«Zhas Project» ынталы жастарға үлкен қолдау болуда
«Zhas Project» ынталы жастарға үлкен қолдау болуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында атап өткендей, елімізде кәсіпкерлікті дамытудың үлгі боларлық мысалдары жеткілікті. Ендігі міндет – шағын кәсіпкерлікке бүкіл қоғам болып қолдау көрсету. Себебі экономиканы дамытудың бірден-бір жолы – осы. Орта бизнестің тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, елдегі ішкі тұрақтылықты арттыратыны анық. Олай дейтініміз, іспен айналысқан адам отбасын, ортасын қауіп-қатерден сақтауға, кәсібін дөңгелентуге ұмтылады.
Расында, кәсіпкерліктің түрлі салаларын дамыту, жастарды ынталандыру, жаңғырту мен жаңа технологияларды енгізу – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі екендігі даусыз. Сондықтан Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсету жүйесін жаңа жобаларға басымдық бере отырып, қайта құру қажет екенін ескертті. «Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы» аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, мемлекет экономиканы тұрақтандырудың негізгі бағыты – кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолдау білдіруде. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасынан бөлек, басқа да салалық бағдарламалар бойынша да мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті, яғни ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау әрі шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін 2030 жылға қарай, ең аз дегенде, екі есеге арттыруды міндет етіп қойды. Отандық кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру үшін қажетті барлық шараны қабылдау керектігін де алға тартты. Жалпы, кәсіпкерлік саласындағы бастамаларды ынталандырудың жаңа жүйесі жасалатыны анық. Сондықтан шағын және орта бизнесті дамытуда, инновациялық және әлеуметтік-экономикалық жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда жас кәсіпкерлердің мүмкіндігі мол десек, қателеспейміз. Қазіргі кезең – білімді, инновациялық технологияларды меңгерген жастардың ғасыры. Бүгінгі визиттік карта – тың идея. Білім мен ғылым саласында да, бизнесте де керегі – осы. Қай кезде де бәсекелестік ортада әлі талқыға салынбаған жаңа жоба алға шығатыны сөзсіз. Өз кәсібін ашып, біліктілігін басқа салада сынап көргісі келген жастарға арналған сондай бірегей бағдарламаның бірі – «Zhas Projeсt» жобасы. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Ал бұл дәл осы осал топтағы жастарға арналған бағдарлама. Қолында дипломы жоқ, жұмыссыз жүрген жастар, мүмкіндігі шектеулі және тұл жетімдерді қолдауға бағытталған бірден-бір жоба. Оған 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Ол үшін үш немесе бес адамнан тұратын топ жинауы керек. Және осы қатысушылар өз жобаларын дайындайды. Егер ұтқан жағдайда 1 000 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант негізінде қаржы беріледі. Сондай-ақ жобаны іске асырудың әр айы үшін 6 ай көлемінде шәкіртақы алады. Жоғары оқу орнын бітіргендерге – 60 мың теңге, орта оқу орнын немесе мектеп бітірген жастарға – 40 мың теңгені қамтиды. Осы уақыт аралығында олар аталған кәсібінен пайда көрмеуі тиіс. Қатысушылар яғни тапқан табысын мұқтаж жандарға береді. Әлеуметтік жоба болғандықтан, мақсаты да осы. Жобаны ұтпаған жағдайда да үміткерлер тәжірибе жинайды, әрі бос уақытын тиімді өткізеді. Егер ұтса, айтылғандай, 6 айдан соң берілген қаржыға алған құрал-жабдықтары өзінде қалады. Сөйтіп, болашақта да өз кәсібін үлкейтуге, дамытуға мүмкіндік алады. «Zhas Projeсt» бойынша өңірімізде 400 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы, жеңімпаз атанған жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 129-ы аудандар мен ауылдық елді мекендерден. Жоба аясында өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылғанын айта кеткен жөн. Оның 33-і – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Елімізде Жастар жылы аясында аталған жоба биыл Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана мен Алматы қалаларында жүзеге асуда. Бұл – Қазақстанның болашағы, жастарға арналған жоба. Ал көбінесе жастар – әлеуметтік аз қамтылған санаттың өкілдері. Олардың армандары бар, бірақ оны жүзеге асыру үшін қоғамнан қолдау күтеді. Бұл жоба оларға үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.
Серікбол БЕРІКҚОЖА, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.