Білім

Тереңнен тартқан тамырын...

Тереңнен тартқан тамырын...

Алтын орданың іргетасы қаланған құрылтай қазіргі Байзақ ауданының аумағында өткен. Қият тайпасының батыры Есугейдің ұлы Темучин 1162 жылы дүниеге келген. Дұшпандарының әлсіздігін пайдаланып, 1183-1204 жылдары кең-байтақ аумақты басып алып, көптеген тайпаларды бағындырады. 1206 жылы тайпа басшыларының құрылтайында ұлы хан болып жарияланады да, оған «Шыңғыс» деген ат беріледі. «Шыңғыс» сөзінің мағынасы түркі, моңғол, ойрат тілінде «күшті, мықты, теңіздей терең, мұхиттай тұңғиық» дегенді білдіреді. Құрылтайға жиналған тайпа басшылары, батырлар: – Біз сен үшін қасық қанымыз қалғанша соғысамыз. Ал сенің міндетің еліңді, жеріңді қорғап, хандығыңды кеңейтіп, жеңіске жету, – деді. Шыңғысхан осы құрылтай үстінде хандықты құруға атсалысқан әскербасыларын марапаттап, 95 әскербасыға «Түменбасы» деген атақ беріп, оны хан Жарлығымен бекітеді. 1207-1211 жылдары Шыңғысхан Сібір мен Шығыс Түркістанды, Қытайдың Пекин қаласын, Корей түбегін, одан кейінгі жылдары Алтайдан Орал тауына дейін Еділ, Жайық бойын, солтүстік Кавказды, орта Азияны, орыс жерінің оңтүстігін түгел басып алып, 12 23 жылы Бұхара мен Хорасанды бағындырған соң ерте көктемде Сыр бойындағы Түркістан маңындағы Күлтөбеде құрылтай шақырады. Құрылтайға Шыңғысханның ұлдары мен батырлар, нояндар, мыңбасылар түгел келеді. Осы құрылтайда Шыңғысхан өзі жаулап алған жерлерін бәйбішесі, қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлына бөліп береді. Үлкен ұлы Жошыға Ертістен Орал тауын, Каспий мен Арал теңізі, Еділ мен Жайықтың даласы, Солтүстік Кавказ, Орта Азияның Бұхара мен Самарқан жерлерін, оңтүстік орыс жерін және қазіргі Қазақстанның Балқаш көлінен солтүстікке қарай барлық жерді береді. Осы жерлер «Жошы ұлысы» аталады. Екінші ұлы Шағатайға Жетісу өлкесін, Шығыс Түркістан мен ұйғыр жерлерін, орта Азияның оңтүстігін аманат етеді. Жошы ұлысының немесе Дешті Қыпшақ мемлекетінің ханы Жошы болады. 1227 жылы Жошы қайтыс болған соң, Дешті Қыпшақ мемлекетін оның ұлы Бату басқарады. 1227 жылдан 1255 жылға дейін әкесінің ұлысын кеңейтіп, Ертістен Дунайға дейінгі байтақ өлкені алып жатқан аумақты Алтын орда мемлекетіне айналдырады.1269 жылы Жошының, Шағатайдың, Үгедейдің ұрпақтары Талас бойында құрылтай шақырады. Құрылтайға барлық батырлар мен нояндар, ру, тайпа басшылары қатысып, Мөңке-темір басқарған Алтын орда мемлекеті Шыңғыс империясынан бөлек дербес мемлекет болып жарияланды. Осы күннен бастап бүкіл Азия, Еуропаның тең жартысын иеленген мемлекет заң жүзінде Алтын орда деп аталады. Алтын орда мемлекетін 1266-1281 жылдары Менгу-Темірхан, одан кейін Туда-Менгу хан, Төле-бұға хан, Өзбек хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, Орыс хан, содан 1460-1465 жылдары Оңтүстік Қазақстан жерінде құрылған Қазақ хандығына дейін Алтын орданы