Саясат

Міндетін орындамағандар қызметінен кетеді

Міндетін орындамағандар қызметінен кетеді

«Өте өкінішті...». Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов сөзді осылай бастады. Расында солай... Кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қылмыс мәселесі қаралған жиында өткен аптаның соңында Тараз қаласындағы №6 мектепте орын алған сұмдық жағдай сөз болды. Сондай-ақ жыл басынан бері жасөспірімдерге қарсы жасалған қылмыстар дерегі талқыланып, олардың алдын алу шаралары қаралды. Өкінішке қарай облыста жасөспірімдерге, әсіресе, қыз балаларға қатысты түрлі қылмыс дерегі көбейіп отыр. Олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапты сала басшылары мен өкілдері түгел қатысқан жиында, әсіресе, мектеп оқушыларының қауіпсіздігіне қатысты барлық мәселе бүге-шігесіне дейін қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Үдергенов, облыстық кәмелеттік жасқа толмағандардың құқығын қорғау комиссиясының хатшысы Бақыт Жақсылықова, облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғалидың баяндамалары мен ой-пікірі тыңдалған соң облыс әкімі Асқар Мырзахметов әр салаға қатысты нақты тапсырмалар берді. Хаттамаға енгізілген тапсырмаларға сай, алдағы уақытта қандай да қылмыстық факті орын алған мектептің басшысы мен тиісті орынбасарлары, білім беру бөлімінің басшысымен бірге міндетті түрде жұмысынан босатылатын болды. Қатаң сөгіс деген секілді жаза түрін қолданып, ары қарай жұмысын жалғастыра беру бірінші кезекте адамгершілікке жатпайтынын ескерткен өңір басшысы салада темірдей тәртіп орнатып, сол тәртіптің талабына сай емес мамандар қызметтен кету керектігін қатаң тапсырды. Облыс әкімінің тапсырмасына сай жуық арада облыстың барлық мектептері толықтай қоршалатын болды. Ауылдар мен аудан орталықтарындағы мектептерді қалайда тезірек қоршауды аудан әкімдеріне тапсырды. Сондай-ақ, барлық мектептердегі әжетханаларды оңтайландыру, оларды қауіпсіз ету жүктелді. Келесі кезекте облыстық барлық мектептерді 100 пайыз бейнебақылаумен қамтамасыз ету үшін бюджеттік жоспарлау басқармасына олардың шығынын есепке алып, бұл мәселені де толықтай шешуді тапсырды. Сондай-ақ полиция департаменті мектептерге бөлінген инспекторлардан өзге полиция қызметкерін де мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндеттеп, таңғы, түскі және кешкі мезгілде полиция қызметкерлерінің міндетті түрде мектеп аумағын бақылауды үйлестіру керектігін айтты. Ал мектеп қызметкерлері, әсіресе директор, оның орынбасарлары, психолог пен мектеп инспекторының функционалдық міндеттері қайта қаралып, ол мықтап бақылауға алынбақ. Сондай-ақ оқушылардың қаншасы мектепке өз бетінше келіп-кететінін, қаншасын ата-анасы тасымалдайтынын зерделеуді жүктеді. Оқу орындарында орын алатын түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды «бармақ басты, көз қыстылықпен» жасырып-жауып қоймай, туындаған мәселені дер кезінде шешіп, оны әкімдік деңгейіне уақтылы көтеріп отыру үшін мектеп директоры орынбасарларының бірін тікелей әкімдікке бағынышты ету мәселесі қаралды. Алда бұл жұмыстар сараланып, тиісті шешім шығарылмақ. Сондай-ақ ата-аналар комитетінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғалидың ұсынысы негізінде Үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін мемлекеттік лоттар қайта қаралып, оларды әлеуметтік талдау жасайтын ұйымдарға бөлу керектігі айтылды. Жасөспірімдер қауіпсіздігін күшейту мақсатында жүргізілетін жұмыстарға адамгершілік тұрғыда қарап, оған асқан жауапкершілікпен қарау керектігін айтқан облыс әкімі берілген тапсырманың барлығы өзінің жіті қадағалауында болатынын айтты.

Маржан Рақай