Түркі әлемі және латын графикасы
Түркі әлемі және латын графикасы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшу алғашқы міндеттердің бірі ретінде айтылған. Содан бергі уақыттарда еліміздегі Тіл білімі институтының ғалымдары, әр өңірдегі филолог ғалымдар, профессорлар, зиялы қауым осы мәселені қызу талқылап, нақты жұмыстар жүзеге асып келеді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Тұңғыш Президент атындағы залда «Түркі әлемі және латын графикасы» тақырыбымен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда аталған мәселе талқыға түсті. Іс-шараны ТарМУ мен облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз сөйлеп ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. – Еліміз бойынша «Қаз.Әліпби.kz» атты латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін үйрететін онлайн сабақ облысымыздың тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен дайындалды. Бұл жүйе барлық аудандар мен Тараз қаласының мекеме, оқу орындары қызметкерлері мен студенттерге түсіндіріліп, нақты жұмыстар атқарылды. Республикалық іс-шаралар жоспары бойынша латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз белгілі. Оған дейін де кезең-кезеңімен атқаратын жұмыстарымыз бар. Бұл соған дейін атқарылатын жұмыстың бір парасы, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы. Іс-шараны аталған университеттің бірінші проректоры Асқар Бегалы жүргізіп отырды. Өзбекстан ғылым академиясының профессоры Фархад Максудов «Латын графикасы: Кеше. Бүгін. Болашақта», Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университеті Түркология орталығының басшысы, профессор Гайбулла Бабаяров «Латын графикасы: Түркілік тұтастық және тіл табиғатын сақтау» тақырыптарында баяндама жасап, әліпбиге қатысты өзекті ойларын айтып, ел назарын аударды. Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының әдебиет және тіл институтының директоры, академик Абджылжан Акматалиев «Жаңа әліпби – жаңа тарих» тақырыбында толғанып, орамды ойларын сабақтады. Ал А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек қазақ тілінің төл дыбыстары және латын графикасының өзекті мәселелері тақырыбын көтерді. Осы жаңа әліпби түрік әлеміне ортақ әліпбиге айналса деген ойын білдіріп, осы жолда Әбдуалы Хайдар секілді ғалымдарымыз тер төгіп, еңбек еткендігіне тоқталды. Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры Қасиет Молғаждаров жаңа әліпби және орфография мәселелеріне тоқталды. Ол жақында еліміздің ғалымдары бас қосып, жаңа әліпбиге қосымша тағы да өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар айтқанын жеткізді. Негізгі мақсат жаңа әліпбидің жалпы қауымға ыңғайлы, түсінікті, қолайлы болуы. Конференцияда өзге де ғалымдар ойларын ортаға салды. Еліміздің әр тұрғыны жаңа қазақ әліпбиін еркін меңгеруі жолында атқарылған іс бар. Алдағы жұмыстар да ауқымды. Конференциядағы негізгі ой – жаңа әліпби Түркі әлеміне ортақ болса деген сипатта өрбіді.
Есет Досалы