әр жылдары 63 хан басқарған. Өзбек хан мен Берке ханның кезінде, 1258-1266 жылдары Жошы ұлысы қыпшақ жерлері, Алтын ордаға қарайтын жерлерде тұратын тұрғындар мұсылман дінін қабылдап, хан жарлығымен мемлекеттік дін болып бекітіледі. Алтын орда мемлекетінен 1480 жылдары көптеген хандықтар жеке билік құрып, аяғында Алтын орда мемлекеті ыдырап тынды. Оның орнына Қырым хандығы, Астрахань хандығы, Ноғай ордасы, Сібір хандығы, Қазақ хандығы пайда болды. Алтын орда мемлекетінің шарықтаған шағы Бату ханның кезі мен Берке хан, Өзбек хан басқарған кездер болды. Ресейдің Мәскеу, Тверь, Новгород, Рязань, Владимир және Киев князьдері Алтын орда хандарына келіп, өз жерінде билік жүргізуге құқық беретін белгі-таңба алған және дер кезінде салықтарын төлеп тұрған. Алтын орда Еуропаның біраз бөлігін, Польшаны, Чехияны, Венгрияны, Силезияны, оңтүстігінде Ауған, Иран жерлерін, Кавказ жерін, Қытайды, Үндістанды және де орыс жерінің шығыс бөлігін, татар мен башқұрттарды, Мордова, чуваш, орта Азияны бағындырғанымен ешқайсысының тіліне, дініне тиіспеген. Тек дер кезінде салық төлеп, қажет кезде әскер беріп тұратын болған. Алтын орда мемлекетінің әлем тарихында алатын орны ерекше. Осы Алтын орда мемлекетінің тәжірибесін тиімді пайдаланып, орыс мемлекеті құрылса, Шыңғысханның немересі Құбылай Қытай жеріндегі көптеген князьдіктердің басын қосып, Юань империясын құрды және Астанасын Пекин қаласына көшіреді. 1223 жылы құрылған Дешті қыпшақ мемлекеті – Жошы ұлысы 1269 жылы Алтын орда, ал 1465 жылдан Қазақ хандығы болып аталды. Міне, 1269 жылы Талас өзенінің бойында құрылтайдың шешімімен Алтын орда мемлекетінің өмірге келгеніне биыл 750 жыл толып отыр. Құрылтай қазіргі Байзақ ауданының аумағында өткенін жоғарыда айттық. Алтын орда мемлекетінің тарихы терең. Көптеген шетелдік және отандық ғалымдар зерттеп, том-том кітап жазып келеді. Ең алғашқысы – 1232 жылы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі» атты еңбек. Оны 1866 жылы ғалым Сафаров орыс тіліне аударып басқан. Қытай ғалымы Тхун Цзянь Ган Му – «История четырех ханов дома Чингисова» деген еңбек жазса, оны Н.Бичурин тәржімалаған. В.Г.Тизенгаузенның «Сборник материалов относящихся к истории Золотой орды» секілді өзге де зерттеулер жеткілікті. Қазақ жерінде ұзақ жасаған Алтын орда, Қазақ хандығы туралы тарихты білу әр қазақ азаматының міндеті деп білемін. Өткенді білмей болашақты болжау мүмкін емес, оның үстіне қазақ елінің, жерінің тарихында біз ұялып, жасыратын ештеңе жоқ. Тек тарихты біліп, хандарымыз бен батырларымыздың ел үшін, жер үшін жан аямай күресіп, соңғы демдері қалғанша бүгінгі болашаққа – осы кең-байтақ жерімізді бізге аманат етіп қалдырғандары үшін өмір бойы қарыздармыз. Еліміздің өткенін, тарихын білгісі келген жандарға мүмкіншілік мол. Тек білсем деген ниет керек.

Мосқау НОХРАБЕКОВ, ардагер журналист.