Саясат

АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАУЫСЫҢ, АТА ЗАҢ!

АЗАТТЫҚТЫҢ АРҚАУЫСЫҢ, АТА ЗАҢ!

Конституция мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің бұлжымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі!

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев.

Кемел келешекке кепіл

Қазақстандықтардың жаппай таңдауына айналған Ата Заңның қабылданғанына биыл – 19 жыл. Өткен уақыттан берi негiзгi Заңымыз Тәуелсiздiктiң, елдегi тұрақтылықтың алтын қазығына, елдiгiмiздiң бағдарына, келешектiң кепiлiне айналғанын көрсетiп келедi. Ең бастысы, Конституция – ел Тәуелсiздiгiн айғақтайтын құжат. Сол үшiн де Конституция күнi – елдiгiмiз үшiн қастерлi күн.

Конституция Елбасымыздың төрт негiзгi ұстанымына сәйкес қызмет атқарып келедi: қоғамдық келiсiм мен саяси тұрақтылық, экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және барлық маңызды мәселелердi референдум арқылы шешу. Бұл мақсатта бiз толайым табыстарға жеттiк. Ата Заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейкесті мәселелерін толық қамтыған және мемлекет құрылысына толық баға бере алады деп ашық айта аламыз. Еліміздің оң өзгерістері мен дамуының бастауы да осы Конституцияда жатыр және Ата Заңымыздың негізінде халықтың еркіндігі, теңдігі, татулығы артып, бейбітшілік қоғам құрған еліміз татулықтың тал бесігіне айналып отыр. Конституцияны Қазақстан халқының саналы таңдауы және оны келешектің кепілі ретінде бағалауымыз керек. Осы қағидамыз келер ұрпаққа да мирас болары анық. Ата Заңымыз өзінің гуманистік ізгілігімен, демократиялық сипатымен және тәуелсіз мемлекетімізді нығайтуға деген пәрменді бағыттылығымен ерекшеленеді. 1995 жылы қабылданып, кейiннен бiрқатар толықтыруларды бастан кешкен Конституция елiмiз азаматтарының бейбiт өмiр кешуiне толық кепiлдiк бергені даусыз. Қазақстанның әлемде түбегейлi мойындалған, демократиялық мемлекеттiк модельдердi қабылдауы әлемдiк қауымдастықтың тарапынан әлдеқашан лайықты бағасын алған. Ол елiмiздiң экономикалық тұрғыдан да iлгерi жылжуына негiзгi ықпал етушi құрал болып отыр. Конституцияны білудің, оның талаптарын орындаудың қаншалықты маңызды екендігі туралы тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев ХVІІІ ғасырдың аса ірі мемлекет қайраткерлері Төле биді, Қазыбек биді және Әйтеке биді еске алуға арналып, 1993 жылғы мамырдың 28-інде Ордабасыда өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік туын қолда берік ұстау – әрбір қазақтың, Қазақстанды өз Отаным деп санайтын әр адамның ең басты борышы, ең биік мақсаты. Құқықтық мемлекетке, демократиялық қоғамға тән заңдылық қағидасын қатаң сақтай алсақ қана, ол борышты адал ақтап, ол мақсатқа қапысыз жете аламыз. Конституцияны білу, заңдылықты сақтау – құқықтық мемлекет құрудың бірінші шарты. Әз Тәукенің тұсындағы қазақ қауымының дәуірлеуі ең алдымен осы заңға жүгінуге байланысты болғанын ұмытпағанымыз жөн. Заңды жетік білмейінше, оны сыйламайынша, берік ұстанбайынша, біз өмірдің қай саласында да қиыншылықтан арыла алмаймыз», – деді. Осы орайда халқымыздың заңды құрметтеуі, адам құқығын ардақтауы сонау ерте заманнан-ақ қалыптасқанын атап өткен абзал. Ғасырлар бойы келе жатқан әдет-ғұрпына, салт-санасына, үлкенге құрмет, кішіге ілтипат, мәдениетті сөйлеу қарым-қатынасына айырықша баға берген. Ел басқару ісіне де жіті мән беріп, қазақтың билері, ақсақалды қариялардың айтқан қасиетті сөздері ел арасына кеңінен тарап, конституция баптарындай бағыт беріп отырған. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев: «Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келе бермейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолын», Есім ханның «Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күлтөбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек. Әм ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендіктен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтін болса, оның орнына татымды толық билік шығаратын кісі табу керек», деген. Атақты ханымыз Қасым Жәнібекұлы «Әдет» заңын жүйелеп, сонымен XII ғасырда қазақтың алғашқы «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталатын 5 бөлімнен тұратын заң жобасы шыққан. Қоғамның даму барысы қазақ заңдарын одан әрі жетілдіру қажеттігіне әкеліп тіреді. Осындай міндетті атқарған тарихымызда Есім хан елеулі із қалдырды. Қазақтың құқық жүйесіне үшінші елеулі өзгерістер енгізген Тәуке хан болды. Әз Тәуке хан сол кездегі биік тұлғалар – Төле, Қазыбек, Әйтеке және Әнет баба секілді билермен ақылдасып, «Жеті жарғы» атты белгілі заңдар топтамасын қазақтың шын мәніндегі бірінші Конституциясын жасап шығарды. Негізі бүгінгі Конституция – Алаш қозғалысының құжаттарының табиғи жалғасы болып табылады десек, артық айтқандық емес. Елімізде демократиялық құқықтық мемлекет құру үдерісіне Қазақстан Республикасының «Әділет органдары туралы» Заңына сәйкес жүктелген міндеттерін жүзеге асыру жолымен басқа мемлекеттік органдармен бір қатарда әділет органдары да маңызды үлесін қосуда. Осылай, «Әділет органдары туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының әдiлет органдары, өз құзыретi шегiнде мемлекеттiң қызметiн құқықтық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың жұмысында заңдылық режімiне қолдау жасайтын азаматтардың және ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ететiн атқарушы билiк органдары болып табылады. Сөз соңында тілерім, тәуелсіз мемлекетіміз үшін де, әрбір Қазақстан азаматы үшін де маңызы бар Конституция аясында Көк байрақты еліміздің даңқы арта берсін!

Шыңғыс АЙНАҚҰЛ, облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары.