- Advertisement -

Біз жоғары технологияларды пайдаланатын алдыңғы қатарлы ел болуымыз керек

53

- Advertisement -

Мемлекет басшысы елордадағы инновациялық экожүйе нысандарымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Alem» бағдарламалау мектебіне, Халықаралық «Astana hub» IT-стартаптар технопаркіне және «Astana IT University» ақпараттық технологиялар университетіне барды. Бұл нысандардың бәрі «Астана ЭКСПО-2017» аумағында орналасқан.
Қазақстан Президенті «Alem» мектебінің оқыту бағдарламасымен танысты. Оқушылармен әңгімелесу барысында ол әлемде IT саласының өзектілігі мен сұранысқа ие екенін атап өтті.
– Қазақстанның мақсаты – әлемдік үрдістен қалып қоймау. Ең бастысы, заман ағымымен жүріп отыруымыз керек, әйтпесе біз әлемдік даму үдерісінен сырт қаламыз. Біз жастарды осындай дағдыларға баулып, аталған салаға көптеп тартуымыз керек. Білім алуға ұмтылатын өте қабілетті жастарымыз жеткілікті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Оқушылар Мемлекет басшысына лекцияларды, баға қою әдісін және басқа да дәстүрлі білім беру элементтерін мұғалімсіз бағдарламалауды қалай үйрену керектігін айтты.
Содан кейін Мемлекет басшысы Халықаралық «Astana hub» IT-стартаптар технопаркіне барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа технопарк базасында жүзеге асырылып жатқан матчмейкингке арналған киберспорт платформасы мен автоматтандырылған «INUI Software» сауда алаңы, «Tastamat» мобильді постаматтары, «Clockster» деп аталатын қызметкерлердің жұмысқа келіп-кетуін тіркейтін биометриялық жүйе және басқа да стартап-жобалар таныстырылды.
«Astana IT University» ақпараттық технологиялар университетінде Мемлекет басшысына жоғары оқу орнының негізгі бағыттары туралы мәлімет беріліп, оқу кабинеттері мен зертханалары көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев студенттерді сапалы білім алып, еліміздің игілігі үшін жұмыс істеуге шақырды.
– Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ашылған. Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады, – деді Президент.
Президент «Digital Centre» цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығына барды.
«Digital Centre» орталығында Мемлекет басшысына тұрғындар мен ел қонақтарына қызмет көрсететін электронды үкімет жүйесі таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа «eGov mobile» мобильді қосымшасы, Facebook, VKontakte әлеуметтік желілері мен Telegram мессенджері арқылы мемлекеттік қызмет алудың жаңа мүмкіндіктері мен артықшылықтары көрсетілді. Сонымен қатар 2020 жылға қарай мемлекеттік қызмет көрсетудің 90 пайызын цифрлық форматқа көшіру жоспары туралы да айтылды.
– Бастысы – сапа мен жедел қызмет көрсету. Біз жоғары технологияларды пайдаланатын алдыңғы қатарлы ел болуымыз керек деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде «Digital Centre» орталығында 1220 адамның биометриялық дерегі тіркелген. Осының арқасында олар өздерінің жеке құжаттарын көрсетпей-ақ мемлекеттік қызмет ала алады. Орталық қашықтан видео-сервис арқылы қызмет көрсетеді. Сондай-ақ елорда тұрғындары бұл жерде цифрлық сауаттылық дағдыларын меңгереді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support