. Қазіргі таңда 31 ауыл шаруашылығы кооператив «Бурное сүт компаниясы», «Меркі ірімшік зауыты», «Мешелов», «Көкжиек-2030», «СМТС», «Куликов сүт өнімдері» «Шалқаров», «Агали», «Лесняк», «Садыхан сүт өнімдері» сияқты сүт өндейтін кәсіпорындарға шикізат өткізуде. Қорыта айтқанда, өңделген өнім көлемін арттыруды, экспорттауды және ет пен сүт өнімін тереңдете қайта өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімін ұлғайту мақсатында іс-шара әзірленген болатын. Осы шаралар аясында 2021 жылға дейін өңдеуші кәсіпорындардың жүктелімін 80 пайызға жеткізу жоспарланған және жыл сайын 10 пайызға арттыру көзделіп отыр. Кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету үшін облыста ауылдық елді мекендердегі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту жобасы қолға алынып, әрбір ауылдық округтен ет, сүт және көкөніс бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жұмыстары жүргізілуде.
Берік НЫҒМАШЕВ,облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.